Дерекқор

Тахир хан туралы қызықты деректер

Қазақтың алтыншы ханы – Тахир хан елді он жылдай басқарды. Бірақ өзіне дейінгі Мамаш ханнан аса алмады.
Sputnik
Ол да хандықты ұстай алмай, ақыр соңында аздаған қазақпен қырғыз жеріне көшіп кетті. Сол жақта жоқшылық көріп, қайтыс болады. Sputnik Қазақстан Тахир ханның тұсындағы Қазақ хандығының тарихына шолуды ұсынады.

Тахир ханның билікке келуі

Тарихта қазақтың алтыншы ханын әртүрлі есімдермен атайды. Біреулер "Тахир хан" десе, енді біреулер "Тайыр хан", "Таһир хан" немесе "Тақыр хан" деп жазған. Ол Мамаш хан өлгеннен кейін шамамен 1521-1523 жылдары таққа отырды. Мамаш Қасым ханның үлкен ұлдарының бірі болса, Тахир – Қасымның ағасы Әдік сұлтанның ұлы. Туған жылы белгісіз.
Таһир хан 10 жылдай билік құрды. Бірақ Мамаштан аса алмады. Оның тұсында да сұлтандар арасындағы өзара талас-тартыс тоқтамады. Ал Қазақ хандығының жаулары көбейе түсті. Тахир хан оларға тойтарыс бере алмады. Жау әскерінен екі рет жеңілді. Онымен қоймай, бұрынғы көршілес әрі туыс ноғай тайпалары мен қазақтар арасындағы достықты жойып, оларға қарсы соғыс ашады. Ол шайқастарда да жеңіледі. Халық көп қырғынға ұшырайды, малдары тоналады. Бұған шыдамаған халықтың біраз бөлігі батыстан Жетісу аймағына көшіп кетеді. Соның салдарынан Қазақ хандығының әскері екі есеге азаяды.
Дегенмен Тахир хан қазақ хандарының ішінде бірінші болып қазақ жерін қалмақтардан қорғау үшін күрес жүргізген. Бір таудың етегінде "Жатан" деген қамал да салдырған көрінеді. Артынан қазақ әскерлері қалмақтарға қарсы соғыста сол қамалды үнемі пайдаланып отырған.
Дерекқор
Қазақтың тұңғыш ханы Керей хан туралы қызықты деректер

Ноғайлар нені көздеді?

Қасым хан өлгеннен кейін ноғайлар Жайық пен Жем бойындағы өздерінің атамекендерін қайтарып алуға күш салды. Батыста – Қырым хандығы, солтүстік-батыста – Қазан хандығы, ал оңтүстік-батыста Астрахан хандығының қыспағы қатты сезілді. Содан олар Еділ бойынан шығысқа жылжып, алдымен Мамаш ханмен текетіреске түссе, артынан Тахир ханмен жағаласты. Қазақ сұлтандарының арасындағы жікшілдік басылмай қойды. Ноғайлар оны да тиімді пайдалана білді.
Ноғайлар Қасым ханның тұсында еріксіз Қазақ хандығына қызмет етуге мәжүр болған өздерінің маңғыт бауырларын Тахирге қарсы шығуға үгіттеді. Ал Тахир маңғыттардың жікшілдік әрекеттерін қатал жазалау шаралары арқылы тоқтатуға тырысты. Алайда мұндай ұстаным ойлағандай нәтиже бермеді, маңғыттар мен қазақтардың арасы алшақтай түсті. Соның салдарынан 600 мыңға жуық маңғыт батысқа, Ноғай Ордасына қарай жөңкіле көшті. Ал Қазақ хандығы батыста көп жерден айырылды.

