Қазақтың суреткер ақыны, драмашы, прозашы, қоғам қайраткері Ілияс Жансүгіровтің өмірбаянын Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз.
Балалық шағы мен еңбек жолы
Ілияс Жансүгіров 1894 жылы 14 мамырда Алматы облысы Ақсу ауданында дүниеге келген. Анасынан ерте айырылған ол әке тәрбиесін көріп өсті. Әкесі Жансүгір аз ғана дәулеті бар, ескіше хат танитын, батырлық дастандар, тарихи оқиғалар мен аңыз-ертегілерді жақсы білетін, он саусағынан өнер тамған адам болған.
Ақынның өзі туған жылын былай деп еске алады:
"Менің жылымды "жылқы" дейді, онысы 1894 жыл болатын. Жазға салым туыппын. Ел ішінде туған ай, күнді, сағатыңды қайдан табарсың. Анамды аз білемін, төрт жасымда жетім қалдым. Әліпбиден әкем өзі оқытты. Менен басқа бала оқытқан кісі емес. Тек қыстың ұзын түндерінде білтелі шамның жарығында бір шыбықты ала отырып, мені тізеге алушы еді".
1912 жылы күзде Қарағаштағы "Мамания" мектебіне қабылданып, төрт жарым ай оқиды. Бірақ түрлі себепке байланысты оқуын тастауға мәжбүр болады.
Ілияс өзі жайлы жазып қалдырған құнды деректе бала кезінде "сөзге үйірлеу, құйма құлақтау" болғанын айтады.
"Қонақ айтқан әңгіме, балалар айтқан жұмбақ, кемпірлердің ескі күндерін ескеріп айтқандары, қыз-жігіт айтысқан қара өлеңдер, ұрыс-соғыс хабарлары – менің ең ұнатып тыңдаған нәрселерім. Хат білген соң, өлең, кітап оқығыш болдым. Қыз Жібек, хиссаларды қызығып оқушы едім. Мен оқығанда, тыңдамайтын жан болмайтын. Кейін аймағымыздың ауыл бозбаласының өлеңшісі болдым. Жарып той бастап, таңдап әріптес алып айтысып, құтырған күндер өтті. Тойды таңға тарқатпай, ауыл әлеуметін ауызға қаратқан түндер кетті. Домбыра шертіп, жыр оқып, үлкен қариялардан бата алдым", - деп жазған еді Жансүгіров.
Тағы оқыңыз: "Бұл не деген масқара!": Бейімбет Майлин туралы қызықты деректер
Білімге құштар жас Ілияс 1920 жылы Ташкент қаласындағы оқытушылар даярлайтын қазақ-қырғыз институтының екі жылдық курсына түседі. Осы уақыт аралығынжа "Ақ жол" газетінде корректор болып жұмыс істеп, Ғани Мұратбаевтың ұйымдастыруымен "Жас Алаш" газетін шығаруға атсалысады.
1921 жылдың жазында қолына "институт мұғалімі" деген бір жапырақ қағазды алып, ауылына қайтады. Жетісуға оралғаннан кейін, Алматыда шыққан "Кедей еркі" газетіне бір-екі өлеңі басылған.
Осы жылдың күзінде Талдықорған уезіндегі Белтоған ауылдық мектебіне мұғалім болып орналасады. 1923 жылы "Тілші" газетінде қызмет атқарды. Сол заманда жарық көрген "Жетісу әйелі", "Жас қазақ", "Сана", "Шаншар" газет-журналдарына материалдар жіберіп тұрған. Алайда олардың бірі басылса, енді бірі басылған жоқ.
1925 жылы Ілияс Жансүгіров Мәскеудегі журналистика институтына оқуға түседі.
"Саяси дамуы – орташа. Тәртіпті және ұстамды. Белсенділігі орташа. Парттапсырмаларды қанағаттанарлық орындайды".
Үш жыл білім алған институт мұрағатында Жансүгіровтің осындай мінездемесі сақталған.
Жансүгіров шығармалық жұмыспен қатар Қазақстан Жазушылар одағын ұйымдастыру ісіне де белсене қатысқан. Бұрынғы ҚазАПП (1926 жылы) таратылған соң, 1932 жылы Жазушылар одағын ұйымдастыру комиссиясының төрағасы болып сайланды. Қазақ әдебиетінің қалыптасуы мен алға басуына осы жылдары көп еңбек сіңірді. 1933-1936 жылдары Қазақ КСР Орталық атқару комитетінің мүшесі болды. 1935-1937 жылдар аралығында көркем әдебиет баспасында поэзия бөлімін басқарды.
