АЛМАТЫ, 19 сәуір – Sputnik. Алматыда Дінмұхамед Қонаевтың 110 жылдығы және Ғабит Мүсіреповтің 120 жылдығына орай қос қайраткер тұрған үйлерге ерекше көңіл бөлінді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
19 сәуірде жөндеуден өткен екі нысанның ашылуына қала әкімі Ерболат Досаев қатысты.
Қонаевтың музей-үйі
Дінмұхамед Қонаевтың музей-үйінің реставрациядан кейін ашылуына Қонаевтың Халықаралық қоғамдық қорының төрағасы Эльдар Қонаев, жиені Диар Қонаев, оның жеке дәрігері Ахат Мулюков, досы әрі серіктесі Александр Гойколов қатысты.
Қонаев музейі
© Photo : Алматы қаласының әкімдігі
Қалпына келтіру жұмыстары барысында мұражай заманауи цифрлық және мультимедиялық технологиямен жабдықталды, келушілер енді аудио нұсқаулықтарды қолдана алады. Ерекше қажеттіліктері бар адамдарға ыңғайлы болу үшін екінші қабатқа лифт орнатылды.
Қонаев музейі
© Камшат Әбдірайым
Жұмыс барысында барлық экспонаттар, соның ішінде Дінмұхамед Қонаевтың жеке заттары бұрынғы қалпында сақталған. Бұл музей 2002 жылы Қонаевтың 90 жылдығына орай ашылған. Мұнда қазір 8 196 экспонат бар. Айта кетері, Sputnik Қазақстан тілшілері 2021 жылы Қонаев музейінен арнайы фотолента жариялады.
Толық жөндеуден өткен Мүсірепов үйі
Қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсірепов тұрған үй де жөндеуден өтті. Музейдің ашылуына жазушының қыздары – Гүлнар мен Гаухар Мүсіреповалар келді.
Ғабит Мүсіреповтың музейі
© Photo : Алматы қаласының әкімдігі
"Күрделі жөндеуден, модернизациядан және реэкспозициядан кейін Ғабит Мүсірепов музейі еліміздегі алғашқы заманауи мультимедиялық әдеби орталыққа айналады. Реконструкция және реэкспозиция бойынша жүргізілген кешенді жұмыс жыл сайын мұражайға келушілер санын екі есеге – 22 мың адамға дейін арттыруға мүмкіндік береді деп жоспарланған", - делінген қала әкімдігі таратқан ақпаратта.
Ғабит Мүсірепов музей-үйіндегі әдеби зал қайта жасақталды. Стендтерде жазушының отбасы, балалық шағы, білімі, әдеби жолдың басталуы туралы ақпарат алуға болады. Сондай-ақ Ғабит Мүсірепов жазған "Амангелді", "Қыз Жібек", "Бір рет және өмір бойы", "Қауын" фильмдерін көрсету үшін арнайы кинозал ашылды.
Ғабит Мүсіреповтың музейі
© Photo : Алматы қаласының әкімдігі
Айта кетері, Ғабит Мүсірепов өмірінің соңғы 18 жылын өткізген пәтер 1991 жылы ҚР Орталық мемлекеттік музейінің бір бөлігі ретінде мұражайға айналған. 1999 жылдан бастап нысан Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтың мемлекеттік әдеби-мемориалдық мұражай кешені болып қайта құрылды.
2015 жылдан бастап қала әкімдігіне қарайды. Музей-үйдің алаңы 114,6 шаршы метр. 2 мемориалдық бөлме, 1 әдеби зал бар. Музейдің бір жыл бұрынғы келбетін мына жерден көруге болады.