НҰР-СҰЛТАН, 12 қаңтар — Sputnik. Алматыда 1972 жылы туған Ерлан Жағыпаров із-түзсіз жоғалып кеткен болатын. Ол өлі табылды. Бұл қайғылы жағдайды ер адамның туыстары растады.
Жағыпаровтың туыстары хабарлағандай, ол 6 қаңтарда шамамен сағат 18:40-18:50 кезінде Сәтпаев пен Назарбаев көшелерінің қиылысында жоғалып кеткен. Сәрсенбі, 12 қаңтарда оның көз жұмғаны туралы суыт хабар келген.
Қайтыс болған ер адамның туыстары оны атып кеткенін айтты.
Еске сала кетейік, дәл сол уақытта және сол ауданда 6 қаңтарда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаевтың ұлын да өлтіріп кетті. Оқу орнының мәліметінше, сол күні комендант сағаты басталғанға дейін сағат 18:35 шамасында Елнар өз көлігімен Назарбаев көшесі арқылы үйіне қайтып келе жатқан. Ол Сәтпаев көшесіне жетпей жол қиылысында тоқтағанда, белгісіз біреулер оның көлігіне оқ жаудырған. Жігіт оқиға орнында көз жұмды.