Ілияс Жансүгіровтің шығармашылығы
Қолынан қаламын бір сәт тастамаған Ілияс қазақ әдебиетінде өшпес із қалдырды. Ілиястың ақындық қуатын байқаған қатарласы Бейімбет Майлин өлең жазуды біржола қойып, қара сөзге бет бұрыпты деседі.
Ілиястың Абай өлеңдеріне деген сүйіспеншілігі сонау жігіт шағында байқалған. Бұл туралы ақын өз естелігінде былай жазады:
"Абай артық әсер етті. Ойым ояна бастады. Қайта-кайта тоймай оқи беретін болдым. Өзімде біртүрлі сергектік, сілкініс, жүрегімде жаңалық сездім. Жазуға талабым оянды. Келсе де, келмесе де шұқылап, өмірді өлең қыла бастадым".
Абайдың алғаш баспа бетін көрген кітабын қолға түсіріп, күндіз-түні қолынан тастамаған.
Жансүгіровтың шығармашылығы көп қырлы, алуан сырлы. Поэзия, проза, драма саласында өнімді еңбектенді. Шығармаларына өзі ғұмыр кешкен ортадағы өмір шындығы, тарихи оқиғалар арқау болған.
Жансүгіровтің баспа бетін көрген алғашқы туындылары – "Сарыарқаға", "Тілек" атты өлеңдері. 1917 жылы Семейде шығып тұрған "Сарыарқа" газетінде басылған. 1923 жылы "Сана" журналында "Мерген Бөкен" әңгімесі жарияланды. 1928 жылы "Сағанақ" атты алғашқы кітабы жарық көрді.
Ақынның лирикалық өлеңдерімен қоса, "Жетісу суреттері" "Күй", "Күйші" сынды классикалық шығармалары – ешқашан ескірмейтін, қайталанбас туындылар. Ал "Құлагер" поэмасын оқымаған қазақ баласы кемде-кем шығар.
Тағы оқыңыз: Сәкен Сейфуллинге қатысты алыпқашпа әңгімеге нүкте қойылды
Жансүгіров "Дала" поэмасында Алтай мен Атырау, Алатау мен Еділ, Шу мен Сыр секілді ұлан-ғайыр өлкені мекен еткен қазақ халқының өмір-тұрмысын, дәстүр-өнегелерін шабытпен суреттейді. Ал "Күйші" поэмасында еркіндік пен құлдық, махаббат пен зұлымдық, өлім мен өмір, күйбең тіршілік пен мәңгілік өнер арасындағы күрес тақырыбы суреттеледі.
Қазақ поэзиясының інжу маржаны "Құлагер" – сюжетті поэма. Шығармаға Ақан сері мен оның тұлпары Құлагер арқау болған. Ақын оқырман қауымды Ақан серімен біраз таныстырып, оған мінездеме береді. Ат жарысын, Құлагердің мерт болуын, серінің қайғы-шерге көмілуін суреттейді.
Ілияс Жансүгіровтің прозалық шығармаларының ішіндегі көлемдісі – "Жолдастар" романы. Мұнда қазақ сахарасындағы еңбек адамдарының тұрмыс-тіршілігін, азаттықты көксеген арман аңсарын, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің дүмпуін суреткерлікпен ашып көрсетеді.
Қаламгер әдебиет сыны мен аударма саласында да өнімді еңбектенді. Пушкиннің "Евгений Онегин" романын қазақ тіліне алғаш рет толық аударған. Сондай-ақ, Лермонтовтың, Горькийдің, Некрасовтың, Маяковскийдің көптеген шығармасын қазақ тіліне тәржімалады.
Ілияс Жансүгіровтің отбасы немесе ұл-қызының естелігі
Суреткер ақын төрт рет шаңырақ көтерген. Бірінші әйелі – Жәмила. Жергілікті байдың қызын Ілиясқа әкесі айттырыпты. Алайда екі жастың отбасылық ғұмыры ұзаққа созылмады. Бұл некеден бала жоқ.
Белтоған ауыл мектебінде сабақ беріп жүрген кезінде, екінші жары Аманшаны кездестіреді. Ілияс Мәскеуге оқуға аттанғанда, Аманша жүкті болған. Бірақ, әйелдің денсаулығы сыр беріп, толғақ кезінде дүние салған. Суыт хабар ақынға жетпеген. Кезекті бір оқу демалысында Ілияс сыйлығын алып, ауылына жол тартады. Жолшыбай Алматыдағы жолдастарымен жолыққан. Сол жерде достары оған Аманшаның дүние салғанын естіртеді. Жан жарының қазасы ақынға ауыр тиген.
