Кенен Әзірбаевтың 140 жылдығы
Халық ақыны, күміс көмей әнші әрі композитор Кенен Әзірбаев он жасында қолына домбыра алып, той-жиындарда ән сала бастаған. 13 жасында өзінің атақты "Бозторғай" әнін шығарды. Ақынның даңқын арттыра түскен 16-17 жасында дүниеге келген "Көкшолақ" әні. Кенен Әзірбаев – 1916 жылғы бүкіл қазақ жерін шарпыған халық көтерілісінің бел ортасында болған ақын. Ол Қордай жерінде Әли Нұрғожаев бастаған халық көтерілісіне қатысып, көптеген оқиғаны көзбен көрген, Әлидің қасында жүріп әнімен де, жырымен де көпшілікті күреске үгіттеген рухты ақын болды. Осы жылдары шығарған "Аттаныңдар!", "Қайран елім, қайда?", "Бұлбұлға" деген әндері қазақ өнерінің алтын қорына айналды. Кейін осы оқиғаға байланысты өзінің атақты "Әли батыр" атты дастанын дүниеге әкелді.
Кеңес үкіметі орнаған кезде халық арасында үгіт-насихат жүргізу шараларына белсене атсалысты.
1937 жылы Кенен Әзірбаев КСРО Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданды. Ал 1939 жылы әнші-композитор Әзірбаев КСРО Композиторлар одағының мүшесі атанды. Сол кезде халық ақындары ішінде екі бірдей одаққа мүше болған адам тек Кенен Әзірбаев болатын.
Әзірбаев өз шығармаларында 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы туралы мол жырлады. Осыған орай 1945 жылдың 1 қаңтарында халық ақыны Әзірбаевқа "Құрмет белгісі" ордені берілді. 1947 жылы Мәскеу қаласының 800 жылдық мерейтойына арнайы шақырылып, осы датаға байланысты өзінің "Батыр Москва" деген әнін шығарды.
Александр Затаевичтің 155 жылдығы
Александр Затаевич халықтық кәсіби әнші-күйшілерінің шығармашылық қызметін, олардың орындаушылық шеберліктерінің сырын ашып, өте құнды мағлұматтар жинады. Ақан сері, Біржан сал, Абай, Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырай, Құрманғазы, Мұхит, Дәулеткерей, Тәттімбет, т.б. шығармаларын алғаш рет Затаевич жарыққа шығарды. Этнографтың "Қазақ халқының 1000 әні", "Қазақтың 500 ән-күйі" (1931), "Песни разных народов" (1971), жарияланбаған "Қазақ музыкасының 3-томы" деп аталатын жинақтары жарық көрген. Затаевичтің еңбектері арқылы қазақ музыкасы дүние жүзіне тарады, бүкіл Еуропа еліне жетті, алдыңғы қатарлы өнер иелерінен жоғары баға алды. Мұнда қазақ музыкасының көптеген теориялық және тарихи мәселелерінің беті ашылды. Осы жинақтардағы ән-күйлерді қазақ композиторларымен бірге С.С. Прокофьев, Н.Я. Мясковский, М.М. Ипполитов-Иванов сынды орыс композиторлары да өз шығармаларында пайдаланды.
Композитор ретінде Затаевич қазақ музыкасының кейбір үлгілеріне фортепиано, аспапты ансамбльдермен қосылып айту үшін көптеген өңдеу жұмыстарын жүргізді. Затаевичтің "Қазақ музыкасы" атты фортепианолық шығармасы – кәсіби дәрежеде жазылған туынды. Ол 1925-1927 жылдары фортепианолық пьесалар циклін жазды. Соның нәтижесінде "Халық тақырыбына жазылған миниатюралары" (1925), "Қазақтың халық әндері тақырыбы бойынша фортепианоға арналған пьесалары" (1927) жарық көрді. Затаевич қазақтың фольклорының жиналу дәстүрін қалыптастырып, одан әрі жалғастыруда А.Жұбанов, Е.Брусиловский, Б.Ерзакович, М.Төлебаев, Л.Хамиди және басқалардың еңбектері орасан зор.
Сөйтіп 1920 жылдың көктемінен бастап 1923 жылдың аяғына дейін нағыз аш-жалаңаш жол қиындықтарына да қарамай, Затаевич қазақтың 1000 әнін жинап нотаға түсіреді. Оның 1925 жылы Мәскеуде "Қазақ халқының 100 әні" және 1933 жылы "Қазақтың 500 әнімен күйі" атты этнографиялық жинақтары шықты.
