АСТАНА, 1 қазан – Sputnik. Қазан айында елімізде бірқатар өзгеріс күшіне енеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Отбасы банктегі депозиттер бойынша өтемақы
Бүгін Отбасы банкте ашылған депозиттерге 10% өтемақы алуға өтінім қабылдау басталды.
Салымшылар өтінімді онлайн режимде сағат 10.00-ден бастап "Баспана маркет" порталындағы (www.otbasybank.kz) жеке кабинетте бере алады.
Өтемақы алуға өтінімді "Otbasy bank" мобильді қосымшасы арқылы да беруге болады. Бұл опция қазан айының соңына дейін іске қосылады.
Айта кетері, қазақстандықтардың Отбасы банктегі депозиттері Ұлттық банк пен үкіметтің теңгелік салымдарды қорғау бағдарламасына қатысады. Яғни Отбасы банктің салымшылары 2022 жылғы 23 ақпандағы жағдай бойынша жиналған жинақтарына 10% өтемақы ала алады.
Өтемақы өтініш беру арқылы төлем келісімін растаған азаматтарға ғана төленеді.
Отбасы банкте өтемақыға өтінім қабылдау 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін созылады.
Ал өтемақының өзі депозиттерге 2023 жылғы 23 ақпанннан кейін аударылады. Өтемақы алу үшін бөлек шот ашудың қажеті жоқ.
Кредит алу қиындай түседі
1 қазаннан бастап екінші деңгейлі банктер азаматтарға берілген кредиттер туралы ақпаратты күн сайын жаңартады. Мұндай талап, сондай-ақ ломбардтар мен онлайн микроқаржы ұйымдарына да қатысты.
Тиісті өзгеріс сақтандыру нарығы мен бағалы қағаздар нарығын реттеу және дамыту мәселелері туралы заңға енгізілген. Құжатқа президент шілде айында қол қойды. Ал дәл осы норма бүгіннен бастап күшіне енді.
Енді банктер Бірыңғай кредиттік бюроға несиелер туралы ақпаратты бұрынғыдай 15 жұмыс күні емес, 1 жұмыс күні ішінде беруге міндеттеліп отыр.
Бұдан былай азаматтар бір күнде бірнеше банктен кредит ала алмайды. Өйткені Бірінші кредиттік бюродан оның бір банктен несие алғаны көрініп тұрады. Әлгі адамның борыш жүктемесі есептеледі. Егер оның банктерге қарызы ай сайынғы табысының 50 пайызынан асып кетсе, кредит мақұлданбайды.
Бұл қарыз алушылардың борыштық жүктемесін төмендету мақсатында жасалып отыр. Сондай-ақ соңғы кезде жиілеп кеткен интернет алаяқтыққа тосқауыл қою мақсатында енгізілді, деп түсіндірді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі.
Тұмауға қарсы егу науқаны
Республикада 3 қазанда тұмауға қарсы вакциналау басталады.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, алдағы эпидмаусымда вирустың үш штаммы айналымда болады. Бұл A (H1N1), A (H3N2) және B.
Тұмауға қарсы егу үшін биыл Ресейде өндірілген "Гриппол+" вакцинасының 2,3 млн дозасы сатып алынды. Вакцинаның құрамында тұмауға қарсы штаммдар бар. Бұл республика халқының 12 пайызын қамтуға мүмкіндік береді.
Бюджет қаражатына сатып алынған вакцинадан бөлек, Қазақстанда тұмауға қарсы тағы жеті вакцина тіркелген. Олардың үшеуі Ресейде, екеуі Голландияда, қалған екеуі Франция мен Қытайда өндірілген.
Айта кетері, халықтың осал топтары тұмауға қарсы вакцинаны тегін алады. Бұдан бөлек, екпе егу жұмыс берушілер мен азаматтардың өз ақшасына да жүргізіледі.
Аралық заемдар
Отбасы банк 1 қазаннан бастап аралық тұрғын үй заемдарына сараланған пайыздық мөлшерлемелерді қолданады.
"Яғни, аралық заем бойынша ставка жинақтау кезеңі мен бағалау көрсеткішінің белгіленген диапазондарына байланысты болады", - деді Отбасы банк.
Аралық заем бойынша пайыздық мөлшерлеме диапазоны жылдық 7%-тен 11,5%-ке дейін (ЖТСМ 7,4% бастап) болады. Отбасы банктегі жинақ шотына бірден (депозитте қаражат жинамай) тұрғын үй құнының 50%-ін аударған клиент мөлшерлемесі 10%-тен 11,50%-ке дейінгі (ЖТСМ 11,2% бастап) аралық заемға өтінім бере алады.