Тағы оқыңыз: Мағжан Жұмабаев туралы не білеміз?
Аманшадан кейін Ілияс Жансүгіров Фатима Төребаевамен танысады. Фатима Ілиястан он сегіз жас кіші болған деседі. 1930 жылы 21 ақпанда ақынның тұңғыш ұлы Саят дүние есігін ашты. Одан кейін Сайра есімді қыз өмірге келді. Алайда сәби көп ұзамай шетінеп кетті.
"Әкем Ілияс зор тұлғалы, балуан денелі кісі болатын. Отбасында кішігірім отырыстар болып, қонақтар келгенде әкем жанға жайлы қоңыр даусымен домбыра тартып, ән салатын. Алматы қаласындағы Төлебаев көшесінің бойында орналасқан шағын үйде әкем Ілияс Жансүгіров, анамыз Фатима Төребаева, қарындасым Сайра төртеуміз және атамыз Жансүгір бәріміз бірге тұрғанбыз", - деп еске алған еді Саят Жансүгіров сұқбаттарының бірінде.
Алайда көп ұзамай, ерлі-зайыптының шаңырағы шайқалып, 1932 жылы Ілияс пен Фатима ажырасып кетеді.
"22 жасыма толғанша, әкемнің кім екенін білмедім. Анамыз Фатима Ғабитова әкемізді сұрасақ, "журналист болып істеді, сосын қамауға алынды, атылып кетті" дейді. Одан басқа әкеміз туралы ешнәрсе білмедік. Не кітаптарын, не жазған өлеңдерін де оқымадық. Ол уақытта қиын заман еді. Әкеміз туралы біреуге бір нәрсе айтып қалсақ, онда өзімізді түрмеге қамайтын заман еді", - деп еске алған еді қаламгердің қызы Ильфа Ілиясқызы.
1938 жылы ақын "халық жауы" деген желеумен атылып кеткеннен кейін, қолында бес баласы бар әйелге Мұхтар Әуезов қамқор болады. Уақыт өте екеуінің арасында махаббат пайда болады. Ал 1943 жылы Мұхтар мен Фатиманың ұлы Мұрат дүниеге келді.
Қазақ ақыны қалай атылды?
1937 жылдың тамыз айында Ілияс Жансүгіров саяси қуғын-сүргін құрбаны болып, тұтқындалды.
Алатау бөктеріндегі алқапта демалып жатқан Ілияс Жансүгіров бір күні НКВД-ның шақыру қағазын алады. Ақынның жары Фатима мұның бекер емес екенін сезеді. Ілиясқа Ыстықкөл асып қашуын өтінеді. Бірақ Ілияс НКВД-ның шақыруына бару керек деп шешкен. Сөйтіп Алматыға жол тартқан ол сол кеткеннен оралмады.
1938 жылы шабыты шарықтап тұрған ақын 44 жасында ату жазасына кесілді.
Тағы оқыңыз: Мырзан Кенжебай: Абайды бүкіл ұлттың бас ақыны деу әрі күнә, әрі надандық
"НКВД жендеттері жетіп келді. Олар расында да түнде алып кететін. Сонымен әкемді тұтқындап, кабинеттегі кітаптарын, қолжазбаларын сыпырып алып кетті. Олар кете салысымен, шешеміз верандадағы сары шкафқа ұмтылды. Сөйтсек, әкемнің көптеген қолжазбасы сонда тұр екен. Оның бер жағында буып-түйілген жүк жатқан. Біз соның алдындағы ғана жайлаудан түскен едік. Ораулы киізден, буылған киімдерден сары шкаф көрінбеді", - деп еске алды Ильфа Ілиясқызы сұқбаттарының бірінде.
Жарының еңбектерін қалайда сақтап қалуды ойлаған Фатима Оспан Жылқыбаев деген туысына хабарласады. Ол кісі де НКВД-ның қызметкері болатын. Бірақ қарындасының жағдайын түсініп, түнделетіп келіп, ақынның барлық қолжазбасын алып кетеді. Сөйтіп Жансүгіровтің еңбектерін он бір жыл бойы қорасында сақтайды.
Нақақтан-нақақ атылған Ілияс Жансүгіровтің ақталғаны 1957 жылы 4 сәуірде жария болды.