Дерекқор

Шәкәрім Құдайбердіұлы елсіз жерге неге кетіп қалды

Биыл ақын, жазушы, философ, тарихшы, композитор Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына 165 жыл толып отыр
Sputnik
Абайдың інісі өмірдің мәнін іздеу жолында біраз қиындық көрді, адасты, елсіз жерге де кетіп қалды. Sputnik Қазақстан ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты қызықты деректерді ұсынады.

Сегіз қырлы, бір сырлы

Шәкәрім Құдайбердіұлы 1858 жылы 11 шілде күні Шыңғыстауда Байқошқар өзенінің бойындағы Кеңбұлақ деген жерде (қазіргі Абай ауданында) дүниеге келген. Әкесі Құдайберді – Абайдың туған ағасы. Құнанбайдың Күңке деген бәйбішесінен туған.
Шәкәрім бес жасында ауыл молдасына барып, хат танып, 7 жасына дейін оқыды. Сонда оқып жүргенде әкесінен айырылды. Абай оны өз тәрбиесіне алды. Ағасының тәрбиесі табиғатынан зерек Шәкәрімнің жетімдік көрмей өсуіне ғана емес, оның дарынды ақын, парасатты ой иесі болып қалыптасуына да зор ықпал етті. Арнайы оқу орындарында білім алмаса да, өз бетінше ізденді. Араб, парсы, түрік пен орыс тілдерін үйреніп алды.
Дерекқор
Бұқар жырау туралы қызықты деректер
Домбыра тарту, гармонда ойнау, қаршыға, бүркіт баулып, саятшылық, жасау, сурет салу, өлең жазу секілді қасиеттердің барлығы Шәкәрімнің бойынан табылды. Тіпті, қалтасындағы сағатының механизміне дейін ақтарып, тоқтап қалса, өзі жөндеп жүргізіп алатын болған.
Шәкәрім ой еңбегімен қатар, дене еңбегіне төселіп шыңдалған. Ұлттық киімдердің үлгісін жаңарту, ас пісіру, дастархан әзірлеу, көшпелі ел жағдайында қар үстінде шырпысыз от жағу, іргелес қыстаулардың арасында сымды қатынас орнату сияқты тұрмыс мәдениеті жөнінен халыққа өзі тапқан тәсілдерін ұсынған, ауырып қалғандарға алғашқы жәрдем де көрсеткен. Медицинадан сауаты болған, дәрі-дәрмек қобдишасын ұстаған.

Бұрынғы арманын жүзеге асырды

Шәкәрім ұстазы Абайдың тапсырмасы бойынша шежіремен айналысты. Ал 25 жасында "Қазақтың түп атасы" деген еңбегін жазды. Абай қайтыс болғаннан кейін қажылыққа баруға шешім қабылдайды. 1905 жылы Меккеге барады. Ақын осы сапарын пайдаланып, өзінің байырғы арманын жүзеге асырды. Ыстанбұл мен Париж кітапханаларына барады, туған халқының тарихына байланысты кітаптарды оқиды. Сол жерде жинаған материалдардың негізінде "Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі" кітабын, одан кейін "Мұсылмандық шарты" еңбегін жазып шығады.
1908 жылы Пушкиннің "Дубровский" мен "Боран" шығармаларын өлең түрінде аударады. Шәкәрім Құдайбердіұлы бұл арада халқының басым бөлігінің хат танымайтындығын ескеріп, жаттауға ыңғайлы болатын өлең формасына әдейі жүгінген. Әсіресе, Лев Толстойдың шығармаларын аударады. Орыстың ұлы жазушысымен хат алысып тұрады, ақыл-кеңес сұрайды.
Дерекқор
Махамбет Өтемісұлы туралы қызықты деректер
Шәкәрім Құдайбердіұлы "Өмір", "Сәнқойлар", "Ызақорлар", "Құмарлық", "Қалжыңбас", "Тойымсыз нәпсі" сияқты дидактикалық өлең-жырларында жасанды мінез бен жағымсыз қылықты сынға алады. Жастарды адамгершілік ақ жолға, өнер-білімге үндеді.
1912 жылы Семейде "Қазақ айнасы" өлеңдер жинағы, "Қалқаман-Мамыр", "Еңлік-Кебек" поэмалары басылып шығады. Шәкәрім Физулидің "Ләйлі-Мәжнүн" дастанын аударып шықты. Ақын демократтық, халықтық, гуманистік-ағартушылық бағытты ұстанды. Ал өзі ізденіп оқыған кітаптар туралы былай жазған: "Оқыған кітаптарымның мұсылманшасы: тәбри — тарихи ғұмуми, тарихи ғұсмани, тарих антшар аласлам, Нәжип Ғасымбектің түрік тарихы, Әбу Алғазы Баһадур ханның язған шәжірәи түрік және һәр түрлі кітаптардан алынған сөздер; Орысша кітаптардан окығаным: Радловтың ұйғыр туралы, Аристовтың түркі нәсілі туралы, дүниедегі һәр түрлі жұрттың шежірелерінен орысшаға көшірілген сөздері. Оның ішіндегі түріктің ең ескі заманындағы шежіре кітаптары Құтадқу білік, Қошу чидам деген кітаптардың сөзі. Және араб-парсы-рум-европа жазушыларының сөзі".

