Дерекқор

Алтыншы мүшел: 73 жаста не істеу керек

Қазақтың жыл санауы бойынша жетпіс үш жас "алтыншы мүшел" немесе "алтыншы бунақ өмір" деп саналады.
Sputnik
Қазақта 73 жасты "алтыншы мүшел" деп атайды. Оған жеткен ер адамдар мен әйелдерге қатысты сөздер де қолданылады. Әрбіреуі сол адамның білім деңгейі мен әлеуметтік мәртебесін көрсетеді. 73 жас та қатерлі кезең болып саналады. Сол себепті қазақ халқы барынша сақтанып жүрген. Sputnik Қазақстан алтыншы мүшелге қатысты қызықты деректерді ұсынады.

Ауылдың құт-берекесі

Қазақтың жыл санауы бойынша жетпіс үш жас "алтыншы мүшел" немесе "алтыншы бунақ өмір" деп саналады. Осы кезді "жер орта жастан ауған жас", "қарттық жас", "ұлық жас", "жетілген жас", "жетелі кезең", "жеті қырқалы шақ", "өтпелі өмір" дейді. Ал кейде нашарлау шалдарға "таяқты өмір", "жемір шал", "қақпас шал" деген мінездеме беріп жатады. Ал 73-тегі аналарды "асқар ана", "дана ана", "қарт ана", "сары қарын ана", "құт ана", "ақ шылауышты ана", "ақ самайлы апа" деп атайды.
Дерекқор
Мүшел жас туралы не білу керек
Жетпістен асқан ата болсын, әже болсын, ауылдың құт-берекесі болып саналады. Олар – төрдің сәні, өмірдің мәні. Ауыр жұмысқа жекпейді, бетіне қатты сөз айтпайды, бұл жастағы ата мен анаға кәрін төккен адам оңбайды. Бастағы бақыттың қайтуы, өмірдің қысқаруы, жолдың болмауы, бақтың байлануы, сордың қайнауы ата мен ананы өкпелетуден бастау алады. Қазақ қашанда "алтыншы мүшелге" аяқ басқан адамның батасын алуға тырысқан. Көңілін тауып, қош етсе, бар бақыттың қақпасы ашылатынын білді.

Алтыншы мүшелде не істеу керек

Жетпіс үш жас – бұл кәріліктің мойынға мініп, аяғын тұсап, отырса тұруы, тұрса отыруы мұң, жатса ұйқы жоқ, адамның діңкесі құрып, "ай хай, жас кезім-ай" деп көкірегі қарс айырыла күрсініп, дөңбекшіп барып ұйықтайтын кез.
Қазақта мүшел жасқа келген адамның бағалы затын сыйға тарту сияқты әдет-ғұрыптар бар. Себебі сыйлық аман-саулық пен бақыт жолында берілген садақа іспетті. Бұрын байлар мүшел жасқа келгенде атын не қымбат тонын, алтын жүзігін жан садақасы деп малдай, заттай сыйлаған. Сосын ондай сыйлықты жай адамдарға емес, бата бере алатын, дуалы ауызды адамдарға берген.
Қазақ адамның өмірі әр 12 жылдан бір қайырылғанда қамыстың буын-бунағына ұқсайды деп қараған. Жел ұрған қамыс буынынан сынады. Өмірдің де буыны мүшел жас деп қараған. Сондықтан мүшел жасында алыс сапарға жалғыз шықпаған, той жасамаған, адамдармен ұрыспаған.
Дерекқор
Бірінші мүшел: 13 жаста не істеу керек
Сосын қазақ халқы мүшел жасқа толған жылы өз жасын жасырады. Бір жасты не кемітіп, не арттырып айтады. Себебі мүшел жастағы адамға тіл-көздің сұғы тиеді деп ойлаған. Одан қалды, мүшел жасында сәнді киініп, көрікті болып, көзге түспейді. Себебі ондай жағдайда тіл мен көз тез тиеді деп қорыққан. "Мүшел жастағы адамның бір аяғы көрде, бір аяғы жерде болады" деген сенім бар.

Мал шалу керек пе?