Бейімбет Майлинның 130 жылдығы
XX ғасырдағы қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілдерінің бірегейі — Бейімбет Майлин. Ол поэзия, проза, драматургия жанрларында өнімді еңбек етіп, өз дәуірінің шындығын, қазақ елінің, әсіресе ауыл адамының санасындағы өзгерулер мен жаңаруларды, халықтың бастан кешірген қиындықтарын, әлеуметтік өмірдің шынайылығын көрсетті.
Бейімбет Майлин 1923-1937 жылдары елуге жуық кітап, жинақ жариялаған. Оның "Бейімбеттің өлеңдері", "Шұғаның белгісі", "Раушан — коммунист", "Он жылда", "Колхоз", "Асулардан асқанда" тағы басқа шығармалары сол кездегі қазақ кедейлерінің болмыс-бітімін, уақыт, қоғам аясындағы тіршілік-тынысын суреттеді. Майлиннің кітаптарында көптеген өлең, поэма, әңгімелер мен очерктер, повестер мен романдар, пьесалары бар. Бейімбеттің ақындық шығармашылығы 1912 жылдан басталады. Онда қазақ халқының өміріндегі маңызды оқиғалар, қоғамның зәру мәселелері көтеріледі. "Мұқтаждық", "Мал", "Байлыққа", "Қарынға" деген өлеңдерінде кедейлердің мұң-зарын ашық көрсетіп, әділетсіздікті сынады.
Тұрар Рысқұловтың 130 жылдығы
Тұрар Рысқұлов 1918 жылы шілдеде Әулиеата уездік кеңесінің атқару комитеті төрағасы болып сайланды. Уездік кеңестің сан түрлі қызметін ұйымдастыра отырып, Рысқұлов негізгі күш-жігерді ашаршылықпен күрес ісіне бағыттады. Сырттан келер көмектің жоқтығы оны тек ішкі резервтерді тиімді пайдалана білуге мәжбүр етті. Рысқұлов Әулиеата қаласының 52 орыс капиталисіне ашаршылыққа ұшыраған халықтың пайдасына 3 млн сом салық төлеттірді.
1918 жылы 28 қарашада ерекше Орталық комиссия ұйымдастырылып, оның төрағасы болып Рысқұлов тағайындалды. Рысқұлов басшылық еткен ерекше комиссия Түркістан автономиялық республикасының 19 уезі мен қалаларында 923 мың адамға арналған тамақтандыру орындарын ашты. Рысқұлов 1920 жылы Түркістан Орталық атқару комитетінің төрағасы болып жүріп, орыс шаруаларының қарусыздандырылуына, орыс шаруалары мен казактардың көшпелі халықтардан тартып алған жерлерін иелеріне кері қайтаруына қол жеткізді.
Рысқұлов 1924 жылы жазда Коминтерн атқару комитетінің Монғолиядағы өкілетті өкілі болып тағайындалды. Ол Моңғол Халық Республикасының аяғынан нық тұрған мемлекет ретінде қалыптасуына зор еңбек сіңірді. Моңғолия Конституциясының жобасын әзірлеуге атсалысты. Моңғолия астанасының атын Уланбатор (Қызылбатыр) деп қоюды ұсынған Рысқұлов болатын.
Жүсіпбек Аймауытовтың 135 жылдығы
Жүсіпбек Аймауытов (1889—1931) — қазақтың көрнекті жазушысы, драматург, публицист, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі. Аймауытов өзінің қысқа ғұмырында артына аса бай, ғылыми мұра қалдырып үлгерді. Ол В. Шекспир, В. Гюго, Г. Мопассан, А. С. Пушкин, Н. В. Гоголь, Л. Н. Толстой шығармаларын, "Интернационалды", бірқатар ғылыми еңбектерді аударды, педагогика, психология, методика, эстетика, тәрбие туралы зерттеулерді дүниеге әкелді.
