Шығыстың ғұлама ойшылы Әбу Насыр әл-Фараби туралы білмейтін адам кемде-кем. Әлемге әйгілі ойшыл, философ, социолог, математик, физик, астроном, ботаник, лингвист, логика, музыка зерттеушісі Аристотельден кейін "екінші ұстаз" атағына ие болды. Әл-Фараби Шығыс пен Батыстың ғылымы мен ежелгі мәдениетін табыстырып, еуропалық Ренессанстың өрлеуіне үлкен ықпал етті. Ғұламаның еңбектері әлі күнге дейін өз маңыздылығын жоғалтқан жоқ. Sputnik Қазақстан ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына қатысты қызықты деректерді ұсынады.
Фарабтан шыққан Әбу Насыр
Әлем оны "Әбу-Насыр әл-Фараби" деп таниды. Бірақ азан шақырып қойған аты – Мұхаммед. Әкесінің есімі де сондай болған. Атасының аты – Тархан, бабасы – Ұзлақ. Сол кезде "тархан" деген әскери атақ та болды. Ал ғұламаның толық аты-жөні - Әбу-Насыр Мұхаммед Иби Мұхаммед ибн Ұзлақ ибн Тархан Әл-Фараби.
Ұлы ойшылдың балалық және жастық шағына қатысты деректер жоқ. Дегенмен, 870 жылы Арыс өзенінің Сырдарияға құятын сағасындағы Фараб қаласында (қазіргі Түркістан облысындағы Отырар қаласының маңайында болған ортағасырлық қала) дүниеге келгені белгілі. Отырарды арабтар "Барба-Фараб" (мағынасы - "қазыналы қала", "бай қала", "көркем қала" ) деп атаған. Сол себепті ол Әбу Насыр әл-Фараби, яғни, "Фарабтан шыққан Әбу Насыр" атанып кеткен. Ал "Әбу Насыр" деген атауға қатысты бірнеше жорамал бар. Ғалымдардың пайымдауынша, Әбу Насыр "Насырдың әкесі" дегенді білдіреді, яғни әл-Фарабидің Насыр деген ұлы болған. Тағы бір жорамалға сәйкес, бұл – арабтардың ерекше құрмет белгісі. Шығыста ұстазды немесе қадірлі адамды өз атымен атамайтын дәстүр болды. Сол себепті халық ойшылды "Әбу Насыр", қазақшаға аударғанда "жәрдемші" деп қадірлеген.
Әбу Насыр бала күнінен ғылымға үйір болып өсті. Оның бақытына қарай сол заманда Отырар жақта аса бай кітапхана болған. Әл-Фараби парсы, грек тілдерін үйренді, осы тілде ғылыми трактаттар оқыды.
Ұлы ойшыл бастапқы білімін Фараб пен Бұқарада алды. Одан кейін Бағдатқа аттанды. Негізгі масқаты – білімді жетілдіру. Бағдат шаһарында логика, математика ғылымдарын терең зерттеп, араб тілін меңгеріп алды. Дүниенің өткінші қызықтарынан, ойын-сауықтан алыс жүрді. Тұрмысына жетерлік аз дүниеге қанағат етіп, уақытының барлығын ғылым жолына арнады.
Білімге деген құштарлығының арқасында әл-Фараби сол уақыттағы ғылым мен білімнің ордасы саналған Дамаск, Халеб, Каир, Шаш, Самарқан, Мерв, Нишапур, Рей, Хамадан қалаларында болып, білімін үнемі жетілдіріп жүрді. Сол жерде Шығыстың ең көрнекті ғалымдарымен танысады. Олардан тәлім-тәрбие алады.
Ғұламаның еңбектері
Әл-Фарабидің шығармашылық мұрасы орасан зор, айналысқан ғылыми салалары да кең. Тарихи деректер бойынша 70-ке жуық тіл білген. Өздігінен көп оқып, көп ізденген ойшыл философия, логика, этика, метафизика, тіл білімі, жаратылыстану, география, математика, медицина, музыка салаларынан 150-ге жуық трактат жазып қалдырды.
