Соғыстарда батырлығымен көзге түскен қолбасшы айлакерлігімен, айқас-шайқастарды ұйымдастыра білуімен даңқы шығып, мұрагерлік жолмен емес, өз беделімен Кіші жүздің ханы болды. Sputnik Қазақстан Әбілқайыр ханның өміріне қатысты қызықты деректерді ұсынады.
Әбілқайыр ханның өмірі
Әбілқайыр хан 1693 жылы Түркістан қаласында дүниеге келген. Оны Әбілқайыр Мұқамбет Ғази баһадур хан деп атаған. Ол - Әз Жәнібектің бесінші ұрпағы. Ал Шыңғыс ханнан бастап тарататын болса, хан әулетінің он сегізінші ұрпағы болады.
Әз Жәнібектен тоғыз ұл тарайды, солардың бірі – Өсеке сұлтан одан Бөлекей ноян, одан Ырыс сұлтан, одан Хожа сұлтан, одан Абдолла сұлтан туған, Әбілқайыр осы Абдолла сұлтанның баласы.
Әбілқайыр жастайынан батылдығымен танылып, дарынды әскербасы және білгір саясаткер болды. Ол қиын және әділетсіз заманда өмір сүрді. Жоңғарлар, Еділ қалмақтары, Жайық орыс-казак және башқұрттар түрлі бағыттардан шабуыл жасап, мал-мүлкін жойып, тұтас отбасыларымен тұтқынға алды.
"ХҮІІІ ғасырдың басында Қазақ хандығы саяси тұрғыда бөлшектелген ел болды. Мұнда үш жүз бар еді, олар өз кезегінде бірнеше кішкентай хандықтардан тұрды. Ел феодалдық қақтығыстардан ажырады. Әр түрлі сұлтан топтары қазақ даласында жоғарғы билік үшін және жақсы жайылымдар үшін күрес жүргізді. Сұлтандардың билігі мен сепаратизміне қарсы күресте ХҮІІІ ғасырдың басында Қазақ хандығы сыртқы басқыншылыққа ұшырады", - деп жазды Ш. Уәлиханов.
Қазақ хандығы өз ішінде үш жүзге бөлініп тұрған. Ол кезде әр жүзді билеген кіші хандар Үш жүздің ұлы ханына сөз жүзінде бағынғанымен іс жүзінде өз алдына жеке саясат жүргізе бастады. Әрбір жүздің қарауындағы ұлыстарды билеген сұлтандар да дербестікке бой ұрды. 1715 жылы Тәуке хан қайтыс болғаннан кейін Қазақ хандығының саяси тұрғыдан бөлшектенуі үдей түсті. Тәукеден кейін хан тағын Қайып иеленді.
Ұлы жүздің ханы Жолбарыс, Орта жүздің ханы – Сәмеке, ал Кіші жүзді Әбілқайыр хан басқарды. Әрбір жүз өзінің тәуелсіз саясатын жүргізді. Қазақтың әскері қажет кезде ғана жиналып тұратын. Ал жоңғарда тұрақты әскер болды. Оған қоса, ішкі дау-дамайлар елді әбден бүлдіріп жіберді.
Аягөз шайқасында қазақтың әскері неге жеңілді
Әбілқайыр сұлтан жоңғар басқыншыларына қарсы қазақ халқының азаттық соғысын ұйымдастыруға және жүргізуге белсене араласты. 1710 жылы жазда ол Каракұмдағы бүкіл ел жиналысында қазақ әскерлерінің қолбасшысы болып сайланды. Оның басшылығымен қазақтар Ташкент, Түркістан мен Сайрам шаһарларын қорғап шықты. Ал 1717 жылы Қайып хан мен Әбілқайыр сұлтан отыз мың әскерді бастап, Дүрбін-Ойратқа қарсы аттанды. Бұл оқиға Аягөз шайқасы болып тарихта қалды.
Қайып хан мен Әбілқайыр сұлтанның алдынан 1000 адамнан құралған жоңғар шекарашылары ұшырасады. Ойраттар санының аз болғанына қарамастан, екі жақ кешке дейін шыдап бақты. Ал түнде олар ағаштан бекініс соқты. Ертеңінде сол бекіністің ар жағына жасырынып, атысумен болды. Қазақтар жалаң атыс-шабыстан ештеңе шықпайтын түсініп, бір түнде қорған тұрғызды. Екі жақ сол қорғандардан қарама-қарсы оқ жаудырумен болды. Сол кезде Қайып хан мен Әбілқайыр сұлтан қай батырды жекпе-жекке шығаратынын келісе алмай дауласады. Ал жоңғарға көмекке 1500 адамнан тұратын атты әскер келіп жетті. Олар шекарашылармен атысып жатқан қазақ әскерін тылынан шабуылдады. Мұндай соққыны күтпеген қазақтар жаудан қашып қана құтылды. Бұл шайқаста қазақтың 400-2000 сарбазы мерт болды. Жеңілістің бар кінәсі Әбілқайыр ханға артылды. Бір жылдан кейін Қайып хан қайтыс болды.