"Қартқожа", "Күнекейдің жазығы", "Шернияз", "Ел қорғаны", "Мансапқорлар" пьесалары, "Комплексті оқыту жолдары", "Жан жүйесі", "Өнер таңдау", "Мағжанның ақындығы туралы" еңбектері – қазақ әдебиеті тарихындағы өлмейтін орны бар шығармалар. 1918-1919 жылдары Семей қаласындағы Мұхтар Әуезовпен бірлесіп, "Абай" журналын шығарды. Осы журналда "Екеу" деген бүркеншік атпен Әуезовпен бірлесіп, "Абайдың өмірі және қызметі", "Абайдан кейінгі ақындар" деген мақалалар жазды. Аймауытов – қазақ әдебиетінде Абайдың шығармашылық мұраттарын ілгері жалғастырған ең ірі тұлғалардың бірі
Ілияс Жансүгіровтің 130 жылдығы
Ілияс Жансүгіров қазақ ақыны, драматург, прозаик, фельетоншы, сатирик, журналист, аудармашы және қоғам қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының тұңғыш төрағасы. Оның қаламынан туған "Күй", "Дала", "Күйші", "Құлагер" сияқты он беске жуық көлемді поэмасы қазақ поэзиясының қаймағы. Жансүгіровтың прозалық шығармаларының ішіндегі көлемдісі - "Жолдастар" романы. Мұнда қазақ сахарасындағы еңбек адамдарының тұрмыс тіршілігін, азаттықты көксеген 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісін ашып көрсетеді. Қаламгер әдебиет сыны мен аударма саласында да көп еңбектенді. Пушкиннің көптеген өлеңдері мен "Евгений Онегин" романын қазақ тіліне алғаш рет толық аударды. Сондай-ақ М.Лермонтовтың, А.Горькийдің, Н.Некрасовтың, В.Маяковскийдің көптеген шығармаларын қазақ тіліне тәржімалады.
Сәкен Сейфуллиннің 130 жылдығы
Сәкен Сейфуллин – қазіргі қазақ әдебиетінің негізін құраушы, ақын және жазушы, қоғам, мемлекет қайраткері. Қазақстан жазушылар одағының негізін қалаушы. Алғашқылардың бірі болып Қырғыз АКСР Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы (1920–1925) қызметін атқарды. Ол Омбыдағы қазақ жастарының "Бірлік" қауымы басшыларының бірі болған. 1917 жылы Бұғылыда мектеп ашып, орыс тілінен сабақ берген.
Оның "Өткен күндер" деп аталған тұңғыш өлеңдер жинағы 1914 жылы Қазан қаласында шықты. 1918 жылғы сәуірде "Жас қазақ марсельезасын" жазып, 1 мамырда "Бақыт жолында" атты пьесасын алғаш рет көрсеткен. Сәкен Сейфуллин Орталық Атқару Комитеті Президиумының мүшесі болып сайланған. Жер-су комиссиясының жұмысына және баспасөз ісіне басшылық жасаған. "Еңбекші қазақ" газетінің редакторы, хaлық ағарту комиссарының орынбасары, Қазақ КАСР Халық Комиссарлары Кеңесінің Төрағасы, Халық ағарту комиссариаты жанындағы ғылым Орталығының төрағасы, Қазақстан пролетар жазушылары ассоциациясының басшысы, БК(б)П Қазақстан Өлкелік Комитетінің партия тарихы бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды.
Сейфулиннің адал еңбек жолы тек бұл салада ғана емес. Қызылордадағы халық ағарту институтының, Ташкенттегі қазақ педагогикалық институтының директоры, "Жыл құсы" альманағы, "Жаңа әдебиет" журналы басшысы, Қазақ мемлекеттік институтының доценті, "Әдебиет майданы" журналының редакторы, Қазақ коммунистік журналистика институтының профессоры қызметтерін де атқарған. Осы кезде жаңа өмір жолында күреске шақырған "Асау тұлпар" өлеңдер жинағы, "Бақыт жолына", "Қызыл сұңқарлар" атты пьесалары, "Домбыра", "Экспресс", "Тұрмыс толқынында" атты поэтикалық жинақтары жарық көрген. Жаңашыл ақын поэзия мен драматургияға көп жаңалықтар енгізді. Өлеңнің түрі мен мазмұнында түбегейлі өзгеріс жасап, қазақ халқының поэтикалық дәстүрін дамытты.
Сейфуллин проза, драматургия, әдеби сын, әдебиеттану салаларында бірқатар еңбек жазды. Оның публицистика саласының дамуына қосқан еңбегі зор.
