Өңірлер

Маңғыстаудағы құрғақшылық: мал азығы үшін қанша қаржы бөлінді

 Депутаттар қысқы мал азығы қорын қалыптастыруға қосымша қаражат бөлуді мақұлдады
Sputnik

НҰР-СҰЛТАН, 25 қыркүйек – Sputnik. Маңғыстау облысында мал азығы қорын қалыптастыруға қосымша қаражат бөлінеді, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

"Нұрлан Ноғаевтың қатысуымен өткен облыстық мәслихаттың кезектен тыс жетінші сессиясында депутаттар қысқы мал азығы қорын қалыптастыруға қосымша қаражат бөлуді мақұлдады. Атап айтқанда, қосымша 3,2 млрд теңге бөлінеді. Бұл қаражатқа 26200 тонна жем мен 4000 тонна шөп сатып алу жоспарлануда", - делінген хабарламада.

Сонымен қатар депутаттар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қорын толықтыруға, тұтынуға берілген ауыз су құнын субсидиялауға, қала ішілік маршрутының 6 бағыты бойынша автопарктың жаңартылуын субсидиялау сияқты бірқатар әлеуметтік маңыздағы мәселелерді қаржыландыруға келісім берді.

Естеріңізге сала кетейік, қуаңшылық салдарынан биыл еліміздің бірқатар өңірінде жем-шөп тапшылығы туындады. Бұдан әсіресе Маңғыстау облысы зардап шегіп отыр.

Әкімдік мәліметі бойынша Маңғыстау облысында құрғақшылық салдарынан 1 163 бас мал қырылып қалды. Ал шаруалар бұл сан 5 мыңнан асып жығылатынын айтуда.

Жуықта облысқа жұмыс сапарымен бароған президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысында малдың қырылуына кінәлілерді атаған болатын.

Мемлекет басшысы мұқтаж фермерлерге көмек көрсету кезінде шенеуніктердің сылбырлығын сынға алды. Оның айтуынша, облыс әкімдігі мен құзырлы министрлік қайта-қайта қағазын түгендеп, құжатын реттеп отырғанда ахуалды тұрақтандыру үшін резервтен бөлінген тиісті қаражат қиналған шаруаларға мезгілінде жетпеген.  

Оқи отырыңыз: