НҰР -СҰЛТАН, 3 қыркүйек – Sputnik. Терроризм мен есірткі тасымалынан қорғану үшін Ауғанстан мәселесін шешу бойынша күш біріктіру керек. Бұл туралы Ресей президенті Владимир Путин мәлімдеді, деп жазды РИА Новости.
"Барлығымыз қазір күш біріктіруіміз керек, бұл проблемалармен бірге күресу қажет. Қазақстан президентінің ойымен келісемін. Расында да қазір болып жатқан жағдайды ескеріп, Ауғанстанның өзінде саяси күштерді жария ету мәселесін де бірігіп шешу керек. Бірақ, қайталап айтамын, мұның барлығын бірігіп жүзеге асыру қажет. Американың Ауғанстан жеріне кіруіне себепші болған дәл сол терроризммен, есірткі тасымалымен, ұйымдасқан қылмыспен күресу үшін бірігу керек. Бәрімізге ортақ қауіп бар", - деді Путин Шығыс экономикалық форумының (ШЭФ) пленарлық отырысында.
Владимир Путин Талибан* негізінен пуштун тайпасынан жасақталғанымен оның құрамы бүгінде әркелкі екенін айтты.
"Талибан" қозғалысы негізінен пуштун тайпасынан құралғанымен, қазір ол біркелкі емес. Қазақстандық әріптесім айтқандай, Ауғанстан территориясында бүгінде ИГИЛ* сынды басқа да қауіпті топтар бар. Көп адам түрмеден босатылды", - деді Путин.
Ресей президенті тәлібтер үкіметін мойындау олардың мәлімдемелерінің артында не тұрғанына байланысты болатынын айтты.
"Бүгінде "Талибан" бақылауда ұстап отыр. Бұл осылай болса, онда біз ақиқатты басшылыққа алуымыз керек. Мен Қазақстан президентімен және басқа да әріптестеріммен соңғы уақытта осы туралы көп сөйлестім. "Талибан" қозғалысының басшылары жасаған мәлімедемелердің артында не тұрғанын байқау керек", - деді Путин пленарлық отырыста.
Тамыздың басында "Талибан" Ауғанстанның үкіметтік күштеріне қарсы шабуылды үдете түсті. 15 тамызда тәлібтер ел астанасына басып кіріп, президент сарайын өз басқаруына алды. Ал 16 тамызда Ауғанстанда соғыс аяқталғанын және билік түрі жақын уақытта белгілі болатынын жариялады. Қазіргі уақытта құрлықтағы барлық шекара өтпелерінің барлығы тәлібтердің бақылауында тұр. 31 тамызға қараған түні АҚШ әскерилері Кабул әуежайынан кетіп, Ауғанстанда бірде-бір Америка сарбазы қалмады.
Шығыс экономикалық форумы (ШЭФ) 2-4 қыркүйек аралығында Владивостоктағы Қиыр Шығыс федералдық университеті кампусының алаңында өтіп жатыр.
*Қазақстанда, Ресейде тыйым салынған террористік ұйым