Шәкен Аймановтың 110 жылдығы
Шәкен Айманов 1947-1951 жылдары қазіргі Қазақ академиялық драма театрының бас режиссері болды. "Абай әндері" (1945), "Жамбыл" (1947) көркем фильмдерінде күрделі экрандық бейнелерді сомдады. 1953-1970 жылдары "Қазақфильм" студиясының көркемдік жағын басқарып, қазақ кино өнерінің өркендеуіне үлкен үлес қосты. Оның қойған көркем фильмдері: "Махаббат туралы аңыз", "Алдар көсе", "Атамекен", "Найзатас баурайында". Көрермен қауымның ой-талғамынан шыққан "Біздің сүйікті дәрігер" мен "Тақиялы періште" фильмдері ұлттық кино өнерінде комедиялық жанрды дамытудағы соны ізденістерімен ерекшеленді. Оның соңғы қойған "Атаманның ақыры" фильмі режиссер Айманов шығармашылығының биік шыңына айналды.
Айманов Қазақстан Кинематографистер одағын ұйымдастыруға қатысып, одақ басқармасының 1-хатшысы (1958 – 70) қызметін атқарды. КСРО Мемлекеттік сыйлығының (1952) және Қазақ КСР-і Мемлекеттік сыйлығының (1968) лауреаты.
Ол Әуезов атындағы мемлекеттік драма театрының сахнасында қазақ драматургиясының Ақан сері, Қобыланды, Қодар, Керім ("Абай"), Алдар Көсе, Исатай (Жансүгіров, "Исатай — Махамбет") бейнелерін, әлем драматургиясынан Кассио және Отелло (Шекспир, "Асауға тұсау"), Уәлиханұлы және Тихон (Островский, "Таланттар мен табынушылар", "Найзағай"), Сатин (Горький, "Шыңырауда"), Шадрин (Погодин, "Мылтықты адам"), Кидд (Лавренёв, "Америка дауысы"), Бетт (Дж. Гоу мен А. Дюссо, "Терең тамырлар"), Хлестаков (Гоголь, "Ревизор"), Кривенко (Чирсков, "Жеңімпаздар"), Гельпак (Ф. Вольф, "Профессор Мамлок") бейнелерін сомдады. Аймановқа "Абай" спектаклі үшін 1952 жылы КСРО мемлекеттік сыйлығы берілді.
Әлкей Марғұланның 120 жылдығы
Әлкей Марғұланның жан-жақты жүргізген археологиялық және этнографиялық зерттеулерінің нәтижесі 1950 жылы басылып шыққан Қазақстандағы көне қалалар тарихы жайындағы көлемді монографиялық еңбегі болды. Бұл кітапта бірінші рет көне Қазақстандағы барлық қала өркениетіне, негізгі орталықтарына түгелдей жан-жақты ғылыми сипаттама, терең талдау жасалған. Сондықтан да Әлкей Марғұланды Қазақстандағы археология ғылымының негізін салушылардың бірі деп атайды.
30 жылдан астам уақыт ішінде Әлкей Марғұланның басшылығымен Орталық Қазақстанда жүйелі түрде археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, қола дәуірінің және алғашқы көшпенді тайпалардың мәдениеті жан-жақты зерттелді. Орталық Қазақстанда жүргізген археологиялық зерттеулердің алғашқы қорытындысы есебінде оның басқаруымен және оның тікелей қатысуымен жазылған іргелі монографиялық еңбек Орталық Қазақстанның көне мәдениетін талдауға арналған. Көп жылдар бойы Әлкей Марғұлан 300-ден астам ғылыми зерттеу жұмыстарын жариялады. Оның жетекшілігімен 50-ден аса докторлық және кандидаттық диссертациялар қорғалды.
Этнограф-ғалымға 1961 жылы Қазақ КСРО еңбек сіңірген ғылым қайраткері атағы берілді.
Әлкей Марғұлан 1967 жылы "Орталық Қазақстанның көне мәдениеті" атты монографиясы үшін Шоқан Уәлиханов атындағы Қазақ КСРО ҒА-ның сыйлығына ие болды. Осы жылы Ленин орденімен, 1974 жылы Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталып, 1982 жылы Қазақ КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.