Ғылыми еңбектерінің ең әйгілісі "Қайырымды қала тұрғындарының көзқарасы жайлы трактат" деп аталады. Оның атақты "Музыка туралы үлкен трактат" деген шығармасы әлемнің көптеген тілдеріне аударылған. Біздің дәуірімізге жеткен теңдесіз жаңалықтарының бірі – кәдімгі нота. Ол музыкалық дыбыстарды бірінші болып қағаз бетіне түсірді. Музыкалық аспап та жасаған. Домбыраның баламасын жасады деген жорамал бар. Ал астрономияда әл-Фарабидің күн сағатын жасау әдісі әлі күнге дейін қолданылады.
Әл-Фараби философия саласы бойынша грек ойшылы Аристотельдің "Категориялар", "Метафизика", "Герменевтика", "Риторика", "Поэтика", бірінші және екінші "Аналитика", "Топикасы" және тағы басқа көптеген еңбектеріне түсініктемелер жазды. Аристотельдің әлеуметтік-қоғамдық идеяларын дамыта отырып, "Кемеңгерлік меруерті", "Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы", "Мәселелердің түп мазмұны", "Ғалымдардың шығуы", "Бақытқа жету", "Азаматтық саясат", "Мемлекеттік қайраткерлердің нақыл сөздері" сияқты көптеген сындарлы философиялық еңбектер жазған.
Фараби бұл еңбектерде дүние, қоғам, мемлекет, адамдардың қатынастары туралы заманнан озық тұрған пайымдауларын жеткізді.
Әл-Фарабидің нақыл сөздері
Аристотельден кейінгі екінші ұстаз атанған Әбу Насыр Әл-Фарабидің қанатты сөздері көп. Онда көтерілген мәселелер әлі күнге өз маңыздылығын жойған жоқ.
Адамның тоқымашы не хатшы болып тумайтыны тәрізді, қайырымдылық пен қайырымсыздық та жаратылыстан бойға өтпейді;
Ізгі және қажетті шаруа атқарған адамның бәсі де жоғары болуы керек;
Қандай әрекет жасап, қандай іс істер болсаңыз да – игілігін көріп, рахатына бөленуді мақсат тұтқан жөн.
Өз ісіңнің білгірі һәм шебері атану үшін жақсы жұмыс істеп, жетік білуге ұмтылу керек;
Музыканың негізгі міндеті – адамның эстетикалық қажетін өтеу;
Ұстаздық мінез-құлық нормасы мынадай болуға тиіс: ол тым қатал да болмауы керек, тым ырыққа да жығыла бермеуі керек. Өйткені аса қаталдық – шәкіртті өзіне қарсы қояды, ал тым ырыққа көне беру – қадірін кетіреді, берген білімі мен ғылымына шәкірті селқос қарайтын болады;
Ең тамаша әрекет – бақытқа қол жеткізетін еркіндік.
Тәрбиелеу дегеніміз — адамның бойына білімге негізделген этикалық құндылықтар мен өнер қуатын дарыту;
Бақытты қаланың үлгісі
Ұлы ойшыл "Ара’у әл-Мәдинат әл-Фадила" ("Ізгі қала тұрғындарының көзқарастары туралы трактат") атты кітабында бақытты қаланың үлгісін сипаттап берген. Әл-Фараби басқаруды қайырымды және қайырымсыз деп екіге бөлді. Қайырымды, білімді, мәдениетті басқару – халықты бақытқа бастайды, олардың іс-әрекетін, ерік-жігерін осы жолға бағыттайды, әділеттілікке бет бұрады. Ол үшін басқару заң күшіне, игі тәжірибеге негізделуі тиіс. Ал қайырымсыз, надан басқаруда теріс әрекеттер мен жаман қасиеттер бой алады. Қоғамның қайырымды болуы адамды жан тыныштығы мен шын бақытқа жетелейді. Ал қайырымды қоғам ұғымын ғұлама: "Адамдар бірлестігі шынайы бақытқа жеткізетін істерде өзара көмектесу мақсатын қойған қала – қайырымды қала, ал адамдары бақытқа жету мақсатымен бір-біріне көмектесіп отыратын қоғам – қайырымды қоғам",- деп нақты көрсетеді.
Ғұлама ғалым қала тұрғындарының осы дүниеде де, ақыретте де бақытты болуларының жолдарын іздейді. Әрбір халықтың осы бақытқа жетуіне қажетті жайттардың ғылыми негіздерін жасап шыққан. Қалалардың ізгілері мен бұзықтарын да сипаттап береді.
