Әлем

Ресей Ауғанстан проблемасын талқылау үшін "G20" форматында бас қосуды ұсынды

"Үлкен жиырмалық" ірі державалардың көпжақты консультациялар жүргізуіне аса қолайлы болып отыр
Sputnik

НҰР -СҰЛТАН, 7 қыркүйек – Sputnik. Ауғанстан тосынсый жасауды жалғастырып жатыр. Әңгіме Панджшерді тәлібтердің жылдам басып алуы жайында емес. Батыс ауған тақырыбын Ресей және Қытаймен ойын ойнау үшін пайдаланып отыр, деп жазды РИА Новости.

Аяқ астынан ертең, 8 қыркүйекте Ауғанстандағы жағдайды талқылау үшін "Үлкен жетіліктің" кездесуі өтетіні белгілі болды. Ол сыртқы істер министрлері деңгейінде онлайн форматта өтеді және бұл шараны АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен ұйымдастырып жатыр.

Расында да Америка әскер шығарылғаннан кейін Ауғанстан бүкіл әлем үшін нөмірі бірінші өзекті мәселеге айналды. Сондықтан оны батыстың бас клубы аясында талқылау ақылға қонымды деуге болады. Оның үстіне екі апта бұрын "Үлкен жетілік" жоғары деңгейде (онлайн форматта) осы елге арналған шұғыл саммит өткізді. Әзірше тек талқылаумен шектеліп жатқаны белгілі.  

Тоқаев Қазақстан неліктен ауған босқындарын қабылдамағанын түсіндірді
Бірақ осы жолы ауған жеріне ықпал ете алатын мемлекеттердің өкілдері талқылау жүргізгелі отыр. Жапония сыртқы істер министрі Тосимицу Мотэги айтқандай, консультацияға әлемнің жиырмадан астам елі қатысады.

"Ауғанстандағы жағдайды талқылау үшін "Үлкен жетілік" сыртқы саяси ведомство басшыларының деңгейінде келіссөз жүргізеді. Оған Ресей, Қытай мен бірқатар мемлекет өкілдері де қатысады", - деген Мотэги "Ауғанстанға белгілі бір деңгейде әсер ете алатын" Ресей мен Қытайдың осы шараға қатысуы маңызды екенін атап өтті.

Бір қызығы – бұл онлайн кездесуге қатысатыны туралы Ресей мен Қытай бейхабар болып отыр. Жалпы Мәскеу де, Бейжің де батыс клубының отырысына қатыспауды жөн көреді. Себебі бұл бөтен клуб.

Ресей қатысқан "Үлкен сегіздік" форматын 2014 жылы Қырымдағы жағдайдан кейін Батыс ресми түрде тоқтатқан болса, Қытай бұл клубқа ешқашан мүше болған емес. Путин мен Лавров та бұл клубқа қайта оралу туралы әңгіменің барлығын қаңқу сөз деп бағалады.

Сондықтан ертеңгі жиынға қатысты Мәскеудің реакциясы да белгілі. Ресей сыртқы істер министрлігінің өкілі былай деп мәлімдеме жасады:

"Бірнеше күн бұрын Берлин мен Парижден қандай да бір кездесуге қатысты хабарлама алдық. Бірақ "Жетілік" жайлы сөз болған жоқ. Енді Токио "Жетілік" аясында өтетін шара жайлы мәлімдеме жасады. Бірақ әріптестеріміз жүйесіз әрекет танытып отыр, нақтылық жоқ".

Ресей Батыспен Ауғанстан жайын талқылаудан бас тартып отырған жоқ. Мәселе мұны қандай форматта өткізуде болып отыр. Бір апта бұрын түрік министрі Мевлют Чавушоғлы "Үлкен жетілік" елдерінің СІМ басшыларымен бірге осы тектес видеоконференцияға қатысты. Бұл жөн-ақ. Себебі Түркия НАТО-ға мүше. Алайда Мәскеу мен Бейжіңді бөтен клубқа шақыру тиімсіз ғана емес, масқара әрекет болып саналады, деп жазды басылым.