Әбілхан Қастеевтің 120 жылдығы
Әбілхан Қастеев — қазақтың әйгілі кескіндемешісі, график-суретші, қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі. Ол қолөнерге, онан соң суретшілік өнерге жастайынан бейім болған. Анасы Айғанша кілем, алаша, бау-басқұр тоқуға, сырмақ сыруға, шым ши жасауға шебер адам болған. Әбілхан осы халық өнеріне бала кезінен көз қанықтырып, анасына ою-өрнектер салуға көмектесіп, сурет өнеріне қолын үйретіп өседі. Оның 1930-1931 жылдары салған "Қарындастың портреті", "Автопортрет" атты туындылары түпнұсқаға ұқсастығымен және кейіпкер болмысын ашуға деген талпынысымен ерекшеленеді. Ол бірте-бірте ел өмірінің алуан салалы тыныс-тіршілігіне ден қойып, тарихи-әлеуметтік өзгерістерге суреткер ретінде қарай бастайды. Оның "Мектепте"(1930), "Түрксіб" (1932), "Жамбылдың портреті" (1937), "Ескі және жаңа тұрмыс" (1937-1941), "Амангелді сарбаздары" (1970), "Жас Абай" (1945) сияқты туындылары – дарынды суретшінің өткен мен бүгінді шыншылдықпен суреттеген көркем шежіресі.
Оның "Биік таулы мұз айдын" (1954), "Гүл ашқан алма" (1958), "Менің Отаным" (1959), "Жайлаудағы автодүкен" (1963), "Қашпағай ГЭС-і" (1972) сияқты полотнолары эпикалық қарымымен, шыншылдығымен елдің назарын аударады.
Әбдіжәміл Нұрпейісовтың 100 жылдығы
Әбдіжәміл Нұрпейісов – XX ғасырда қазақ әдебиетіне зор үлес қосқан суреткерлердің бірі, қоғам қайраткері. XX ғасырдағы қазақ әдебиетінде ойып тұрып орын алатын шығармалардың бірі Әбдіжәміл Нұрпейісовке тиесілі. Оның "Қан мен тер" трилогиясы, басқа да шығармалары отыз шақты тілге аударылып, ұлттық әдебиетімізді дүние жүзіне танытып, әлем әдебиетшілерінің үздік бағасына ие болды. Атап айтсақ, француз Луи Арагон, ресейлік Юрий Казаков, Сергей Баруздин, Анатолий Ким, Николай Афанасьев, Лев Аннинский, Леонид Теракопян, Валентин Оскоцкий, испандық Август Видаль, қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматов, башқұрт ақыны, жазушысы Мұстай Кәрім, неміс әдебиетшілері Лео Кошут, Ральф Шрейдер ол туралы тебірене жазды.
"Қан мен тер" трилогиясы, "Соңғы парыз" дилогиясы – Әбдіжәміл Нұрпейісовтің ғана емес, күллі қазақ әдебиетінің жетістігі. Жазушының ерен еңбегі елдің, мемлекеттің жоғары бағасына ие болды. Жазушы ретінде "Еңбек Қызыл Ту", "Құрмет белгісі", Қазақстан мемлекетінің "Отан" орденімен марапатталған.
Ол – КСРО мемлекеттік сыйлығының иегері. Бұл мәртебелі сыйлықты жазушылардан Қазақстанда үш қаламгер Мұхтар Әуезов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Жұбан Молдағалиев қана алған.
Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығы
Кітабын қолға алып оқыған адамды өзге әлемге жетектеп әкететін жазушы Бердібек Соқпақбаев біраз жыл ауыл мектебінде бала оқытқан. "Қазақ әдебиеті" газетінде, "Балдырған" журналында, Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясында істеген. Қазақстан Жазушылар одағында балалар әдебиеті жөніндегі әдеби кеңесші болған.
Шығармашылық жолын өлеңмен бастап, 1950 жылы "Бұлақ" атты жыр жинағын шығарған. Кейін балалар мен жасөспірімдерге арналған 20-дан астам әңгіме, повесть, роман кітаптарын ұсынды. "Менің атым – Қожа", "Балалық шаққа саяхат", "Бозтөбеде бір қыз бар", "Өлгендер қайтып келмейді" және "Қайдасың, Гауһар" секілді туындылары бірнеше тілге аударылып, сахнада әрі экранда көрсетіліп, талай көрерменді тәнті етті. Жазушының шығармасына түсірілген "Менің атым – Қожа" фильмі 1967 жылы Балалар мен жасөспірімдерге арналған фильмдердің Канн қаласында (Франция) өткен халықаралық фестивалінде арнайы жүлдеге ие болды.
