Дерекқор

Қазақтың үшінші ханы – Бұрындық хан туралы қызықты деректер

Керей ханның ұлы Бұрындық Қазақ хандығын 30 жылдан астам уақыт басқарды. Әкесі мен ағасы Жәнібек ханның тұсында батырлығымен көзге түсті, бірнеше жорықта жеңіске жетіп, хандықтың территориясын кеңейтті.
Sputnik
Бірақ Бұрындық ханнан кейін Керейдің ұрпақтары хан тағына үміткер ретінде ешқашан қарастырылған жоқ. Sputnik Қазақстан Бұрындық ханға қатысты қызықты деректерді ұсынады.

Бұрындық хан билікке қалай келді

Бұрындық – Керей ханның үш ұлының бірі. Оның қай кезде дүниеге келгені белгісіз, шамамен, 1430-1510 жылдары өмір сүрген. Ол жас кезінен Қазақ хандығының қалай құрылғанын көріп өсті. Жәнібек ханның тұсында қазақтың қалың әскерін бастап, алғаш Әбілқайырдың ұлы Шейх Хайдарға, одан кейін Әбілқайырдың басқа баласы Шах Будақтың ұлы Мұхаммед Шайбаниге қарсы күресте ерекше ержүректігімен көзге түсті. Ал әз Жәнібек хан қайтыс болғаннан кейін билікке келді.
ХІ-ХІІІ ғасырларда ерте феодалдық қыпшақ мемлекеттілігіне ғана тән белгі болды. Ол – хандық биліктің әкеден балаға емес, әкеден немере туысқа не ініге берілуі. Бұл дәстүр сырттан келген жоқ. Қыпшақтарға дейінгі және қыпшақтар кезіндегі жергілікті тайпаларда жасы үлкенді сыйлаудан, соған құрмет көрсетуден туындады деген болжам бар. Ал моңғол шапқыншылығы нәтижесінде хандық билік әкеден балаға қалдырылатын заңға айналды. XV ғасырда моңғолдар енгізген бұл жолды жергілікті халықтың әдет-ғұрпы ығыстырып шығарады. Оған Керейдің хан болып сайлануы дәлел.
Әбілқайыр ханға дейін Дешті Қыпшақтың билеушісі Барақ хан болған. Моңғол дәстүрі бойынша келесі хан оның ұлы Жәнібек болуы тиіс. Дегенмен жергілікті халық дәстүріне сай келесі билік Барақтың немере туысы Керейге тиді. Ал Керейден соң оның ұлына тимей, Жәнібек хан болды. Дәл осы жолмен жас жағынан ең үлкені Керейдің ұлы Бұрындық хан болып сайланды. Оның тұсында Қазақ хандығы Сырдария өзенінің бойындағы ежелгі қазақ қалалары - Түркістан, Отырар, Сауран және тағы басқа шаһарлар үшін шайқас жүргізді, бұл күрес ұзақ уақытқа созылды.
Дерекқор
Қазақтың тұңғыш ханы Керей хан туралы қызықты деректер