7%-тен 8,5%-ке дейінгі бұрынғы мөлшерлеме бойынша аралық заем алу үшін банк салымшысы баспананы құнының 50%-ін депозитке салып, бағалау көрсеткішін 5-ке дейін жеткізуі керек. Бұл мәнге жету үшін депозит толықтырылған сәттен бастап 6 ай мерзім өтуі қажет. Сонда заем бойынша пайыздық мөлшерлеме төмендейді.
Мүлік салығын төлеу мерзімі аяқталды
Бүгін, 1 қазанда жылжымайтын мүлік және жер учаскелерінің меншік иелерінің 2021 жылға есептелген мүлік салығын төлеу мерзімі аяқталды.
Бұған дейін мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстанда 1,7 миллион адам 2021 жылға мүлік салығын әлі төлемегенін мәлімдеді. Салық органдарының ақпаратына сүйенсек, жылжымайтын мүлікке қатысты 5,7 миллиард теңгенің салығы төленбеген.
Осыған байланысты мемлекеттік кірістер комитеті 2 қазаынан бастап жеке тұлғалардың салық берешегі туралы хабарламаларды борышкерлерге жіберетінін еске салды.
Қазақ-қытай шекарасы уақытша жабылды
Қазақстан-Қытай шекарасында автомобильді өткізу пунктері алдағы үш күн бойы жұмыс істемейді. Өйткені бұл аралықта көрші елдің халқы ҚХР-дың құрылған күнін мерекелейді.
"Осыған байланысты 1 қазаннан бастап 3 қазанға дейін қазақ-қытай шекарасындағы автомобильді өткізу пунктерінде адамдарды, көліктер мен жүктерді өткізу жүзеге асырылмайды", - деп хабарлады қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті.
Бірақ екі елдің шекарасындағы теміржол өткізу пунктері штатты режимде жұмысын жалғастырады.
Ведомство азаматтардан енгізілген шектеулерді ескере отырып, өз маршрутын алдын ала жоспарлауды сұрады.
Жаңа 20 000 теңгелік банкнот айналымға шығады
Қазақстанда 1 қазанда номиналдық құны 20 000 теңгелік банкнот айналымға шығады.
Банкноттың 25 қорғаныш элементі бар, мөлшері 155х79 мм және сұр түске басымдық берілген.
Бет жағында Қазақстанның Мемлекеттік рәміздері, "Қазақ Елі" монументі, "Мәңгілік Ел" салтанат қақпасы, "Басқұр" қазақ ұлттық ою-өрнегінің фрагменті және Тәуелсіздік жылдарын білдіретін "30" саны бейнеленген. Банкноттың екінші бетінде Астананың және Ақорда резиденциясының панорамалық көрінісін көруге болады.
Номиналы 20 000 теңгелік жаңа дизайндағы банкнотты өз құнына сай республиканың бүкіл аумағында төлемдердің барлық түрі бойынша қабылдауға, сондай-ақ елдегі банктерде банктік шоттарға есепке алуға және аударуға, ұсақтауға, айырбастауға болады.
Ұлттық банк осыған дейін (2015 және 2021 жылдары) шыққан номиналы 20 мың теңгелік банкноттар жаңа дизайндағы банкноттармен бірге айналымда қатар жүре беретінін атап өтті.
Республика күні қайта оралды
Биылдан бастап Қазақстан 25 қазан ұлттық мейрам – Республика күнін атап өтеді.
Осы жылы қазақстандықтар Республика күніне орай қатарынан 3 күн – 23, 24 және 25 қазан демалады. Ал сенбі, 22 қазан жұмыс істейді.
Еске салсақ, 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Араға он жыл салып бұл мейрам мемлекеттік ретінде аталып өте бастады. Алайда 2009 жылы тиісті заңға өзгеріс енгізіліп, Республика күні мемлекеттік мерекелер тізімінен шығарылды.
Ал биыл мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың отырысында осы мейрамды қайтару қажеттігін мәлімдеді. Көп ұзамай парламент заңды қабылдап, президент оған қол қойды.
Заңға сәйкес, 25 қазан ұлттық мереке – Республика күні болып белгіленді. Ал 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні мемлекеттік мереке болып өзгерді.
Сондай-ақ 1 желтоқсан – Тұңғыш президент күні мемлекеттік мерекелер қатарынан алынып тасталды. Тиісінше, бұл күні азаматтар демалмайды.