Он үшінде боздаланың бозторғайы атанған Кенен Әзірбаев туралы не білеміз
© Photo : Кенен Әзірбаевтың мұрағатынанКенен Әзірбаев
© Photo : Кенен Әзірбаевтың мұрағатынан
Жазылу
Дүлдүл ақын, бұлбұл әнші Кенен Әзірбаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз
Қазақтың халық ақыны, жырау, әнші және композитор Кенен Әзірбаев 1994 жылы қазіргі Алматы облысы Жамбыл ауданы Мәтібұлақ ауылында туған. Әкесі – Әзірбай, анасы – Ұлдар. Дулат тайпасының жаныс руынан шыққан.
Кенен 10 жасында қолына домбыра алып ән салған. 11 жасында тұңғыш әні "Ри, қойым", 13 жасында "Бозторғай" әнін шығарды. Бұл ән халықты елең еткізіп, Кенен есімі кең тарай бастайды. Бала Кенен қазақ-қырғызға мәлім болып, "Боздаланың бозторғайы" атанды.
Кенен Әзірбаевтың отбасы
Кенен Әзірбаев екі рет үйленген. Алғашқы әйелі Үлпілдекпен 17 жасында шаңырақ көтерген.
Үлпілдектен Әзірбай әулетіне үш қыз дүниеге келген. Кенен 20 жаста болғанда тұңғышы Талжібек туған. Ол 1979 жылы 75 жасында Алматы облысы Қаскелең қаласы Көкөзек ауылында дүниеден өтті.
Өнерімен ел көзіне түскен қызының бірі – Талжібектен кейін дүниеге келген Зұлухия. Ол аса көрікті әрі суырыпсалма ақын, әнші болыпты. Кенен қызын көп көзіне түсірмей, топ алдына шығып өлең айтуға ерте деп жібермей жүрген. Бір күні Кенен үйінде жоқ кезде ауылда үлкен тойға анасына еріп барған. 13 жастағы Зұлухия сол күні бірінен соң бірі шыққан жігіттермен айтысып, бәрін бет қаратпай жеңген. Осы тойдан кейін қызы көп ұзамай төсек тартып, ауырады. Ауылдың бақсы-балгері көз тигенін айтқан. Осылайша сүйікті қызы Зұлухия мезгілсіз қаза табады.
Үлпілдектен туған үшінші қызы – Ұлтай. Сәбиді дүниеге әкелген соң ақынның әйелі сал ауруына шалдығып, ұзақ жатып қалады.
Содан кейін Кенен Әзірбаев 16 жасқа жаңа толған Нәсиха есімді қызға үйленеді. Ол туралы Нәсиха:
"Ел ішінде әнші, ақын атағы баяғыда тарап кеткен адамның жылы назарына іліккеніме өзімді шексіз бақытты санадым. Сонымен сөз байласып, үйлендік. Үйіміз Кененнің туған жері Мәтібұлақтан. Бірінші әйелі Үлпілдек ауру екен, құдды енемдей, одан туған қыз – Талжібек мен келгенде 13-14 жаста екен, ол қайын сіңілімдей, 2-3 жасар Ұлтай тұңғышымдай болып кетті. Үлпілдекпен 2-3 жылдай тату-тәтті өмір сүрдік. Батасын беріп, ризашылықпен қыздарын маған тапсырып жатып көз жұмды. Екі қызды да өзім өсірдім. Екеуін де өз қолымнан ұзаттым", - деген естелігінде.
Ұлтай Кененқызы 49 жасында өмірден өткен. Артында бес баласы қалды.
Кенен мен Нәсиханың отбасына келсек, ол тұста Кенен Әзірбаев ревком болып тұрған. Екеуінің шаңырағында алдымен ұл бала дүниеге келген. Кененнің қызметіне қарап оны Болысбек деп қойған. Бірақ ол сегіз күннен кейін шетінеп кеткен. Араға аз уақыт салып, екінші ұл дүниеге келеді. Оны Тұрсын деп қойған. Ол да екіге толмай, дүние салған. Одан соң Базар, Назар деген арасы екі жылдан екі ұл туған. Ерлі-зайыптының көңілі орныққандай болады.