Күні бүгінге дейін оқырманның іздеп оқитын кітабының авторы Бердібек Соқпақбаев Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрына - 90 жыл
Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрына 1933 жылы 29 қыркүйекте Алматы қаласында қазақ АКСР халық ағарту комиссариаты алқасының шешімімен елу актер, симфониялық оркестрдің жиырма музыканты және ұлттық оркестрдің он екі адамынан құралған музыкалық студияның ашылуы мұрындық болды. Киелі шаңырақтың сахнасында алғаш рет Мұхтар Әуезовтің "Айман-Шолпан" атты музыкалық комедиясы көрермен назарына ұсынылды.
"Қазақ әдебиеті" газетіне - 90 жыл
"Қазақ әдебиеті" газетінің бірінші саны 1934 жылдың 10 қаңтарында жарық көрген. Маңдайшасына "Қазақ әдебиеті" ұлт мәдениетін көтеруде үлкен орын алсын!" деп жазылған басылым алғашқы жылдары Қазақстан жазушылар одағының органы ретінде жарық көріп тұрды. Газеттің тұңғыш редакторы – Ғабит Мүсірепов, жауапты хатшысы – Мұхамеджан Қаратаев. Редколлегияға Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Ілияс Қабылов, Әйтеке Мусин, Ғабит Мүсірепов және Мұхамеджан Қаратаев мүше болды. Алайда 1940 жылы газет шықпай қалды, тек араға 15 жыл салып, 1955 жылы қайтадан оқырманға жол тартты.
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне – 80 жыл
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика институты Алматыда 1944 жылы құрылды. Ол кезде физика – математика, тарих, тіл-әдебиет факультеті ғана болды. Әрқайсысына 30 студенттен қабылданды. Алғаш ашылғанда 9 кафедра, 3 факультет, 20 ұстаз қызмет етті. Ұстаздардың 5-уі ғылым кандидаты, 9-ы аға оқытушы, ал 7-уі оқытушы болды. Оқу орнының алғашқы ректоры Тұрсын Мыразбекова болған.
Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетіне – 90 жыл
Қазақ ұлттық техникалық университеті 1934 жылы құрылды. Ол кезде Ленин атындағы Қазақ политехникалық институты деп аталды. 1994 жылы Ленин атындағы Қазақ политехникалық институты Қазақ ұлттық техникалық университеті болып қайта құрылды. Белгілі ғалым Қаныш Сәтбаевтың 100 жылдығына орай үкімет қаулысымен Қазақ техникалық университетіне ғалымның есімі берілді.
"Қыз-Жібек" операсына – 90 жыл
1934 жылы қазақтың тұңғыш операсы "Қыз Жібек" драмалық опера түрінде сахналанды. Опералық шығармасының алғашқы қойылымы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында "көрсетілді. Басты партияларды Күләш Байсейітова (Жібек), Қанабек Байсейітов (Төлеген), Манарбек Ержанов (Шеге) орындады.
Екі жастың мөлдір махаббаты лиро-романтикалық сазбен өрбіп, армандарына жете алмаған аянышты тағдыры трагедиямен аяқталады. Операда ұлттық вокалдық және аспаптық шығармалар, халық композиторларының (Үкілі Ыбырай, Мұхит, Жаяу Мұса, Тәттімбет) ән-күйлері молынан пайдаланылды.
Опера күні бүгінге дейін сахна төрінде қойылып келеді.
Қазақстан жазушылары одағының 90 жылдығы
Қазақстан жазушылар одағы 1934 жылы құрылды. Ол кезде жазушыға да, ақынға да қойылатын талап қатал еді. Сондай сыннан өткен жазушы мен ақынның шығармалары ғана халыққа жол тартатын. Яғни жазушылар одағына мүше болу да биік белесті бағындырғанмен тең болды. Өзінің 90 жылдық тарихында жазушылар одағы шетелдік әріптестерімен де қарым-қатынасты нығайтты. Бастысы – қазақстандық әдебиет, проза мен поэзия әлемін едәуір қалыптастырды, дамытты.