АСТАНА, 29 желтоқсан - Sputnik. Ақтауда халықаралық сарапшылардың қатысуымен ұшақ апатына қатысты жиын өтті, деп хабарлады Қазақстанның көлік министрлігінің баспасөз қызметі.
Көлік министрлігіне қарасты комиссияны Марат Қарабаев басқарады. Комиссия төрағасының орынбасары, тергеу жөніндегі уәкіл — көліктегі оқиғалар мен инциденттерді тергеу департаментінің директоры Нұржан Малаев. Министрлікке қарасты бұл комиссия премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басқаратын үкіметтік комиссияның құрамына кіреді.
"Қазақстанның көлік министрлігі комиссиясының басты мақсаты — авиациялық оқиғаның себебін анықтап, болашақта осындай жағдайды алдын алып, болдырмау үшін ұсынымдар әзірлеу. Бүгін Марат Қарабаевтың төрағалығымен штабта барлық 17 халықаралық сарапшының қатысуымен жиналыс өтті. Комиссия жұмыс жоспарын нақтылады. Комиссия оқиға орнына толық құраммен бірге барып, апатқа ұшыраған әуе кемесінің элементтері жиналатын арнайы ангарды қарайды. Әуе кемесінің элементтерін жинайтын күн бірлесе бекітіледі", - деп жазылған хабарламада.
Еске салайық, Ақтау маңында ұшақ құлап, апаттан 38 адам қаза тапты. Құлаған ұшақ бортында 72 адам болған.