Алайда әртүрлі алып-қашпа сөз бен толассыз арыздан кейін Кенен Әзірбаев ревком төрағалығынан босатылады.
Жығылған үстіне жұдырық болып, 1928 жылы Базар 3 жасында, Назар бір жарым жасында екеуі бірінен соң бірі бір-ақ күнде қайтыс болады.
Төрт ұлынан айырылған Кененнің "Базарым-ай, Назарым-ай" әні туған.
Ақ ешкі, зарланасың лағыңа,
Сүт берген емшегіңнен шырағыңа,
Қосылып, кел, екеуміз бір жылалық,
Тәңірінің жетер ме екен құлағына... дейді.
1933 жылы Нәсиха қыз туады. Сәбидің аты Қырғызбала болады. Алайда ол 7 ай ғана өмір сүрген.
Кенен әулетінде 1936 жылы қуаныш болады. Сол жылы әнші Мәскеуде өткен қазақ әдебитеті мен өнерінің онкүндігіне қатысуға мүмкіндік алған, отбасында қыз бала дүниеге келген.
"Ендігі мәселе қайткенде де мені алдыңғы балалардай өлтіріп алмау, ұзақ өмір сүргізу болса керек. Бұл арада анамның анасы – әжем Мысбала мен ауыл әйелдерінің, көрші-қолаңдардың іс-әрекеттері менің өлмей тірі қалуымның бірден-бір себепкері сияқты. Шыр етіп жерге түскеннен кіндігімді ер балаға балтамен кестіріп, балтадай мықты болуымды тілепті. Онан соң 70, 80, 90-нан асқан үш кемпірдің және бір шалдың астынан өткізіп алыпты да, атымды "Төрткемпірбіршал" қойып, құлағыма үш рет айғайлапты. Содан мені бір қап тезекке біреуден сатып алып, тымаққа салып іліп қойыпты. Жақсылап шілдехана жасаған. Сөйтіп, әйтеуір, ауырсам да, сырқасам да айналадағылардың ес-түсінен түк қалдырмай жүріп, өлмей мектеп жасына толыппын", - деп жазған Төрткен Кененқызы.
Екі жасында анасының аяғы ауырлап, ата-әжесінің тәрбиесіне берілген. Осылайша ол Кененова Төрткемпірбіршал болып мектепке барған.
6-сыныпта жүргенде атына көпшіліктің күлетінін айтып, атын ауыстыруды өтінеді. Осылайша атынан "Төрт" деген бөлігін қалдырып, Кененнің "Кен" бөлігін алып, Төрткен деп өзгертеді.
Төрткеннен кейін отбасыда 1939 жылы ұл бала туған. Оның атын Көркемжан қойған. Ол кезде Кенен Әзірбаев 55 жаста болған. Сол күні Жамбыл Жабаев үйіне арнайы барып, құтты болсын айтып, баласының атын Көркемжан қойған.
Көркемжан 55 жыл өмір сүрді.
Кенен Әзірбаев 65 жасында, әйелі 43-ке келгенде отбасында Ақтамақ деген қыз дүниеге келген.
1951 жылы Кенен 68 жаста болғанда, әйелі 46 жасында тағы бір қыз туады. Атын Ақбілек деп қояды.
Жасымнан ән үйреттім шөбереме,
Ән шырқайды шетінен немерем де.
Ұлым, қызым, шөберем әнші болса,
Армансыз бұл дүниеден жөнелем де, деп жырлаған Кенен ақын 1974 жылы Төрткен қызына домбырасын сыйлап, өлең арнайды:
Домбырамды сыйлаймын,
Аяулы қызым Төрткенге.
Ән-жырымды орындап,
Әке жолын күткенге.
Ерінбей айтып береді,
Келген менен кеткенге.