Қазақ хандығы дәуірін зерттеген Н.Г. Аполлова өз еңбегінде: "Аягөз шайқасындағы Қазақ хандығы әскерінің жоңғарлардан жеңіліс табуы, сол кезде Әбілқайыр және Қайып хандардың дұрыс жоспар құрмағандығын және өзара қатынастарының нашар болғандығын байқатады. Сондықтан қазақ жауынгерлері сәтсіздікке ұшырап, жеңілді, соңында шегініп кетуге мәжбүр болды", - деп жазған.
Ал белгілі тарихшы ғалым Жамбыл Артықбаев: "Аягөз түбіндегі жеңіліс Қазақ ордасының ұзақ жылғы саяси және әлеуметтік дағдарысының бастамасы болды. Қалай болғанда да қазақ жағын жасытып, болашақтағы "Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама" үрейін бастаған осы жеңіліс болды. Ешқашан жауынан беті қайтпаған дала ұландарының жүрегіне бұл жеңіліс пен шегініс үрей әкелді", - деп тұжырым жасаған.
"Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама"
1722 жылы Қытай императоры Канси қайтыс болғаннан кейін жоңғар жағына қауіп сейілді. Сол кезде Қытай мен Жоңғария арасында уақытша бейбіт келісім болды. Содан жоңғарлардың назары қазақ даласына ауды. 1723 жылы олар бірнеше рет жеңіске жетіп, Сайрам, Ташкент және Түркістан қалаларын жаулап алды. Одан кейін Жоңғария билеушісі Сыбан Рабдан қазақтарға қарсы қалың қол жинап, жойқын күшпен тұтқиылдан шабуыл жасады. Қазақтар шайқас даласында 100 мыңға жуық жауынгерінен айырылды, ал қорғансыз халықтың шығыны одан әлдеқайда көп болды. Аман қалғандары жан сауғалап, төңірекке тарыдай шашырап, жер ауып кетті.
Бұл ауыр оқиға қазақ тарихында "Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама" болып қалды. Әйелдер, балалар мен қарт адамдар адам төзгісіз жол азабына шыдай алмай, жапан түзде қалып, аштан қырылды. Мал-мүлкінен айырылған ел шұбыра-шұбыра табаны ағарып, азып-тозып, сұлап түскен. Жоңғар шапқыншылығынан күйзелген қазақ жеріне Еділ қалмақтары, Жайықтың казак-орысы, Орал башқұрттары, Қоқан бектері, Бұқар мен Хиуа хандары тұс-тұстан шабуыл жасады. Қазақ елі өз тарихында алғаш рет қасіретті зардабы өте зор зұлматқа тап болып, жер бетінен ұлт ретінде жойылып кету қаупіне ұшырады. Қазақтар бұл апаттың сырын түсінді, жауларына қарсылық жасап бақты, ұрпағын қырғыннан аман алып қалудың амалын іздеді.
Қырғынға ұшыраған қазақтар Ташкент, Самарқан, Бұқара жеріне дейін жетсе, бірқатары Арқадан асып, Ырғыз өзені, Торғай даласына дейін кетті. Қансыраған халықтың көпшілігі қырылды. Қалған халықты аман алып шығу үшін қазақ батырлары, хандары, сұлтандары, жыраулары бірлікке келіп, күш біріктіріп күреске шықты.
1726 жыл Ордабасында Болат ханның бастауымен үш жүз хандары (Жолбарыс, Сәмеке, Әбілқайыр), билері (Төле, Қазыбек, Ақсуат) қатысқан үш жүздің құрылтайы өтті. Сол жерде бас қолбасшылыққа Әбілқайыр сайланды. Кіші жүздің ханы ол кезде 33 жаста болған.
Әбілқайыр ханның жорықтары
1727 жылы қалмақ қонтайшысы Сыбан Раптан өліп, оның ұлы Қалдан Серен (Цэрен) билікке келеді. Ал келесі жылы Ұлытауда, Қарасиыр жерінде, Бұланты өзенінің маңында қазақ әскерлері басқыншыларға тойтарыс беріп, қонтайшының ұлы басқаратын экспедициялық корпусты талқандады. Бұл жеңістен кейін халық көкейінде жеңіске қол жеткізуге болады деген сенім ұялады. Басқыншыларға қарсы халық жұмыла көтерілді. Сол кезде Әбілқайыр мен Сәмеке хандар Еділ қалмақтарына және Жайық казактарына қарсы жорықтар да ұйымдастырды.