Қазақстанның сыртқы істер министрлігі: Талибанды* мойындаған жоқпыз
Сондықтан о баста Берлин мен Париж арқылы Ауғанстан бойынша келіссөз өтетінін астыртын хабарлап, Мәскеу мен Бейжің келісімін алған соң ғана оның "Үлкен жетілік" аясында ұйымдастырылатыны мәлім болды. Енді ешқандай іс-шара болмай ма?

Мұның екі жолы бар. Біріншісі: "Үлкен жетілік" Ресей мен Қытай қатысуынсыз өздері жинала береді. Шақырылған қонақтар арасында Пәкістан, Түркия, Сауд Арабиясы, Катар да болуы ықтимал. Егер бұл форматқа келіспесе, онда "Үлкен жетілік және оның қонақтары" форматынан бас тартып, "Үлкен жиырмалық" форматында консультация өткізу керек. Қазіргі төраға Италия да осыны ұсынды.

Премьер Марио Драги әлем астаналарымен осы жайында келіссөздерді бастап та кетті. Бастапқыда онлайн-кездесуді осы аптада немесе келесі аптаның соңында өткізуге болады деп жоспарланған болатын. Бірақ БҰҰ Бас Ассамблеясында бірқатар әлемдік көшбасшы баяндама оқуына байланысты, бұл іс-шараны 27 қыркүйектен кейін ғана өткізу мүмкін екені белгілі болды.

"Үлкен жиырмалық" ірі державалардың көпжақты консультациялар жүргізуіне аса қолайлы болып отыр. Оған "Үлкен жетіліктің" барлық елі, Қытай мен Ресей, Үндістан, Түркия, Сауд Арабиясы мүше. Ал Пәкістан, Катар мен Иранды қосымша шақыруға болады. Ирансыз Ауғанстан мәселесін тіпті талқылаудың өзі маңызсыз. Ал ол "Үлкен жетілік" форматына қатыспайтыны анық.

Ресей "үлкен жиырмалық" басты халықаралық формат екенін бірнеше рет айтқан болатын. Ал ауған мәселесі бастапқыда әлем экономикасының проблемаларын талқылау үшін құрылған бұл клубты күшейтуге жақсы себеп болады. Оның үстіне кезектен тыс форматта өткізуге асығудың қажеті жоқ. Себебі қазанның соңында жоспарлы кездесу Римде өтуі керек.

Бірақ оның дәстүрлі немесе онлайн форматта өтетіні туралы әзірше еш болжам болмай тұр. Әлем көшбасшылары екі жылдан бері бас қоспағанын есепке алсақ, олардың барлығы бетпе-бет кездесуді қалап отыр. Бірақ Еуропада пандемияның жаңа толқыны басталса, видеобайланыс арқылы талқылау жүргізуге тура келеді.

Путин Ауғанстан мәселесін шешу үшін күш біріктіруді ұсынды
Сонымен қатар әлемдік масштабтағы консультацияны өткізудің тағы бір жолы бар. Оған тіпті "Үлкен жетілікті" пайдалануға болады. Ол үшін "Жетілік" пен "ШЫҰ" бірлескен отырысын ұйымдастыру керек. Оның үстіне Шанхай ынтымақтастық ұйымына ауған мәселесі ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналған барлық ел – Ресей, Қытай, Пәкістан, Орталық Азия елдері мен Үндістан мүше болып отыр. Жақында Иран да бақылаушы рөлінен ШЫҰ тұрақты мүшесіне өтеді.

Сондықтан Батыс пен Шығыста келіссөз бен консультация өткізудің көп мүмкіндігі бар. Ең бастысы кездесу барысында әлем елдерінің бірін-бірі тыңдауға және ортақ проблеманы шешуге деген ниеті болуы керек.