Құмар боп өстің жасыңнан,
Көпке қызмет еткенге.
Болса да бөлек тұрағың,
Жанымды ұққан құрағым,
Ризамын мен саған,
Өзгеше туған шырағым.
Мақам сазын өзгертпе,
Еліктеп-еріп басқаға.
Аманат саған ән-мұрам,
Домбыраңды тастама!
Кенен Әзірбаевтың әндері
Кенен Әзірбаев екі жүзге жуық лирикалық, дидактикалық арнау мен толғаудың авторы. Оның репертуарында ондаған эпикалық жыр-дастан болған. Сол жыр-дастанды таңды-таңға жалғап айтатын болған.
"Атамның жүзден аса әндерінің көбін, анығын айтсам 60-қа жуығын өз аузынан үйренген баласының бірі менмін. Сондықтан да болар, атам маған қатты сенім артып: "Сонау жоқшылық пен жетімдіктің зардабын тартып жүрген шақтан бастап, одан 1916 жылғы оқиға, Қазан революциясы, 1941-1945 жылғы Ұлы Отан соғысы, қазіргі бейбіт өмірде де мен үн қоспанған бірде-бір оқиға болмапты десем еш қаталеспеймін шырағым, Төрткен. Өлеңдерім, дастан-поэмаларым біршама болса да жарияланып, жарық көрді. Ал енді әндерімнің "Бозторғай", "Көкшолақ", "Базар-Назар" сияқты бірнешеуі ғана болмаса, көбін әлі ел естіген де жоқ. Нота білмеген соң, бәрі тек есімде сақтаулы. Кім білсін, олай-бұлай болып кетсем, ең болмаса сен біліп қалсын деп жатқаным ғой", деп бір жаңа ән шығарса алдымен маған үйретуші еді", - деп еске алған Төрткен Кененқызы.
Осылайша 1998 жылы Төрткен Кененқызы Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжіне жұмысқа кіріседі. Ол мұнда Кененнің елге белгісіз, ешкім білмейтін, 45 пен 60-тың арасында шығарылған "Көпшілік, тыңда әнімді", "Бал құйылды даладан", "Ел қуанышы", "Қайран, ел қайда", "Біздің Отан жеңеді", "Ел қуанышы", "Мөртай сұлу", " Күләшқа", "Алатау аясында", "Сынаптай сырғақ дүние-ай" секілді әндерін үйретеді.
Кенен шығармаларының тілі оқырманға түсінікті, қарапайым, шешен. Ол қазақ халқының тіл байлығын аса мол игерген ақын. Кенен халық поэзиясына еркін сусындап, мақалдап:
Елдің көркі не болар?
Көкорай шалғын бел болар, - деп өлеңдерінің дені ән ырғағына лайықты үйлесіп, үндеседі.
Кененнің көсіле көтеріліп, шырқай тартқан тың тақырыбы бар. Ол – ақынның алабұртқан көңіл-күйіне, жан тебіренісіне байланысты туған лирикалары – тарихи өлеңдері. "Қаласын Ленин қорғаймыз", "Жаурамасын батырлар", "Біз жеңеміз", "Тракторшы Елеусіз", "Кек алу", "Төрт батыр", "Майданға сәлем", "Жамбылға көңіл айту", "Батыр болсаң Мәліктей бол", "Қуанышты күн", "Жерлес батырға", "Жеңіс салтанаты", "Күйгенім-ай, сүйгенім-ай" секілді өлең-жырлары ақынның үлкен тебіренісінен туған шығармалар.
Кенен Әзірбаевтың "Бозторғай" әнін көптеген өнерпаз орындап жүр.
Бозторғай, шырылдайсың жерге түспей,
Мен жүрмін кешке дейін тамақ ішпей.
Ат қылып ақ таяқты қолыма ұстап,
Сандалып қой соңында азар кешке…
Бозторғай, шырылдайсың, шіркін-ай,
Құтылар күн бар ма екен,
Қой жаюдан бір күн-ай,
Бозторғай!