Батыстағы қазақтар өз ханын көтерді

Әйгілі Әз Жәнібектің немерелері арасынан Қасым ханның соңғы әйелінен туған кенжесі Қожа Ахмед хан ағасы Мамыш хан өлгеннен кейін Ембі мен Жайық арасындағы Байұлы руларының қолдауымен ақ киізге отырғызылып, осы өңірдің ханы болып жарияланды. Бұл оқиғалар 1524 жылы болған. Дәл сол кезде қазаққа бас хан болған Тахир ноғайлардан шығысқа қарай шегінген. Ел арасында беделі аз және барар бағыты да бұлыңғыр Тахирге Байұлы рулары атақонысты тастап, ілескілері келмеді. Оның үстіне бұл халық Қасым ханға дейін ноғайлардың қол астында болған, олармен қатар көшіп-қонып жүрді.
Қожа Ахмед әкенің отауына кіші бала ие болатын салтты ұстанған. Сол себепті жылы орнынан қозғала қойған жоқ. Алайда оның атамекені атасы Қасым ханға астана болған Сарайшық еді. Оны әйгілі Мұса бидің баласы, ноғайлардың биі Сайд Ахмед басып алған. Сайд Ахмед бұл әрекетті қаһарлы Қасым хан қайтыс бола салысымен-ақ қолға алды. Оны Мұса бидің басқа балалары Мамай, Шейх Мамай, Жүсіп және тағы басқалары, сондай-ақ Алшағырдың балалары Орақ, Келмұхаммед, Жанай қолдады. Олар Еділдің оң жағалауында шашырай көшіп-қонып жүрген ноғайларды топтастырып, шығыстағы қазақтарға қарсы салды. Мұндайды ноғайлар тарапынан күте қоймаған, бұрынғы Қасым ханның кезінде оларды ығыстырып әдеттенген қазақтардың біраз руы қатты сасып, ноғайлардың шығыстағы Ембі өзеніне дейінгі аймақты басып алуларына кедергі бола алмады. Батыста Жайық өзеніне дейін созылып жатқан бұл аймақ қазақ ханы Қожа Ахмедтің қол астына қарайтын еді.
Қазақтардың бас ханы Тахир шығысқа көшіп кеткен соң Ембіден шығысқа қарай созылып жатқан қазақ ру тайпалары жалайырлардың, қыпшақтардың, арғындардың, керейіттердің, қоңыраттардың, табындардың бастауымен батыстан төніп тұрған ноғай қаупінен қорғану үшін Жәдіктің баласы, атақты Қасым ханның немересі Тоғымды хан көтерді. Ендігі жерде Тоғымның басты қарсыласы Ембіге дейінгі аймаққа билік жүргізіп отырған ноғай билеушісі Шейх Мамай мырза болды. Осыны пайдаланған ноғайлар тәуелсіздікке қол жеткізді. Ноғайлардың қатарын Тахирге ілеспей батыста қалып қойған қазақтар көбейтті.
Дерекқор
Қазақтың екінші ханы Жәнібек хан туралы не білеміз
Қазақ хандығының Қожа Ахмедпен бірге батыста қалған адамдарының саны 600 000 адамдай еді. Ал Тахир ханға алғашқыда 400 000-дай қазақ ілескен болса, хан шығыстағы Моғолстанның Қошқар деген қаласына жеткенде, жолай-жолшыбай өз мекендерінде қалып қойғандарды қоспағанда, олардың саны 200 000-дай адам болды.
Сол кезде Сарайшықта билік жүргізген ноғайдың бас биі Сайд Ахмед осы жағдайды өз пайдасына шеше білді. Ол әншейінде бастары қосылмайтын Шейх Мамай, Жүсіп, Орақ тәрізді ноғай мырзаларын Қазақ хандығын талқандауға көндірді. Ноғайдың қаптаған қалың қолына қарсы алғаш Қасым ханның ұлы Мамаш ханмен бірге қарсы шыққан, ал ол өлген соң жалғыз өзі самсаған ноғайға қарсы тұруға мәжбүр болған Қожа Ахмед ханның жаумен текетіресі едәуір ұзаққа созылды. Тоғым ханның да батыстағы қазақтарды ноғайлардан қорғауға шамасы келмей, оңтүстік-шығыста ентелеп келе жатқан моғолдар мен оңтүстіктен баса-көктеген шайбанилық өзбектермен бітіспес күреске араласып кетті.
Шығысқа құмарта ұмтылған ноғайлардың да жағдайы онша мәз емес еді. Ағыш және Алшағыр мырзалардың балалары көп кешікпей-ақ, Ноғай ордасының биі Сайд Ахмедті биліктен тайдырып, өздері би болу үшін күресті бастады. Өз кезегінде Ойыл мен Ембінің арасындағы ноғайлар мен қазақтарға билік жүргізіп отырған Шейх Мамай мырза о баста аталған мырзалардың емес, бас би Сайд Ахмедтің жағында болды. Оның үстіне ноғайлардан ығысып, оларға тегеурінді қарсылық көрсете алмай отырған Тоғым хан да батыстағы иеліктерді қазаққа қайта қайтарып алудан бас тарта қойған жоқ.
Сайд Ахмедке Жайық пен Ембінің арасындағы қазақ руларын ноғайларға қарсы ұйымдастырып, оқтын-оқтын қазақтардан қол жинап, қарсы бас көтеріп отырған Қожа Ахмед ханды өзіне қарату керек болды. Оның үстіне Шыңғыс тұқымынан шықпағандықтан ноғай биі Сайд Ахмедтің ноғай мен қазаққа хан болуға құқығы да жоқ еді. Би лауазымын ноғайлар билеуші ретінде мойындағанымен, Қожа Ахмедтің қол астындағы қазақтар оны мойындай қойған жоқ. Осы жағдай ноғай биі Сайд Ахмедті Қожа Ахмед ханмен алғаш астыртын, онан соң ашық келісім жүргізуге итермеледі. Мұндай келіссөздің нәтижесі бойынша Қожа Ахмед хан өзінің елінің ноғайлардың қарамағына көшкенін, яғни өзі билеп отырған қазақтардың бәрінің ноғай биі Сайд Ахмедке бағынғанын мойындауы керек болған. Алайда ол мұндай әрекетке барған жоқ. Осыдан соң Сайд Ахмед өз мақсатына күшпен жетуге кіріседі. 1535 жылы қазақ ханы Қожа Ахмедтің хан ордасын қоршап алып, ханды он бес баласымен қазақтардан оқшаулап ұстады. Бірақ мұндайда ханды жақтайтын қазақ рулары да қарап отырмай, өздерінің хандарын қолдап, ноғайларға қарсы бас көтерді. Соңы қан майданға жалғасқан осындай текетіресте ноғай биі Сайд Ахмедтің жағында соғысқан, жекпе-жекте жан шыдатпас Алшағыр ұлы Орақ Қожа Ахмед ханды алдаспанмен шауып өлтірді.
Дерекқор
Қазақтың үшінші ханы – Бұрындық хан туралы қызықты деректер
Сайд Ахмед осы оқиғадан соң, Қанды Орақ батырдан бойын аулақ ұстап, бар күшін Еділ бойына жұмсап, бұдан былай оны Астрахан хандығына қарсы күреске салды. Ал Жайық пен Ембі арасындағы қазақтар болса, билеуші ханынан айырылған соң бірде ноғай, бірде қазақ атанып, бәрібір байырғы атақоныстан қол үзбей, сонда көшіп жүрді. Олар жау жағадан алғанда жері мен елін жатқа тастап кетпеген Қожа Ахмед ханды қасиеттеп, жадында сақтап, оның есімін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізді.