Кейбіреулер мүшел жаста мал шалады. Бірақ этнографтардың айтуынша, мүшел жасқа келгенде мал сойып, қан шығару керек деген ырым дұрыс емес. Мүшел жаста қан шығармайды. Жәндіктерді де беталды өлтіре бермейді.
Ал дін саласының мамандары қауіп-қатерді мүшел жаспен байланыстырмау керек деп санайды.
"Садақа бәле-жаладан қорғайды дейді. Сіз оны күн сайын бересіз бе, әлде арнайы 25 жастағы мүшелге толғанда бересіз бе, еш айырмашылығы жоқ", - дейді олар.
Қариялар да мүшел жаста құран оқып, тамақ берумен шектелмеу керек дейді. Қайырымдылықты жыл бойы, өмір бойы жасаған жөн.
Дерекқор
Екінші мүшел: 25 жаста не істеу керек

Дінде мүшел жасқа қатысты талап бар ма

Ислам дінінде мүшел жасты қауіпті кезең деп санау, ал одан аман-есен өту үшін құран бағыштау керек немесе өзінің жақсы көретін киім-кешектерін тарату қажет деген талап жоқ. Бірақ шариғатта адамның жасына қарай өмірдің бірнеше кезеңі көрсетілген. Олар:
Құрсақтағы шағы. Бала құрсақта пайда бола салысымен өмірге келу, текті алу, мұрагер болу сияқты құқықтарға ие болады;
Сәби шағы. Мүмәйіз жасына жетпеген шақ, яғни шамамен 6-7 жасқа келмеген кезі;
Мүмәйіз шағы (шамамен, 7-12 жас). Бұл жастағы бала намаз оқу, Құран оқу сияқты діни жол-жоралғыларды үйрене бастайды. Бірақ міндеттелмейді. Сыйлық алу, садақа алу, істеген жұмысының ақшасын алу сияқты пайда тигізер әрекеттерді өз бетінше жүргізе алады.
Балиғатқа толған шағы. Бұл шақ қыздарда 9 жаста, ал ұлдарда 12 жаста басталады. Ал ең кеш уақыты қыздарда – 17 жас, ұлдарда – 18 жас. Балиғат жасқа жеткен адамға намаз оқу, ораза ұстау, зекет беру, қылмыс үшін жауап беру сияқты міндеттер жүктеледі;
Рушд шағы. "Рушд" деп өз дүниесін далаға шашпай, меншігіндегі мал-мүліктің қадірін жетік түсінетін ақыл-ойы жетілген шақты айтады.

Мүшел жасты ойлап тапқан кім

Уақыт айқындаудағы мүшел жылы есебін жүргізу тәжірибесі көне түркі мәдениетінен бастау алады. Оны ғалым Айткүл Махаева да "Көне түріктердің рухани мәдениеті" атты еңбегінде жазды.
"Түрік тайпалары он екі жыл уақытты мүшел деп атаған. Мүшелдегі жылдар 12 түрлі хайуанның: тышқан, сиыр, барыс, қоян, ұлу, жылан, жылқы, қой, мешін, тауық, ит, доңыз атымен байланыстыра саналған", - деп жазды тарихшы.
Дерекқор
Мүшел жас: 37 жаста не істеу керек
Ал мүшелдің шығуы мен дамуын арнайы зерттеген француз ғалымы Э.Шаванн (1865 – 1918) өзінің "Түркілердің он екі жылдық мүшелі" (1906) атты еңбегінде "мүшел есебін ойлап тапқан түріктер" деген тұжырымға келген. Қазақтар да адамның жас мөлшерін мүшелмен есептеген. Бұл кезеңдер адам өмірінде әрбір 12- жылдан 13- жылға қараған уақытта болатын қатерлі кезең ретінде қабылданатын наным бар. Сол себепті қазақ халқы мүшел жасқа аяқ басқан бала тәрбиесіне ерекше назар аударып, оларға түрлі қауіп-қатерлерден сақтанып жүруді ескертіп отырған.