Бүгінде әлем бойынша бақытты мемлекеттер рейтингісі жиі жарияланып тұрады. Ал кейбір елдерде бақыт министрлігі де бар. Осылайша, барлығы қайырымды әрі бақытты қоғамды құруға күш салып жатыр. Әл-Фараби болса, оның үлгісін жазып кеткен.
Бақытқа жету жолы қандай?
Әл-Фараби "Бақытқа жету туралы кітап" еңбегінде былай жазды:
"Ғақлия көзбен қарасаң,
Дүние – ғажап, сен – есік.
Жаһлы көзбен қарасаң,
Дүние – қоқыс, сен – меншік".
Ғұлама өмірге келген әрбір адам бақытты болу үшін өмір сүреді дейді. Ал бақытқа жету жолында үш түрлі деңгейден өтеді. Олар: әрекет, жан эффектісі және ақыл парасат. Осы үш күйдің ішіндегі адамға бақытқа жетер жолда ең қажеттісі – ақыл-парасат. Адам ақылы жоғары, дүниетанымы кең болған сайын кейбір дүниелерді пайымдауға, ғылым мен өнерді ұғынуға, жақсы қылық пен жаман қылықты ажыратуға мүмкіндігі жоғары болады.
"Біз қандай іс-әрекет жасасақ та содан рахат табу, соның рахатын көру біздің мақсатымыз болады", - дейді әл-Фараби. Демек, әрбір жасаған ісімізді махаббатпен жасасақ, ертең сол ісіміздің берекесін көреріміз де анық. Ал махаббатпен жасалған әрбір іс қашанда жанға рахат сыйлайды.
Әл-Фараби адамның басына қонған бақыттың тұрақты болуы жақсы мінез-құлыққа байланысты екенін ерекше атап өтті. Мінез бен ақыл жарасса адамгершілік ұтады. Ұлы ойшылдың айтуынша, жылт еткен жалтыраққа қызыққан тұрақсыз көңіл емес, көркем мінезбен ұштасқан ақыл-парасат иесі ғана бақыт сырын аңғара алады. Адамның өмір сүру мақсаты ең жоғары бақытқа жету болатын болса, ол адам бақыт дегеннің не екенін білуі қажет және оны өзінің мақсаты етіп қойып, соған ұмтылуы керек. Содан кейін ол бақытқа жету үшін не істеуге тиіс екенін біліп, соған әрекет жасауы керек. Бақытқа жету жолында бақытқа жетелейтін ұстаз да қажет. Бұл ұстаз, әлбетте, өзі толық жетілген, бақытқа, мақсатқа жету жолында жеңіске жеткен адам болуы керек.
"Бақыт - оқығанда, сабақ алғанда, білімді игеру, әртүрлі өнерлерді үйренгенде, оларды игеру, жұмыстарды орындау сияқты игілікті істер арқылы қол жететін мақсат", - дейді әл-Фараби.
Ислам бірлігін сақтауға тырысты
Әл-Фарабидің ислам бірлігін сақтауға қосқан зор үлесі туралы деректер де сақталған. Тегі түркі баһадүр қолбасшы Мұхаммед Ихшид ибн Тұғыт Әмір ислам жолын бұзған "қармат" елін талқандап, жолда Әбу Насыр әл-Фарабимен кездеседі. Ғұлама Меккеге барар жолда қажылық жасауға мұрша бермеген қарматтардың жеңілгеніне қуанады. Ал араб халифының саид-задаларымен болған әңгімеде ислам бірлігін сақтау үшін мазһабтар арасын жақындастыру керектігін айтады. Араб, парсы және түркі нәсілдері арасындағы алауыздықтарды жоюға күш салып жүргендігін мәлімдейді.
Сол кезде саид-задалар Әбу Наср Әл-Фарабидің қолын құрметпен қысып: "Бабалардан қалған өсиетте түркі халқы әділетшіл делінген еді. Сол сөздің ақиқаттығы мен әділеттілігіне енді көз жеткізіп отырмыз", - деген екен.
Ұлы ойшыл ежелгі Шам қаласында (Сирияның Дамаск қаласы) 950 жылы 80 жасында дүние салды.