Украина бір кездері Еуроодақпен интеграцияға ұмтылып, Еуропаға ешқашан соғыс ашуға тырыспаған. Алайда 2014 жылы Киевтегі мемлекеттік қарулы төңкеріс барлығын түбегейлі өзгертті. Вашингтон ең алдымен өз мүддесін көздей отырып, Еуропа орталығында апат аймағы мен әскери шиеленіс ортасын құрды, Донбаста мыңдаған украиннің көз жұмуына себепші болды және келешекте Ресейдің НАТО-мен қарулы қақтығысына себеп болатын жағдай тудырды.
Жаһандық қауіпсіздік ұғымы мен параметрін өзгертуге тырысқан АҚШ мемлекеттік департаменті бүгінде Ресейдің талаптарын орындаудан түбегейлі бас тартып отыр. Олар Еуропада 8 500 америкалық әскериді шұғыл орналастыруға дайындалып жатыр.
Украинадағы эксперимент америкалықтар үшін ауған, ирак, сириялықтар жеріндегідей сәтсіз аяқталатыны сөзсіз. Мұндай науқан елге тек тұрақсыздық, мыңдаған құрбан, АҚШ-қа деген наразылықтың жаңа толқынын алып келеді де, Солтүстікатлантикалық альянсты ішінен ыдырата береді. Франция парламентінде елдің НАТО-дан шығуын кезекті рет талқылап жатуы кездейсоқ емес, ал Польша Киев қапталында соғысудан бас тартты, Ал Германия Украинаға қару-жарақ пен оқ-дәрі емес, әскери госпиталь және көшпелі крематорий жіберді.
Ұлыбританиядағы The Week басылымы былай деп жазды: "Егер Батыс украин демократиясының қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмаса немесе қамтамасыз еткісі келмесе, онда оған шын мәнінде Украина қажет емес". Бірақ тек Вашингтон ғана суға кеткенде тал қармағандай, Украинаны уыстан шығармауға тырысып жатыр.
Мәскеудің НАТО-ның шығысқа қарай кеңеюін тоқтату, бұрынғы кеңестік республикалар мен шығыс еуропалық елдерден шетелдік әскерді алып шығу туралы талабына жауап ретінде Вашингтон Шығыс Еуропаға Ауғанстаннан эвакуацияланған 50 мыңға жуық америкалық әскериді бағыттауды көздеп отыр. Ал АҚШ пен НАТО арасындағы келіссөзде күтетін уақыт таусылып, Ресей Еуропадағы өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қалыптасқан жағдайға қарай әрекет етуге дайын отыр.
Қазір батысеуропалық бірқатар көшбасшы мен тіпті Киев режимінің жетекшілері де Ресейдің Украинаға шабуылы жалған қауіп екенін мойындайды. Бұл бүгін, 26 қаңтарда Парижде "норманд форматында" өтетін келіссөзбен байланысты болуы мүмкін. Ал Кремль 24 қаңтарда Украина қарулы күштерінің Донбаста шабуылдау ықтималдылығы артқанын мәлімдеді. Осылайша Еуропа қырғи-қабақ соғыс табалдырығында тұрғанының алғашқы белгілері байқалып жатыр.
Кремль АҚШ тарапынан шеленісті ушықтыру әрекетіне алаңдап отыр. "Ресей басқыншылығы" болмай қоймайтындығы туралы жалған ақпарат таратқан Вашингтон мен Лондон Киевке жүздеген қару мен оқ-дәрі жеткізді, Донбаста танктер, жаппай оқ атуға арналған реактивті жүйе, ұлттық батальон пайда болды. Украина президенті Владимир Зеленский "жақын уақытта елдің аумақтық бүтіндігі қалпына келетінін" мәлімдеді. Батыс елдері өз азаматтарына Украинаға бармауға кеңес беріп, 23 қаңтарда АҚШ мемлекеттік департаменті америкалық дипломаттар мен олардың отбасыларына Киевтен кетуге рұқсат берді.
Америкадағы Foreign Policy басылымы былай деп жазды: "Ресей мен Украина арасындағы әскери теңгерім Мәскеудің пайдасына қарай басым түсіп тұр. Сондықтан Вашингтонның кез келген әскери-техникалық көмегі қақтығыста кім жеңетініне ешқандай ықпал ете алмайды".
Салыстыру үшін айтсақ, осы жылы Беларусь Республикасының шағын әскеріне Ресейден Ми-35 соққы жасаушы тікұшақтарының эскадрильясы, Су-30СМ ауыр жойғыш техникасының жаңа партиясы жеткізіледі. Ал Украина қарулы күштерінде мұндай әскери техника жоқ.
Мәскеу Ресейдің жүз мыңдаған азаматы тұратын Донбаста әскери арандатулардың салдары неге алып келетіні туралы Батысқа қатаң ескерту жасады. Ресейлік реактивті артиллерия Киевтен шамамен 100 километр қашықтықта Беларусь аумағында орналасқан. Rand Corp аналитиктері Ресей қарулы күштері үлкен қашықтықтан авиасоққы жасай алатынын, Украина территориясына тікелей кірмей-ақ кез келген әрекетті орындай алатынын жазды.
Солтүстік және Балтық флоттарының алты ірі десант кемесі Ла-Манш арнасынан Жерорта теңізіне қарай бет алды. Олардың әрқайсысы 10-нан астам танк және 340 теңіз жаяу әскерін тасымалдай алады. Ресей Әскери-теңіз күштерінің барлық жауапкершілік аймағында – Жерорта теңізінде, Солтүстік және Охот теңіздерінде, Тынық және Атлант мұхиттарында және Оман шығанағында (Қытай және Иран әскери-теңіз күштерімен бірге) қаңтар-ақпан айларында 10 мыңға жуық әскери қызметкер, 140 кеме, 60-тан астам ұшу аппаратының қатысуымен оқу-жаттығулар өтеді.
Біраз бұрын РФ сыртқы істер министрінің орынбасары Сергей Рябков "Украина мен Грузия ешқашан НАТО-ға мүше болмайды. НАТО позициясын жақсы жаққа қарай өзгертуді құптаймыз. Біз құр сөз бен бос уәдеге тойдық. Енді біз қарсы тарапқа сенбейміз. Бізге заңды түрде жазылған кепілдіктер қажет"¸деген пікір білдірді. Бұл НАТО мен АҚШ қауіпсіздік жөніндегі кепілдіктерге тиісті деңгейде жауап ұсынбаса, Ресей өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін әрекетке көшетінін аңғартып тұр.
Әскери шолушы Александр Хроленконың Telegram арнасы