Үш жүз жасақтары шешуші шайқас алдында Хантауында, Сұңқар тауында (кейін бұл жер Әбілқайыр тауы аталды) жиналды. Шайқас Балқаш көлі, Отар даласы, Шу өзені аралығындағы бедерлі жерлерде өткендігін бұл өңірде жиі кездесетін қазақ, қалмақ қорымдары дәлелдейді. Бұл қорымдар КСРО Бас штабының 1942 жылғы құпия карталарында көрсетілген. Аңырақай аталатын да осы өңір.
1730 жылы көктемде Балқаштың оңтүстік шығысындағы Итішпес елді мекенінде Әбілқайыр бастаған қазақ әскері жауларды тағы талқандады. Балқаштан оңтүстікке қарай 120 км жердегі бұл көл қазір "Сорқұдық" деп аталады. Жоңғарларға қарсы жүз жылдық соғыста қазақ халқы өзгеріс кезеңіне аяқ басты, жеңіске бір табан жақындағандай болды.
Аңырақай шайқасы
Аңырақай шайқасына Қазақ хандығы 30-35 мың әскер, ал жоңғарлар 35-40 мың қолды алып келді деген болжам бар. Орыс зерттеушілерінің деректеріне қарағанда, 1723-25 жылдары қырғынға көп ұшырап, жері жау қолында қалған Ұлы жүз 10 мың жасақ шығарған. Орта жүз жауынгерлерінің саны 15 мыңдай болған. Ал Кіші жүз жер шалғайлығынан 10-15 мыңдай әскермен келген. Үш жүз жасақтарының қимылын үйлестіру міндетін бас қолбасшы Әбілқайыр жүзеге асырды.
Бас кезінде позициялық, күштерді барлау соғысы болды. Екі жақ та өңірдің таулы, жыралы бедерлерін өз мақсаттарына ұтымды пайдаланып, жауын аз шығынмен көп қыруға тырысып бақты. Қалмақ жағының қару-жарағы басым болды. Мылтықпен бірге өздерінде құйылған, Ресейден сатып алынған әртүрлі қашықтыққа атқылайтын зеңбіректері де болды. Бірақ қазақтар сол кезде зеңбірекке қарсы ұрыс тәсілдерін меңгергендігін байқатты.
Итішпестің Алакөлі маңындағы соққыдан есін жия алмай қалған қалмақтар сусыз сортаң жерде шөлге ұшырап, одан әрі соғыса алмай Аягөз, Шарға қарай қашқан. Бірақ қазақтар бұл жеңісті одан әрі ұстап тұра алмады. Оған шайқастың соңғы жағында Болат ханның жараланып, қайтыс болғаннан кейін басталған тақ үшін талас кедергі келтірді.
Болат ханның інісі Сәмеке (Шахмұхамед) ұлы хандыққа сайланбады. Көпшілік Болат ханның баласы Әбілмәмбетті қолдады. Бұған наразы болған Әбілқайыр майдан даласын тастап, Кіші жүздің қолын Ырғыз арқылы батысқа алып кетті. Орта жүз қолының көбісін Сәмеке хан соңынан ертіп солтүстікке бет алды. Осыдан соң біріктірілген қазақ халқының жасақтары ыдырай бастады. Күллі қазақтың әскері ыдыраған соң, әр жүз жаудан жеке өзі қорғана бастады. Бірақ Аңырақай шайқасындағы жеңіс қазақ халқының рухын көтеріп, болашаққа деген сенімін бекітті. Бұл жеңіс Орта Азиядағы саяси ахуалды күрт өзгертті.
Кіші жүздің Ресейге қосылуы
Аңырақай шайқасынан кейін Кіші жүз тұрғындары өте ауыр әскери жағдайға тап болды, төрт жағынан бірдей қоршаған жаудың қыспағында қалды. Тығырыққа тірелген Әбілқайыр Ресейден көмек сұрауға мәжбүр болды.
1730 жылдың күзінде алдымен елші жібереді, одақтас болуды ұсынады. Алайда Ресей бұл ұсынысты қабылдамай, тек протектораттыққа келісетінін жеткізеді. Әбілқайыр хан келісуге мәжбүр болады. Ал 1731 жылы 10 қазанда Кіші жүздің қазақ ақсақалдарының кездесуі ұйымдастырылады. Осы жиында Әбілқайыр хан, Бүкенбай, Есет, Құдай-Назар және басқа да Кіші жүздің 27 феодалы Ресейге ерікті түрде қосылу туралы құжатқа қол қойды. Сол жылы күзде Тевкелев бастаған орыс елшілері Әбілқайыр және Кіші жүз бен Орта жүздің бір бөлігінің старшындарынан ант қабылдайды.