Қазақ хандығы мен Шайбани әулеті арасындағы соғыс

Шайбан ұрпағы – Әбілқайыр хан өзінен бөлініп кеткен Керей мен Жәнібек сұлтандарына қарсы жорыққа шыққанда қайтыс болды. Оның орнына ұлы Шейх Хайдар келді. Ол да Қазақ хандығының күшейіп келе жатқанын көрді. Бірақ ештеңе істей алмады. Оған қарсы Сібірдегі Төмен жұртының билеушісі Ибақ, Қазақ ханы Әз Жәнібек және маңғыт билері Аббас пен Мұса билер бірігіп қарсы шықты. Осы соғыста Бұрындық Әз-Жәнібектің тапсырмасымен Қазақ хандығының әскерін басқарды. Ақырында Сібір билеушісі Ибақ Шейх Хайдарды өлтірді. Содан Дешті Қыпшақ даласындағы хандық билік қазақ сұлтандарының қолына көшті. Ал бұған төзе алмаған Әбілқайырдың немересі Мұхаммед Шайбани енді Хайдар ағасының кегін қайтаруға кіріседі.
Мұхаммед Шайбани Өзбек ұлысының тоз-тозы шыққан әскерлерінің қалдығымен бас бағып, аңдып жүріп бірнеше күннен кейін Ибақ бидің ұлын өлтіріп тынады. Одан кейін қазақтардан кек алуға көшеді. Осы мақсатпен көмек іздеп, алдымен Әмір Темірдің мұрагерлерін жағалайды. Солардың қолдауымен Сыр бойындағы бірнеше қамалды да қазақтардан тартып алады. Артынан ноғай (маңғыт) мырзаларына жақын жүреді. Басында Мұса биді өзіне қарату үшін оларға қарсы жорықтар жасайды. Онан соң онымен құда-жегжаттық қатынастар орнату үшін оның қызына ғашықтық мұңын шағып жасырын хаттар жолдайды. Ақыры дегеніне жетті.
Маңғыттардың билеушісі Мұса мырза өзіне күйеу болған Мұхаммед Шайбаниге қарсы тұра алмайды. 1472 жыл жапан даланың түкпір-түкпірінен ноғай мырзаларын жинап, Мұхаммед Шайбаниді ақ киізге отырғызып, таққа отырғызбақ болады. Осыны естіген Бұрындық қасына Әз-Жәнібектің ұлдары Қасым мен Әдік сұлтандарды ертіп алады да, 50 000 әскермен кең даланы дүбірлетіп, маңғыттардың мекеніне жетіп келеді. Қырғын соғыс итжығыспен аяқталды. Алайда Бұрындықтың осындай жаужүректігі маңғыттарды Махмұд Шайбаниден іргелерін аулақ салуға итермеледі. Өзі жеңіске жете алмаса да, маңғыттардың Махмұд Шайбаниді хан сайлауына мүмкіндік бермейді. Бұрындық енді Сыр бойындағы Мұхаммед Шайбаниге бағынатын қалаларды қайта басып алуға кіріседі.
Дерекқор
Қазақтың екінші ханы Жәнібек хан туралы не білеміз

Дешті Қыпшақ пен Мауереннахр билеушілері арасындағы күрес

Дешті Қыпшақ пен Мауереннахр билеушілері арасындағы қарым-қатынастың негізгі нысаны Сырдария өзенінің орта ағысы бойындағы жерлер болды. Оны Түркістан аймағы деп атаған. Ол үшін күрестің басталуына түрткі болған оқиғаға Әбілқайыр ханның немересі Мұхаммед Шайбин ханның Мәуереннахрдың қол астындағы Түркістан аймағына келіп бекінуі болды. Осы жылдары өзара феодалдық соғыстарды бастан өткеріп жатқан Мәуереннахр билеушілерінде Түркістан аймағын қорғайтындай күш болған жоқ. Сондықтан оларға Қазақ хандығының негізгі жауы — шайбанилық сұлтандарды қазақтарға қарсы қою өте тиімді еді.
Қазақ хандығы Мәуереннахр билеушілерінің бұл әрекетіне бірден қарсы шығады. Қыс мезгіліне қарамастан Бұрындық хан бастаған қазақ әскерлері Мұхаммед Шайбани хан бекінген Сығанақ, Сауран және Созақ өңірлерінде ұрысқа түседі. Бірнеше рет болған ұрыстарда жеңілген Шайбани хан қашуға мәжбүр болады. Аймақтың басқа да өңірлерінен айырылу қаупін сезген аймақтың әкімі Мұхаммед Мазид-тархан Шайбани ханды Самарқанға кетуге көндіреді. Осылайша, күрестің алғашқы кезеңі Қазақ хандығы үшін сәтті басталып, аймақтың солтүстік өңірлері Қазақ хандығына өтеді.
Бүкіл хандықты Бұрындық басқарып, алғашқы жеңістерге қол жеткізсе де, Жәнібек хан ұлдары - Қасым, Жиренше, Махмұд сұлтандар да ерекше көзге түседі. Бұл ұрыстар шамамен 1470- жылдардың ортасында болған.
Ал XV ғасырдың 80-жылдарында Шайбани аймаққа тағы да еніп, солтүстік өңірді басып алады. Бұрындық хан және Жәнібек хан ұлдарының қарсы қолданған әрекеттері нәтижесінде Әбілқайыр ханның немересі Түркістан аймағынан кетуге мәжбүр болады. Ал қазақ хандығы болса аймақтың солтүстік өңірін қорғап қана қоймай, аймақтың орталық және оңтүстік өңірлерінде өз ықпалын күшейте бастайды. Негізінен аймақта Жәнібек ханның 9 ұлының ықпал-әсері өседі. Олардың ұлыстары кеңейіп, қалалар мен жақсы қысқы жайылымдар солардың иелігіне көшеді.
Дерекқор
Кіші жүздің ханы Әбілқайыр хан туралы қызықты деректер

