АЛМАТЫ, 9 қараша - Sputnik. Алматы облысы Талғар ауданы Азат ауылында Шерзат Полаттың әкесінің інісі Нұрғанат Ғайыпбаев суицид жасады. Марқұмның денесін туыстары бейіттен тапқан. Оқиғаның мән-жайын Sputnik Қазақстан тілшісі біліп қайтты.
Шерзат Полаттың ағасы Нұрғанат Ғайыпбаев өлер алдында әлеуметтік желіге соңғы сөзін жазып кеткен. Ол ағасына өзін кешіруді, Шерзат үшін кек алуды, денесін Шерзаттың қасына жерлеуді өтініпті. Нұрғанат Ғайыпбаевтың артынан іле-шала туыстары іздеген. Бейіт басын екі рет аралап қайтқан. Екінші мәрте барғанда марқұмның көлігін көрген, сол жерден денесін тапқан. Оқиға түнгі 12-лер шамасында болған.
Шерзат Полаттың туыстары журналистерге қандай да бір уәж айтудан түбегейлі бас тартты.
Отбасының адвокаттары Саида Тәуекелова мен Марал Жайлаубаеваның айтуынша, сәрсенбі күні жала жабу және БАҚ беттеріндегі жарияланған ақпарат бойынша сот өтуі керек болған. Марқұм күні кешеге дейін байланысқа шығып тұрған.
"Барлық материалдық қиындыққа қарамастан жәбірленушілер ет сатып, өз тірліктерін жасағаны қуантып еді. Бүгінгі оқиға төбемізден жай түсірді. Шерзаттың өліміне қатысты тергеу аяқталуға жақын қалған. Біз сот отырысына дайындалып жатыр едік. Марқұм Нұрғанат сотта жәбірленуші ретінде жауап беруге дайын жүрді", - дейді адвокат Саида Тәуекелова.
Оның айтуынша марқұмның ағасына жазып кеткен хабарламасы туралы қандай да бір ақпарат айтуға әлі ерте.
"Ол тергеу материалдарына тіркелді. Полицияның қолына қалай түскенін тексереміз", - деді Саида Тәуекелова.
Ал екінші адвокат Марал Жайлаубаеваның айтуынша Нұрғанатқа қысым көрсетілген жоқ.
"Нұрғанатқа қысым болған жоқ. Ал отбасына жасалған бастапқы қысым бойынша қауіпсіздік шаралары қабылданды. Моральдық- психологиялық жағайы қиын болды, Шерзат оған баласындай болды. Ал марқұмның кешірім сұрағаны туралы іс әлі де тексеріледі", - деді Марал Жайлаубаева.
Еске сала кетейік, Талғар ауданында 16 жастағы Шерзат Полат кісі қолынан қайтыс болды. Кейіннен жасөспірімнің үйі өртеніп кетті.
Шерзат Полаттың өліміне қатысты қылмыстық іс 5 бап бойынша қозғалған.
Қайғылы оқиғаға қатысы бар деген күдікпен Хасен Қасымбаев қамауға алынды. Айта кетері бұған дейін 11 адам күдікті ретінде қамалған болатын.
Жасөспірімнің өлімінен кейін Талғар ауданындағы әкімдік пен полиция бөлімінің басшылары лауазымдарынан босатылды.