Отырсам қой күзетіп таң атпайды,
Жүргенде малды бағып кеш батпайды.
Қарайтын қабағыма бір адам жоқ,
Бел шешіп, жылы орынға бір жатпаймын.
Жүгіріп қозыны айдап сайға барсам,
Татиды талқан шекер шайнай қалсам,
Шерімді ішімдегі мен төгемін,
Жүрегім басылғандай әнге салсам.
Кенен Әзірбаев туралы естеліктер
Кенен, Кенен деп жүр ғой елдің бәрі,
Жақсы көріп кетіпті жас пен кәрі.
Төрт аяғы тең жорға өлеңінің,
Құлағымнан кетпейді салған әні, деп жырға қосқан жыр алыбы Жамбыл.
Ғалым Ахмет Жұбанов "Кененнің негізгі тақырыбы – біздің заман. Ол осы майданда үзбестен шығармалар беріп келді. Қандай жаңа оқиға болса да. Кенен оны әнде, өлеңде халық арасына үгіттеуде республика композиторларының ішінде бірінші орынның бірін алды... Кененнің репертуары кең. Онда әндерден, өлеңдерден басқа қазақтың "Қобыландысы", қырғыздың "Манасы", түрікменнің "Көрұғлы" сияқты үлкен эпикалық дастандар бар" деген.
Ал ақын Олжас Сүлейменов "Еще юношей Кенен Азирбаев в совершенстве овладел лучшими традициями народной казахской поэзии, стал соратником великого Жамбула, а затем его продолжателем. Поэзия Кенена Азербаева – своего рода поэтическая летопись казахского народа", деп бағалаған.
Жазушы Шыңғыс Айтматов "Сіз, Кенен ата, қазақ-қырғызға тең ортақ ұлы адамсыз. Сіздің тойыңыз – біздің тойымыз. Сіздің мерекеміз – біздің мерекеміз. Қырғыз елі сізді өзінің ең таңдаулы ұлдары, өзіңізбен замандас, үзеңгілес, дәмдес болған, Жетісудағы қырғыз-қазақ жерін бірге араласқан, атағы жер жарған Османқұл, Әлімқұл, Атай, Халық және басқа да бұлбұлдай сайраған ақындарындай көреді, солардай ардақ тұтып, сізді өз атамыз, өз ақынымыз, өзіміздің өнердегі Алатауымыз деп есептейді", - деп жазған.
"Өлеңді әркім-ақ айтады, әркімдер-ақ жазады, бірақ солардың ішінде үнемі санаңнан кетпейтін, сезіміңнен ажырамайтын, даусы естіліп, дидары көз алдыңда тұратындары некен-саяқ. Солардың бірі, бірегей Кенен", - деген естелігінде ақын Әбділдә Тәжібаев.
Композитор Нұрғиса Тілендиев "Кенекеңнің кей шығармалары үлкен полотнодағы музыкалық еңбектерге арқау болды. Мысалы, Евгений Брусиловский оның Затаевич нотаға түсірген бір әнін "Қыз Жібек" операсында пайдаланған. Кенекең есімі, Кенекең бейнесі бүгінде өнерлі ізбасарлары мен өрендерінің көркем туындыларына арқау болар объектіге айналып отыр", - деген.
Кенен Әзірбаевтың марапаттары
Кенен Әзірбаев 1961 жылы Қазақ СРР-ның халық ақыны болды.
1974 жылы "Ленин" орденімен марапатталған.
1967 жылы "Қызыл ту", 1959 жылы "Құрмет белгісі" ордені берілді.
Жамбыл облысы Қордай ауданында ақын ұзақ жыл бойы тұрған елді мекен Кенен ауылы деп аталады. Ол жерде Кенен Әзірбаев атындағы әдеби-мемориалық музей жұмыс істейді.
Кенен Әзірбаев 1976 жылы 12 сәуірде Жамбыл облысы Қордай ауданында қазіргі Кенен ауылында 92 жасында дүниеден өтті.