Бұрындық ханның тұсындағы қазақ хандығы

Бұрындық ел ішінде батыр ретінде танымал болды. Бірақ жаугершілік өршіп тұрған заманда мықты саясаткер де болу керек. Ал жауапты шешім қабылдауға келгенде оның жалтақтығы уәзірлер кеңесі мен рубасыларды қанағаттандыра қойған жоқ. Ал атақты Әз Жәнібектің ұлдары болса, мұндай жауапты тақты иемденуге әлі тәжірибесіз еді. Дегенмен де, әкенің өсиетіне мойынсұнған сұлтандар, соның ішінде атты әскердің қолбасшысы Қасым да айтарлықтай ұзақ уақыт Бұрындыққа қарсы шыға қоймады, таққа да таласқан жоқ. Осының өзі Қазақ хандығының ішкі бірлігін нығайтып, Бұрындық ханның ата жаулары Өзбек ұлысына қарсы жорықтарын үдете түсуіне толық мүмкіндіктер берді.
Әбілқайыр және оның ұлы Шейх Хайдар хан өлген соң көшпелі өзбектер мекендейтін далада рубасылары мен бахадүрлердің рөлі күшейіп, олар үш этнотайпалық қауымдастыққа – қазақтарға, өзбектерге және маңғыттарға (ноғайларға) жіктеліп, билікке таласып, өзара жауласа түсті. Осындайда алғаш рет Әз Жәнібектің, онан соң Бұрындық ханның тұсында қазақ сұлтандары Өзбек ұлысындағы билікті шайбаниліктерден тартып алды.
Бас сауғалаған Шайбани ұрпақтары өздері қашып барған маңғыттардың Астрахань хандығынан да қолдау таба алмай, біраз уақыт Сауран және Сығанақ маңындағы аймақтарда шағын топтарға бөлініп, ел тонап күн көрді.
Дерекқор
Абылай хан туралы қызықты деректер

Бұрындық хан мен Жәнібек хан ұлдары арасындағы қайшылықтар

XV ғасырдың 90-жылдарында Бұрындық хан мен Жәнібек хан ұлдары арасында қайшылықтар туа бастайды. Қайшылықтың негізіне Сыр өңірінде Жәнібек хан ұлдарының ықпалының өсуі мен нығаюы жатыр. Ішкі саяси өмірдегі осы қайшылық сыртқы саясатқа да өз салқындығын тигізеді. Сол себепті де 1493-96 жылдары Түркістан аймағы үшін болған ұрыстар қиын да ауыр, ұзақ болады. Шайбани хан бірде Моғол ханы жағына, бірде мауереннахрлық билеушілер жағына шығып, өз бағытын өзгертіп отырады. Тіпті, негізгі қарсыласы — Бұрындық ханмен де жақындасуға ұмтылады. Жәнібек хан ұлдарымен арадағы қайшылықтың одан әрі шиеленісуі Бұрындықты Шайбани ханмен одақтас еткізеді. Сөйтіп, 1496 жылы үш жылға созылған ұзақ ұрыстардан соң соғысушы жақтар келісімге келеді. Келісімнің қорытындысы бойынша Түркістан аймағы үшке бөлініп, оның солтүстігінде қазақ хандығы, оңтүстігінде Моғолстан, орталығында Шайбани хан билік жүргізуге тиіс болады.
Сонымен бірге Бұрындық хан одақтастықты тереңдету үшін өзінің үш бірдей аяулы қыздарын шайбанилік сұлтандарға тұрмысқа береді. Олардың біреуі Мұхаммед Шайбанидің өзіне тисе, екіншісі – оның інісіне, ал үшіншісі – Мұхаммед Шайбанидің баласы Темір сұлтанға тұрмысқа шығады. Осыдан кейін Әбілқайырдың немересі Мұхаммед Шайбани қазақтармен жауласуды уақытша тоқтатады.
Жәнібек ханның ұлдарына мұндай одақтастыққа қарсы болады. Олар Моғолстан ханымен жақындасып, қарсы одақ құрады. Қасым сұлтанның ағасы Әдік сұлтан Моғол ханының қарындасына үйленеді. Осылайша, қазақ қоғамындағы хандық әулет ішінде бір біріне қарама-қарсы күштер қалыптасады. Бұрындық хан тұсында XV ғасыр соңында Қазақ хандығындағы саяси күштер екіге бөлініп, ол хандықтың сыртқы саяси жағдайына әсерін тигізеді. Бірақ қалыптасқан жағдай Бұрындыққа абырой әкелмейді. Хан ретінде мемлекеттегі барлық саяси күштердің басын қосудың орнына, керісінше олардың бір-біріне қарсы тұруына, ол күштердің бірінде өзі болуы — оның беделінің құлдырауының басы болды.
Дерекқор
Кенесары Қасымұлы – қазақтың соңғы ханы

