Өңірлер

Маңғыстау билігі неге мал қырылуының алдын алмады

© Photo : "Ак-Жайык"Скот гибнет от жажды и бескормицы
Скот гибнет от жажды и бескормицы - Sputnik Қазақстан, 1920, 15.09.2021
Жазылу
Әкімдік мәліметі бойынша Маңғыстау облысында құрғақшылық салдарынан 1 163 бас мал қырылып қалды. Ал шаруалар бұл сан 5 мыңнан асып жығылатынын айтуда

НҰР-СҰЛТАН, 15 қыркүйек — Sputnik. Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Ниязов өңірде қырылған мал саны 1 мыңнан астам емес, шаруалардың пікірінше 5 мыңнан асатыны туралы алып-қашпа әңгімеге қатысты пікір білдірді.

"Жыл басынан бері біз 45 биометриялық шұңқыр қазып, оған 1 163 мал өлексесін көмдік. Басқа дерек келтіре алмаймын. Кеше де 5 мың малдың қырылуы бойынша маған хабарласқандар болды", - деді әкімнің орынбасары брифинг кезінде.

Оның айтуынша, фермерлер де, әкімдік те бұл мәліметті растамай отыр.

"Әкімдіктер, ауылдар осы биометриялық шұңқырға 1 163 бас малды көмген болса, мұны қалай растаймыз? 5 мың бас мал туралы ақпарат қайдан шыққанын білмеймін. Әр ауылдың өз ветеринарлық станциясы бар", - деді Ғалымжан Ниязов.

Журналистердің билік неге малдың жаппай қырылуының алдын алмағаны туралы сұраққа шенеунік бұл бірінші рет болып отырған жағдай емес екенін айтып жауап берді. Төменде Орталық коммуникациялар қызметі модераторы мен Ғалымжан Ниязовтың диалогын ұсынып отырмыз:

- Көп сұхбатта шаруалар бұл жағдай бірнеше жылдан бері қалыптасып келе жатқанын және жыл өткен сайын ушығып жатқанын айтуда. Неге малдың жаппай қырылуының алдын алу бойынша шаралар қабылданбады?

- Малдың жаппай қырылуы бұрын да болған. Бірақ жарияланбады (яғни әкімнің орынбасары қырылған мал бойынша статистика жарияланбағанын меңзеп тұр).

- Бұл жағдай бұрын да болса, онда осы жылы малдың қырылуына жол бермеуге неге әрекет жасалмады?

- Біз болжам жасамаймыз.

Шаруалар жұт салдарынан Маңғыстаудан кетуде

Қыркүйектің ортасында Маңғыстау облысындағы фермерлер аймақта құрғақшылық салдарынан қырылған мал саны мыңға жуықтайтыны туралы ақпаратты жоққа шығарды. Олардың айтуынша, бұл көрсеткіш бес есе көп. Қазір де жануарлар жем-шөп тапшылығынан қиналып жатыр.

Билік тарапынан бөлінген 2 миллиард теңге Маңғыстау облысындағы проблеманы шеше қойған жоқ. Қаражат жартысы игерілгенмен, жағдай әлі де мәз емес. Шөлді далада мал өлекселері жатыр, шөп те, су да жоқ.

Шаруалар қалған малды аман алып қалу амалын қарастырып жатқанымен, алдағы қыстан қысылмай өту екіталай. Әбден арықтаған малды сату да мәселе шешімі емес. Ал жануарларды жем-шөппен қамтамасыз ету оңай болмай тұр. Шаруалар өңірде төтенше жағдай жариялауды талап етуде.

Бірақ төтенше жағдайлар департаменті "ауа ылғалдылығы тексерілді, көрсеткіш төтенше жағдай жариялауға себеп болатын деңгейде емес екенін көрсетті" деген мәлімдеме жасады.

Құрғақшылық пен қырылған мал

Биыл Қазақстан өңірлерінде құрғақшылық салдарынан жем-шөп тапшылығы туындады. Әсіресе Маңғыстау мен Қызылорда облысындағы жағдай тым ауыр. Көтерем малдың картон жеген видеолары қазақстандықтарды есеңгіретіп тастады. Маңғыстауда жем-шөп тапшылығынан 3 мыңға жуық мал қырылып қалды.

Ауыл шаруашылығы саласындағы сарапшылар жыл соңына дейін қазақстандықтардың үш миллионға жуық малы қырылатынын болжады. Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл пессимистік болжаммен келіспей, шаруаларға көмектесу үшін барлық шара қабылданатынын айтты.

Жаңалықтар
0