Қазір Қазақстанның бірқатар өңірінде зардап шеккен ғимараттар қалпына келтіріле бастады. Sputnik Қазақстан тілшілері ғимараттардағы жөндеу жұмыстарын видеоға түсірді.
Алматыда қала әкімдігінің ғимараты бастан-аяқ жөнделеді. Жұмысшылар білек сыбана іске кірісті. Қаладағы президент резиденциясы да қалпына келтіріле бастады. Республика алаңында БАҚ кеңселері орналасқан ғимарат әзірге сол қалпы тұр. Оған бүліктен нақты қанша шығын келгені әлі белгісіз.
Жамбыл облысында тәртіпсіздіктерден жеті ғимарат зардап шеккен. Олардың арасында облыс әкімдігі, облыстық полиция департаменті, полиция бөлімшелері, Nur Otan партиясының филиалдары бар. Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің ақпаратынша, нысандарды қалпына келтіруге 3,5 миллиард теңге қажет.
Талдықорғанда бүлікшілер бес мемлекеттік ғимаратты тас-талқан етті. Олар: ҰҚК мен полиция департаменті, облыстық әкімдік пен қалалық полиция, сондай-ақ Nur Otan партиясы филиалының ғимараттары.
Болжам бойынша Талдықорған полиция басқармасын қалпына келтіруге бір миллиард теңге, ал әкімдік ғимаратын жөндеуге алты миллиард теңгедей қажет.
Ал Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткіші тұрған алаң сол қалпы тұр. Жөндеу жұмыстары байқалмайды.
Қызылордада тоғыз ғимаратта жөндеу жүріп жатыр.
Қаңтар оқиғалары
Қаңтар айының басында елдің батысында бейбіт митингтер басталды. Маңғыстаулықтар автогаз бағасын 120 теңгеден 50 теңгеге дейін төмендетуді талап еткен еді. Үкіметте арнайы комиссия құрылды. Олар белсенділермен келіссөз жүргізіп, ақыры халықтың талабы орындалды. Артынша басқа қалалардың халқы да наразылық шеруіне шыға бастады. Алайда кейін бірнеше қалада митинг соңы тәртіпсіздіктер мен бүлікке ұласты.
Алматыда бүлікшілер әкімшілік ғимараттар мен полиция көліктерін қиратып, өртеп жіберді. Қалалық полиция департаментінің ғимаратына бірнеше рет шабуыл жасалды. Дүкендер, сауда орындары, банктер тоналды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға террористер шабуылдағанын мәлімдеді.
Елдегі ахуалды тұрақтандыру үшін Қазақстан басшылығы ҰҚШҰ-дан көмек сұрады. Республикаға 2 мыңнан аса ҰҚШҰ күштері мен 250 техника кіргізілді. Олар стратегиялық маңызды объектілерді күзетті.
Бүлікке байланысты Қазақстан аумағында төтенше жағдай жарияланды.