Әр мүшелге қойылатын талап қандай

7-10 жас аралығы қозы жасы. Бұл жастағы балаларға төрт түлік малдың төлдерінің ен-таңбасын, белгі, қасиеттерін жыға тану талабын қойған.
10 жастан 20 жасқа дейін – қой жасы. Ер бала осы жас аралығында қойдың қырық қайырымын білу, астық жинау (ұрық таңдау, баптау, ору, жию, қамбалау) әдісі, бағбандық (көшет отырғызу, баптау, бұтау, үзу, сақтау) сияқты амалдарды толық меңгеруі тиіс.
20 жастан 30 жас – жылқы жасы. Бұл жастағыларға ел танып, жер танып, тың жол тауып, жаңа бастама көтеріп, жылқының жиырма қасиетін меңгеріп, жеті қараңғыда адаспай жол табатын, қауіп-қатерге жолыққанда ерлік көрсете алатын, батыл да, батыр болуы тиіс.
40 жас – жігіт ағасы, дүр жігіт. Қырыққа келген азаматты елдің тірегі санап, сын сағатта иек артқан.
50 жас – ел ағасы. Кейінгі ұпаққа жөн сілтеп, ақылшы болған. 60 жас – отағасы, пайғамбар жасы.
70-80 жас – қарасақал, ақсақал деп құрмет тұтқан.

Мүшелге қай кезде кіреді

1 – мүшел – 13 жас (ер жете бастау). 13-те кіреді – 14-ке шығады
2 - мүшел - 25 жас (жігіттік шақ). 25-те кіреді – 26-да шығады
3 – мүшел – 37 жас (ақыл тоқтату). 37-де кіреді – 38-де шығады
4 – мүшел – 49 жас (орта жас). 49-да кіреді – 50-де шығады
5 – мүшел – 61 жас (орта жас). 61-де кіреді – 62-де шығады
6 – мүшел - 73 жас (қарттық). 73-те кіреді – 74-те шығады
7 – мүшел – 85 жас (кәрілік). 85-те кіреді – 86-да шығады
8 – мүшел – 97 жас (қалжырау). 97-де кіреді – 98-де шығады
9 – мүшел - 109 жас (шөпшек сүю). 109-да кіреді – 110-да шығады
10 – мүшел – 121 жас (немене сүю). 121-де кіреді – 122-де шығады
Дерекқор
Қазақтың киіз үйі туралы қызықты деректер

Әрбір мүшелдің маңыздылығы қандай

13 жас кейбір нәзік балалар үшін қауіпті, өйткені баланың бойындағы өзгеріс кезеңі жәймен өтсе қауіп жоқ, ал күрт өзгерсе, кейбір балалар жүрек, жүйке ауруларына ұшырауы мүмкін деседі.
25 жас – жігіттіктің алғашқы сатысы. Ол кезде ер жігіт бусанып, дене құрылысы өсіп, жетіліп, күші тасып тұрады. Бұл мүшелде де садақа беріп, келесі мүшелге дейін аман-есен болайын деп ниет етеді.
37 жас - адам өміріндегі ең басты мүшел. Бұл мүшелде адам жігітшіліктен мосқалдау кезеңге өтіп, ақыл тоқтатып, дүниеге қызыға да, қызғана қарайды.
49 жас - бұл адамның даналыққа аяқ басатын кезеңі. Бұл мүшелде кейбіреуі немере сүйсе де, кәрілікке мойын бұрмай, "маған кәрілік келмесе екен, әлі де болса қартаймай ойнап-күліп қалайыншы" дейтін кезі.
61 жас - адамның даналығы артып, өзінен туған балаға сын көзбен қарап, басқан ізін аңдып, жаман-жақсысын ажыратып, өзі де тәрбиеге келетін кезеңі.
73 жас - бұл кәріліктің мойынға мініп, аяғын тұсап, отырса тұруы, тұрса отыруы мұң, жатса ұйқы жоқ, адамның діңкесі құрып, "айһай, жас кезім-ай" деп көкірегі қарс айырыла күрсініп, дөңбекшіп барып ұйықтайтын кез.
85 жас бұл мүшелде адамның айдай басы қатып, өзінен кейінгілермен бала құсап ұрсып, жеген тамағын жеген жоқпын деп, өкпелегіш болатын кез. Сол үшін де ел арасында "күлсең кәріге күл", бұл жасқа жеткен де бар, жетпеген де бар деседі.
Жеті мүшелден кейін "сарқыншақ", "таусыншақ" деп сұрауы жоқ мүшелге теңейді: 97 жас (қалжырау), 109 жас (шөпшек сүю), 121 жас (немене сүю).
Дерекқор
Қазақ халқы қандай сандарды қасиетті санаған