Дерекқор

Тың тақырып тарланы Дулат Исабеков туралы не білеміз

© Photo : из личного архиваДулат Исабеков
Дулат Исабеков - Sputnik Қазақстан, 1920, 27.03.2022
Жазылу
Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы, драматург Дулат Исабековтің өмірі мен шығармашылық жолы туралы Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз
Жазушы, драматург Дулат Исабеков 1942 жылы 20 желтоқсанда қазіргі Түркістан облысы Сайрам ауданында туған. Орта жүздің Қоңырат руынан шыққан. Ата-анасы туғанда Нысанбай деп азан шақырып ат қойған, алайда Мәулен деген атасының "Дулат деп қойыңдар" деген сәлемдемесінен кейін екінші рет азан шақырып, атын Дулат деп өзгертіпті.
Әкесі соғыске кеткенде Дулат Исабеков жөргектегі бала болған. Содан танымайтын елдің ортасында, бес баланы құшақтап анасы Күмісгүл жазғыз қалады. Осындай жағдайда балалар ауырып, әсіресе үйдің кенжесі Дулат аурушаң болып, қатты сырқаттанып қалады. Бала тірі қалмайды дегенді естіген анаға бір күні Дулаттың қайтыс болғанын айтады.
"Кішкентай кезімде өліп қалып, дәлізге шығарып тастап, таңертең жерлейміз деп жатқанда бір кемпір келіп бетімді ашып қараса, өлудің орнына ыржиып жатыр екенмін. Сол кезде кемпір "Күміскүл-ау, мына балаң тірі ғой" деген. Олар мені адам болмайды деп өлімге мойынсұнған ғой. Тірі екенімді білген соң шешем шын жылапты. Ал арғы жақта менің көрімді қазып, баланы әкелсін деп адам жіберген", - дейді жазушы сәби күндегі оқиға туралы.

Дулат Исабековтің шығармашылық жолы

Дулат Исабеков 1966 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін бітірген.
"Мен әдебиетке ерте араластым. Бесінші курста кітабым шықты. Атақты болдым. Ерте пьеса жаздым. Сахнадан қойыла бастады. Ерте "Гауһартас" киносы түсірілді...", - дейді Исабеков.
1967-1968 жылдары Қазақстан телевизия және радио хабарын тарату жөніндегі мемлекеттік комитетте аға редактор болды. "Жұлдыз" журналында бөлім меңгерушісі, "Жалын" баспасында редакция меңгерушісі болды. Кейінгі жылдары "Жазушы" баспасының директоры болған. Алғашқы әңгімесі "Жолда" "Замандастар" атты жинақта 1963 жылы жарияланды. Кейін "Бекет" (1966 жылы), "Ащы бал" (1969 жылы), "Мазасыз күндер", (1970 жылы), "Қара шаңырақ" (1973 жылы), "Тіршілік" (1975 жылы) повестер мен әңгімелер жинақтары, "Қарғын" (1980 жылы) романы басылды. Таңдамалы повестері "Екі жиырма" (1983 жылы) деген атпен жарық көрді.
Бірқатар шығармалары орыс тілінде аударылып, "Полынь" (1978 жылы), "Отчий дом" (1979 жылы), "Смятение" (1986 жылы), "Новоселье в старом доме" (1986 жылы) деген атпен басылды. Жекелеген туындылары венгр, неміс, поляк, чех тілдерінде жарияланды. "Ректордың қабылдау күндері" (1975 жылы), "Әпке" (1977 жылы), "Ертеңді күту" (1979 жылы), "Мұрагерлер" (1982 жылы), "Алыстан келген ананас" (1984 жылы), "Кішкентай ауыл" (1986 жылы), "Анасын аңсаған қыз", "Ескерткіш операциясы", "Ескі үйдегі екі кездесу", "Бонапарттың үйленуі", "Мұңлық-Зарлық", "Амал мен айла" секілді пьесалары республикалық, облыстық театр сахналарында қойылды.
2021 жылдан бастап Түркістанда ашылған драма театрда драматургтің қаламынан туған "Бөрте" қойылымы сахналанып келеді. Жекелеген туындылары бойынша "Гауһартас" (1975 жылы), "Дермене" (1986 жылы), "Тауқымет" көркем фильмдері түсірілді.