Моғолдармен қарым-қатынас бұзылды

Тахир хан жағдайдың қиындап бара жатқанын көрді. Содан туған анасындай болып кеткен Сұлтан Нигар ханымның көмегіне жүгінеді. Ол кезінде әкесі Әдік сұлтанның әйелі болған. Ал әкесі қайтыс болғаннан кейін әмеңгерлік жолмен қайнысы Қасым ханға тұрмысқа шыққан. Сұлтан Нигар ханым оңтүстік-шығыстағы өзінің төркіндері болып келетін моғол хандарынан көмек сұрауға ақыл айтты. Ол кезінде алғашқы қазақ хандарына Жетісудан жер берген Есенбұға ханның бауыры – Жүніс ханның қызы еді. Текті жерден шыққан, әкелеріне сенімді кеңесші және серік болған апасын Тахир хан аса құрметтеп, оның сөзіне құлақ асатын. Сұлтан Нигар ханымның мұндай шешімді жайдан-жай айтқан жоқ.
Қасым ханның кезінде Қазақ хандығы бір мезгілде ұрыс даласына 10 лек (1 000 000) әскер шығара алған. Ал Тахирдің қарауында 4-ақ лек (400 000) қана әскер ғана қалған. Оның үстіне жапан далада көкжал бөрідей мағынасыз жортып жүрген Тахирдің ауыр тұрмыс халі де оны қажытып жіберген еді. Осылайша, 1523-1524 жылдың қыс айында Тахир хан моғолдардың астанасы Қошқарға келеді. Жақсы көретін әпкесін де алып шықты. Тахир ханға моғол ханы Сайд хан аса үлкен құрмет көрсетті. Достық қарым-қатынастар ескі құда-жекжаттықты жаңартуға ұласып, Сайд хан Тахирдің қарындасын өзінің баласы Рашид сұлтанға үйлендіреді. Алайда басы жақсы басталған бұл байланысты Тахирдің өзі бүлдіріп жіберді. Моғолдарға тәуелді қырғыздардың біразын өзіне қосып алды.
Тахир ханның өзіне достық қолын ұсынған кісілерді қастерлей білмеуі, адамдармен қарым-қатынастағы аса дөрекілігі оны моғолдармен ғана емес, өзінің төңірегіндегілермен де араздастырды.
Дерекқор
Қасым хан туралы қызықты деректер