Шайбаниліктердің қазақ хандығына қарсы жорықтары

1500 жылы Мұхаммед Шайбани соңынан ілескен аз ғана топпен алдымен Бұқараны, онан соң Самарқандты басып алады. Айналасы 3-4 жыл ішінде бүкіл Мәуереннахрды біріктіріп, Моғолстанның қол астындағы Ташкентті моғол ханынан тартып алды. Содан әбден күшейіп, 1505-1510 жылдары аралығында Қазақ хандығына қарсы төрт рет жорық ұйымдастырады. Негізгі мақсаты – Қазақ хандығын бағындыру не әлсірету және Түркістан аймағын Мәуереннахрға қосу.
Алғашқы үш жорық кезінде Бұрындық хан жауға қарсы ешқандай шара қолданбайды. Шайбани хан емін-еркін Жәнібек хан ұлдары - Жаныштың, Таныштың ұлыстарын ойрандап, мыңдаған мал-жанды олжалайды. Тіпті 1509 жылдың қысында болған үшінші жорық кезінде, өз ұлысына қарай жау әскерінің келе жатқанынан хабардар болып, ешқандай қарсылық көрсетпей, қашуға мәжбүр болады. Бұның бәрі Бұрындық ханды бедел-абыройдан жұрдай етті. Елді ортақ жауға, яғни өзінің күйеу баласына және жегжаттарына қарсы белсенді күреске ұйымдастыра алмаған оны халық мүлде естен шығарып, енді соғыстарда қолбасылық ерекше дарынымен және жаужүректігімен көзге түсіп жүрген Әз Жәнібектің ұлы Қасым сұлтанның төңірегіне топтаса бастады. 1510 жылдың басында Мұхаммед Шайбанидің Ұлытау маңындағы Қасым сұлтанға қарсы соңғы - төртінші жорығы сәтсіздікпен аяқталды. Осыдан кейін ел арасында Қасымның беделі арта түседі.
Дерекқор
Махамбет Өтемісұлы туралы қызықты деректер

Бұрындық ханның өлімі

Бұрындық ақырында ешкімге керексіз болып қалады. Өзіне ілесіп Мәуереннахрға қоныс аударған төрт ұлы – Шайқым, Санжар-Жақан, Жақан-Бақты мен Кімсіңнен де қолдау таба алмай, көп қыздарының ішінен Самарқанда тұратын кенжесі Михр Сұлтан ханымның қолына көшіп барды. Қолында вакфтік құжаты бар бұл қызы оны өмірінің соңына дейін бағып қақты.
Қазақ хандығының үшінші ханы қайтыс болған соң көп мұсылманның бірі болып, ешбір қошеметсіз, Үргеніш маңындағы қабірге жерленеді. Бұрындықтың мұндай қасіретті тағдыры кейінгі қазақ хандарына үлкен сабақ болды. Кейінгі тарихта хан тағы босаған сәтте алғашқы қазақ ханының ұлы Бұрындықтың ұрпақтарын таққа отырғызу туралы мәселе ешқашанда қайта көтерілген емес. Енді хандық билік Әз Жәнібек ұрпақтары қолына берік тұрақтады.
Дерекқор
Амангелді Иманов алашордашылармен неге келіспей қалды