Тың тақырып тарланы

Жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов Дулат Исабеков туралы "Дулат – қаламгер. Дулат – жазушы. Тәңірі сыйлаған таланттың тірлікте не істеу керек екенін "жазушы" деген жалғыз ауыз сөз өзінен-өзі паш етіп тұр. Ендеше, өзін күллі жұрттан, семьядан бөліп тастап, есікті тарс жауып, өз кабинетінде өзін қамаған осы бір тым-тырыс, жым-жырт сәтте өз ойы, өз сезімімен арпалысып отырып, ол енді тап бір тәңірінің өзімен тайталасқандай, кешегі Зейнолла Қабдолов айтатындай, өмірден – өнер жасайды. Өзі жасаған өнердің құдіретімен дүниеде тірлік кешіп жатқан адамдардай, кәдімгідей адамдар туғызады. Олардың да кәдімгі адамдардай әрқайсысының өзіне бұйырмас таланты, тағдыры болады". "Дулаттың драматургияға келгендегі алғашқы туындыларының бірі "Әпкенің" тақырыбы – өлмейтін тақырып.
Күні бүгінге дейін қырық-елу жылға таяу қазақ театрларының сахнасында алма-кезек қойылып келеді және осы пьесаға көрермен көп жиналып, қатты толқып, тебіренеді. Өйткені бұл – жетімдер проблемасы. Бауырмалдық, отансүйгіштік проблемасы. Сол үшін де көрерменді қатты қызықтырады. Мысалы, інілерін, жетім қалған балаларды сүйреп, әпкесі өз тағдырын шешпесе де, балалардың тағдырына араласып, солар үшін жанын пида еткен Қамажай сияқты адамдар бүгінде сирек. Бір үйде тұрып ағайынды екеу сиыспайды, ал үлкенді-кішілі бір топ бауырдың басынан өткен оқиғалары адамның жанын тебірентеді. Бұл – драматургияның күші", - деп бағалаған режиссер Есмұхан Обаев.
Ал жазушы Смағұл Елубай Дулат Исабековті "тың тақырып тарланы" деп атаған. "Алғаш әдебиетке келген кезінде жазушы Дулат Исабековтің өзгелерге ұқсамайтын бір ерекшелігі болды. Ол – Тіршілік атты тулаған теңіздің табанында жатқан кейіпкерлерді тауып алатын жазушы екен. Адам елей бермейтін, көптеген қаламгерлер жанынан жай ғана өте беретін кейіпкерлер болады. Ал Дулат Исабеков сол кейіпкерлерді байқап, соның адами қасиетін мөлдіретіп қағаз бетіне түсіре білумен дараланды.
"Сүйекші" атты шығармасының бас кейіпкері: қабір қазушы. Үй-күйсіз, әйел, бала-шағасыз жүрген бейшара адам. Шағын қаланың шетінде таң атқаннан кешке дейін қабір қазады да жүреді. Жазушы сол бейбақтың тағдырына үңіледі", - деп жазған Смағұл Елубай.

Дулат Исабековтің марапаттары

Дулат Исабеков "Мұрагерлер" пьесасы үшін 1985 жылы Қазақстан Жазушылар одағының Мұхтар Әуезов атындағы сыйлығын алды, 1992 жылы Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының иегері болды. Одан бөлек қаламгерге марапатты халық беріп келеді. Оның шығармалары жастардың қолынан түспейді, ал пьесалары тек Қазақстанда ғана емес, әлем театрлары сахналарында қойылған.
Жазушының Естияр есімді ұлы, Айман және Шолпан деген егіз қызы бар. Үш баладан немере, шөбере сүйіп отырған Дулат Исабеков қазір 80 жаста.
Жаңалықтар
0