Тахир хан билігінің әлсіреуі

1525 жылы жазда Ташкентті билеп отырған шайбанилық Сүйіндік қожа қайтыс болған соң Тахирдің өз жағдайын орнықтыру үшін шайбандықтармен тұрақты бейбіт келісімге қол жеткізуге толық мүмкіндігі болды. Шайбандық өзбек билеушілері де соған ұмтылды. Алайда Тахирдің сауатсыз дипломатиясы екі ел арасындағы жағымды ахуалды тағы да бүлдірді.
Тахир хан өзіне наразы қазақ сұлтандарын жазалау үшін Сүйіндік қожаның ұлы Келдімұхаммедтен көмек сұрайды. Алайда өзі достық келіссөздер жүргізіп отырған шайбанбық билеуші Келдімұхаммедтің өзіне жіберген елшілерін ешбір себепсіз тұтқынға алады. Онымен қоймай, шайбандықтардың аймағына басып кіреді. Бұның бәрі қантөгіс шайқасқа алып келді.
1525-1526 жылдары қыста Түркістан қаласы маңында үлкен ұрыс болды. Тахир хан жеңіліп қалады. Ал Қазақ хандығының Түркістан аймағындағы біраз жерлері тағы да шайбандықтардың қолына көшті. Осыдан кейін Тахир хан кезінде өзіне достық қолын созған моғолдардың Жетісу аймағына басып кіреді. Өзінің шатырын моғолдардың астанасы Қошқар қаласына жақын жерге орналастырды. Сол жерде өзіне бірқатар қырғыз және қазақ руларын қосып алады. Тахирге деген сенімдерін жоғалтқан моғолдар Жетісу мен Ыстықкөл аймағынан аулақ, Қашқар жеріне кетті.
Тахир хан төңірегіндегілерді де, өзімен келісімге келуге талпынушыларды да әрқашан жау көретін. Оның түсініксіз, әрқашан айнып кетуге бейім іс-әрекеті қазақ сұлтандарына да ұнамады.
"Тақыр ханның билігі әлсіреген сайын оның қатыгездігі мен аяусыздығы өрши түсті. Оның Әбілқасым деген інісі болды. Ханның қаталдығы содан шығып деген оймен қарамағындағылар Әбілқасымды өлтіріп, өздері жан-жаққа тарап кетті", - деп жазды Мұхаммед Хайдар Дулати.
Дерекқор
Қазақтың бесінші ханы – Мамаш хан туралы не білеміз

Қазақ хандығы біраз жерінен айырылды

Тахир хан әскери – саяси істеріне олақ, дипломатиялық дарыны жоқ, қол астындағыларға қатал адам болды. Ол ішкі енжарлық пен феодалдық қырқыстарды тыя алмады, төңіректегі елдердің бәрімен жауласты. Қазақ хандығымен үнемі дүшпандасып жатқан Шайбани әулетімен ғана емес, қазақ хандығының сенімді одақтасы болып келген Ноғай ордасындағы маңғыт мырзаларымен де, Моғолстан хандарымен де жауласты.
Бұл соғыстарда қазақтар жеңілді. Қазақ хандығы оңтүстіктегі және солтүстік-батыстағы жерінің біраз бөлігінен айырылды. Ал Тахир ханның ықпалы тек Жетісуде ғана сақталып қалды. 1527 жылдан кейін ол, көбінесе, қырғыздарды биледі, ойрат-жоңғарлардың Жетісуға жасаған шабуылына қарсы күресті. Мемлекеттік билік құлдырап, мемлекеттің шекара аумағы қысқара түсті.
Қазақ хандығының беделді сұлтандарына керексіз болып Тахир хан жанына баласын ертіп, өзіне адалдығын жоғалта қоймаған аз ғана қазақтармен бірге қырғыздарға кетті. Сол жерде ешкімге қажетсіз болып қалды. Биліктен жұрдай болып, қайыршы халде 1531-1532 жылдары қайтыс болды. Осылайша өз елінде халқынан қол үзген, және бедел-абыройдан айырылған тағы бір қазақ ханының денесі жат жерде қалды.
"Тақыр хан болды. Біраз күн хандық құрды, бірақ патшалық сырын білмеді", - деп жазды Қадырғали Жалайыр.

Тахир хан кезіндегі Қазақ хандығы

Тахир хан Қазақ хандығын ұстай алмады. Соның салдарынан XVI ғасырдың 30-жылдарында қазақта бірнеше хан болған. Батыста – Ахмед хан, орталықта – Тоғым хан, ал Жетісу аймағын Тахир хан басқарды. Ол қайтыс болған соң, інісі Бұйдаш Жетісу өңірінде (деректерде "Моғолстан" деп жазылған) қазақ-қырғыз бірлестігінің басшысы болды. Оның 20-30 мың адамдай әскері болған.
"Тарих-и Рашиди" еңбегінде Бұйдаш хан 1533/34 жылдан кейін қайтыс болды делінсе, Қыдырғали Жалайыр Барақ ханның ұлы – Дербіс сұлтанмен соғыста өлді деп жазған. Осы соғыста Әдік сұлтаннан тараған 24 сұлтан қаза тапты.
Дерекқор
Кенесары Қасымұлы – қазақтың соңғы ханы