Кіші жүздің ханы сол арқылы Ресеймен тату тұруды, оның қарамағына өткен башқұрт пен Еділ қалмақтарының қазақ қоныстарына шапқыншылығын тоқтатуды, Ресейдің көмегімен жоңғар қалмақтарының қол астында қалған қазақ жері мен қалаларын қайтарып алуды, империя әкімшілігіне сүйеніп, қазақ арасындағы беделін арттырып, үш жүздің басын біріктіріп өзі билеуді, хандықты балаларына сайлау тәртібімен емес, мұрагерлік жолымен қалдыруды көздеді. Бірақ Ресей саясаты Кіші жүздің ханы – Әбілқайыр ханның мықты билігіне қарсы болды. Патшаның құйтұрқы саясатын кеш сезген Әбілқайыр оларға қарсы бірнеше рет қарсы шығады, өз ұлы Қожахметті аманаттан қайтарып алады. Кіші жүзде дербес саясат жүргізуге тырысады. Бірақ одан нәтиже шықпағандықтан, тағы бодандық антын беруге мәжбүр болады.
Әбілқайыр орыс үкіметімен әр түрлі қатынастарды үзбей, жоңғар қоңтайшысы Қалдан Серенмен де астыртын байланыста болды. Ол да ұсынысты құп көреді. Жоңғар тұтқынынан босатылған Абылай арқылы жіберген жарлығында Әбілқайырдың тілегін орындағанын толық көрсетеді. Арадағы достық қатынастар сенімді болу үшін Әбілқайырдың өз баласына мың қазақты ертіп, Жоңғарияға жіберуін, осыған жауап ретінде өз баласын мың ойратпен қазақтарға жіберетінін айтады. Дегенмен, Әбілқайырдың Қалдан Серенмен құда болып, оған арқа сүйеп, ойдағымды жүзеге асырам деген үміті де ақталмай қалады. 1745 жылдың қыркүйегінде Қалдан Серен қайтыс болады.
Әбілқайыр ханның өлімі
Әбілқайыр хан жоңғар шапқыншылығы әлсіреген сайын Ресейден бойын аулақ салуға тырысты. 1740 жылы Хиуаны басып алып, сол жерде аз уақыт хан атанды. Бірақ Иранның Нәдір шаһынан ығысып, тастап шығуға мәжбүр болды.
Әбілқайыр үш жүздің қадірлі билерімен, белгілі батырларымен, саяси қайраткерлерімен тығыз қарым-қатынас жасады. Өзінен жас, беделі өсіп келе жатқан Абылаймен әр кезде түсінісе білді. Абылайдың бір әйелі Қарашаш – Әбілқайырдың қызы.
Кіші жүз ханы ретінде оның саясатында қайшылықтар да бар. Қазақ даласын отарлаудың тірегі болған Ор бекінісін салуды өзі ұсынды. 1737-38 жылғы башқұрт халқының отаршылдық езгіге қарсы көтерілісін басуға қатысуы туысқан екі елдің қарым-қатынасын шиеленістірді. Әбілқайырдың дербестігі мен қазақ даласына жайылып кеткен атағы кейбір сұлтандарға ұнамады.
Солардың бірі – Барақ сұлтан. Ол жоңғар шапқыншылығы кезінде зор беделге ие болған тұлға. Әбілқайырдың Ресейдің қолдауы арқылы күшейіп кетуінен сескеніп, оған қарсы шығады. Ал 1748 жылы Әбілқайырдың 50 шақты адаммен Орынбордан қайтып келе жатқанын естиді де, мүмкіндікті пайдаланып қалуды ойлап, тұзақ құрады. Осы шайқаста қарсыластарының күші басым екенін көріп тұрған ханның күзетшілері оған қашуды ұсынады. Бірақ Әбілқайыр хан бұдан бас тартып, осы шайқаста қаза табады.
Әбілқайырдың моласы Қабырға өзенінің Ұлқұяққа құятын тұсында, Торғай қаласынан 80 шақырым жерде. Кейін бұл ара "Хан моласы" аталды.
1750 жылдың көктемінде, кейбір деректерге қарағанда, Әбілқайырдың кегін қайтарушылар Қарнақ қаласында Барақты және екі ұлы мен қызметшісін у беріп өлтірген.