Шәкәрім нені іздеді

Шәкәрім Құдайбердіұлы кітаптарды оқығанда адам және әлем сырын тануға тырысты. Жан не? Дін не? Барша ғалам қалай жаралған? Осы сұрақтарға жауап іздейді. Шәкәрім Құдайға сенген. Бірақ "талай дінді тексердім, ешбірі миға сыйған жоқ" дейді.
Толстойдың ілімі әсер етті ме, 1908 жылы Шәкәрім Құдайбердіұлы сахарада сирек кездесетін мінез көрсетіп, елсізге шығады, өзі "саят қора" деп атаған үйде жападан-жалғыз тұрады. Бірақ халқынан бөлектенген жоқ, қажылықтан қайтқан атасы Құнанбай секілді шымылдық құрып, жарық дүниені төр етпейді, өлеңін жазып, әлем оқиғаларына үн қосып отырады.
Дерекқор
Абылай хан туралы қызықты деректер
Өмірін жақсартуға тырысқан ғалымдарды көп оқыды. Біреулер адам өмірі жаратқан иесін танумен түзеледі десе, кейбіреулері үкімет жойылса, әркім өз бетімен өмір сүрсе түзеледі деді. Ал біреулер оқу-біліммен, халықты ағартумен, бай мен кедейді теңеумен түзеледі деген. Шәкәрімнің өзі бұл идеялардың ешқайсысы адам жаратылысын өзгерте алмайтынына сенімді болған.
Бір сайлау мерзімі болыс та болып көреді. Артынша ол "еріксіз жемтік шоқыдым", "ар кетіп, айла жамылдым" деп опынады, ұлық болуды дәреже көріп, лоқығанына өкінеді, сусаған ғылымнан жырақтағанына налиды.

Шәкәрім кеңес үкіметін неге қолдады

Шәкәрім Құдайбердіұлы 1917 жылғы төңкерісті қуана қарсы алды. "Бостандық туы жарқырап", "Бостандық таңы атты" деген жырларын революцияға арнады. Бірақ кей кезде адасып, дос пен дұшпанның ара-жігін айыра алмай қалған кездері де болды.
1918 жылдың басында ол алашордашылардың шақыруымен Семейге келеді. Жолда қаланы қызылдардың алғанын естиді. Алашордашылар болса, Шәкәрімді сыртынан сот етіп сайлап қойды. Ақын оған көне салады. Бірақ көп ұзамай, Семейді ақтар кайтадан басып алады. Шәкәрім: "Оған тағы құл болдық, сатылған малмен пұл болдық", - деп, ақтардан көңілі қалады, еліне оралады. Бірақ күзде Алашорда үкіметі ақынды қайтадан Семейге шақырады. Сол кезде ақын "Алашорда бір бөлек, қауымның ойы өзгерек" екеніне көзі әбден жетеді. Ол еліне тартып отырады. Ауылда ақтардың салған ойранының куәсі болады. Сондықтан қызылдардың билігі орнағанда қатты қуанады.
Дерекқор
Сұлтан Бейбарыс туралы қызықты деректер
Шәкәрім Құдайбердіұлы тағы да өзінің "саят қора" аталатын жырақтағы мекеніне кетсе де, дұшпандары оған тыныштық бермеді. Молдалар Шәкәрімді "дін бұзар" деп айыптады. Бай-жуандар "алжығанын" мәлімдеді.

Шәкәрімнің әндері

Шәкәрімнің әндерін алғаш рет голландиялық Альвин Бимбоэс нотаға түсірген. Ол 1919-1922 жылдар аралығында Ақмола саяси бөлімінде нұсқаушылық қызмет атқарып жүріп, қазақ әндерін нотаға түсірумен шұғылданады. Соның нәтижесінде 1923 жылы Н.Ф. Финдейзеннің редакциялауымен шыққан "Музыкалық этнография" жинағында Бимбоэстің қазақ музыкасы туралы жазған көлемді мақаласына қоса қазақтың жиырма бес әнінің нотасы басылады. Осы жинаққа "1 Шакарим", " 2 Шакарим" деген атпен екі әні де енді. Бірақ екі әннің де өлеңі нота астына жазылмаған, тек орыс тілінде мазмұны берілген.
Бимбоэс нотаға түсірген "1 Шакарим" әнінің екінші түрі Затаевичтің 1925 жылы шыққан "Қазақ халқының 1000 әні" жинағына "Тілек-бата" деген атпен енген. Ал Шәкәрімнің "Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек" деген әні Затаевичтің 1931 жылы жарық көрген "Қазақ халқының 500 әні мен күйі" деген жинағында "Шәкәрім Құдайбердин әні" деген атпен жарияланды.
Дерекқор
Қазақтың әйгілі күйшісі Дина Нұрпейісова туралы қызықты деректер
Шәкәрімнің "Жиырма үш жасымда", "Жылым – қой, жұлдызым – июль", "Қорқыттың сарыны", "Қорқыт, Хожа Хафиз түсіме енді де", "Анадан алғаш туғанда", "Сұраған жанға сәлем айт", "Ойладым бір сөз жазайын да", "Мұтылғанның өмірі", "Сен ғылымға болсаң ынтық", "Көңіл", "Байғазы" сынды әндері де сақталды.

Шәкәрімді атқан кім

1931 жылы күзде Шәкәрім Құдайбердіұлы аудан орталығына бет алады. Осының алдында ғана бандымен байланысы бар деген кінәмен ұсталған жерінен босап шыққан. Сол кезде мылтық даусы гүрс ете түседі. Жетпістің үшеуіне келген қарттың иығына оқ тиіп, аттан құлайды. Көзін ашса, жанында ОГПУ қызметкері мен милиционері тұр екен. Шәкәрім Құдайбердіұлы олардан аудан орталығындағы ауруханаға жеткізуді өтінеді. Жауап орнына мылтық тағы да шаңқ ете қалады.
Дерекқор
Әйтеке би туралы не білеміз
Жазалаушылар ақынның денесін айдаладағы құдыққа тастап кетеді. Шәкәрім Құдайбердіұлы "халық жауы" ретінде айыпталып, шығармаларын оқуға тыйым салынады.
Араға алпыс жыл салып, тек 1988 жылы ғана Шәкәрім ақталады. Оның өлмес, өшпес мұрасы халқына қайта оралды. Осы жылы ақынның "Жазушы" және "Жалын" баспасынан өлеңдер, ал "Өнер" баспасынан әндер жинақтары жарық көрді. 130 жылдығы Абай ауданында, ал 1998 жылы 140 жылдығы Семей қаласы көлемінде тойланды.
Семейдегі бір жоғары оқу орнына қажының есімі беріліп, ескерткіші орнатылды, қала орталығындағы үлкен бір даңғыл ақын есімімен аталды. Мұның сыртында қаладағы байырғы бір қазақ мектебіне ақынның есімі берілді.
Дерекқор
Адамзаттың ұстазы әл-Фараби туралы не білеміз