Қоғам

"Бізді бауырына басты". Еліміздің танымал адамдары қазақ халқына алғыс айтты

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 1 наурызды Алғыс айту күні деп жариялағанына биыл үш жыл
Sputnik

АСТАНА, 1 наурыз  — Sputnik, Кенжекей Тоқтамұрат. Күнтізбеге жаңа мереке енген кезде, жалпы, қазір де Қазақстан жұрты бір-біріне рақметін айтып, ілтипат білдіріп жүр. Әлеуметтік желілер арқылы тарайтын құттықтау суреттер де көбейген. 

Елбасы Қазақстан халқын Алғыс айту күнімен құттықтады

Дегенмен, бұл күн шын мәнінде Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдерінің қазақ халқына алғыс білдіру күні. Қазақстан халқы Ассамблеясының 1 наурызда құрылғанын негізге алған президент "Сталин режимінде әр жылы өздеріңіз білетіндей халықтар түгел жер аударылды. Сондықтан, Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнін осы адамдарды қабылдаған, аяушылық білдірген қазақтарға алғыс айту күні деп белгіленсе әділетті болар еді",– деген еді. 

Расымен де, сол жер аударылған адамдардың өздері де, бүгінгі ұрпақтары да Қазақстанды Отанымыз деп санап, осында өсіп-өнді. Sputnik Қазақстан агенттігі осы мерекеге орай қоғамға жақсы таныс азаматтармен, яғни, жарқын болашағын Қазақстанда жасаған адамдармен сұхбаттасты. 

"Қарны аш, киімдері тозған, баспанасы жоқ…". Актриса және тележүргізуші Майя Веронскаяның алғысы

Актриса әрі тележүргізуші Майя Веронская бұл мереке туралы көп әңгімеледі. Майя бұл күні қазақ халқына мың алғыс айтылса, ал қалған күндері бір-бірімізді алғысқа бөлеп жүре берейік деп, қазақстандықтарды сол бауырмалдылықтан, мейірімдіктен айырылмауға шақырды. 

"Бүгін көктемнің алғашқы күні. Бүгін бір емес, қос мереке. Өйткені, бүгін Қазақстан Халқы Ассамблеясының құрылған күні және президенттің осыған орай бүгінгі күнді мың алғыс айту күні деп жариялағанын білеміз. 

Менің ойымша бұл тамаша мереке. Өйткені, біздің елімізде 130-дан астам ұлт өкілдері тату тәтті өмір сүріп жатыр. Бұл татулық қазақ халқының арқасы. Қиын-қыстау кезде осы түрлі ұлт өкілдері Қазақстанға жер аударуға мәжбүр болды. Қарындары аш, киімдері тозған, баспанасыз келген осы азаматтарды бауырына басқан қазақ халқы еді.

Бүтін нанын бөліп беріп, үйдің төрін ұсынды. Осылай өзге деп өгейсінбей, бауырына басқан болатын. Сондықтан, біз, өзге ұлт өкілдері қазақ халқына алғысымызды айтқанбыз да, айта береміз де. Тек бүгін ғана емес, әрқашан бір-бірімізге алғыс айтып, өзіміз де алғысқа бөленіп жүре берейік". 

Александр Аксютиц: "Ұлтым беларусь болса да, Отаным — Қазақстан"

Журналист Александр Аксютиц болса, бізбен сұхбаттаса отырып, репрессия кезінде Қазақстанға жер аударып келген ата-әжесін еске алды. 

Бүгін - Қазақстанда алғыс айту күні

"Мен барша қазақстандықтарды алғыс айту күнімен құттықтаймын. Әсіресе, қазақ бауырларыма ерекше ықылас  танытқым келеді. Қазақтар расымен бірегей ұлт. Өйткені, өмірі көрмеген өзге ұлт өкілдері сонау қиын кезде жер аударлып келгенде жай көмегі былай тұрсын, бастарына баспана, алдарына ас берді. Бұл күн менің отбасым үшін ерекше күн. Өйткені, менің ата-әжем сияқты Қазақстанға жер аударылғандардың қиын тағдырын үлкендерден естіп-біліп жүрміз және сол кездегі қазақ ұлтының бауырмалдығын ұмытуға болмайды, ол ұмытылмайды да. Жер аударылып келген адамдар үшін, сол адамдардың ұрпағы – біз үшін Қазақстан Отанымызға айналды. 

Сондықтан, ұлтым беларусь болса да, менің Отаным, туған жерім – Қазақстан және мен Қазақстанды ешбір байлыққа айырбастамаймын. Менің әйелім қазақ, баламның бойында қазақтың қаны бар. Сондықтан, бұл мерекені мақтанышпен жар салып тойлауымыз керек. 50-ші жылдары Аксютицтер отбасы ақталғанымен, ата-әжем Қазақстанды қиып кете алмады. 

Геннадий Шиповских: "Ата-анамызға алғыс айтуды да ұмытпайық"

Ал, Қазақстанда тұрып қана қоймай, қазақтың тілін үйреніп, салтын ұстанып жүрген депутат Геннадий Шиповских бұл күнді жалпы халық арасындағы алғыс айту күні ретінде қалыптастыру керек деген ұсынысын айтты. 

Депутат Шиповских: Мені бауырына басып, қазақы тәрбие берген ата-анама алғысым шексіз

"Алғыс айту күні қазақ ұлты үшін де, осындағы өзге ұлт өкілдері үшін де өте маңызды, қуанышты әрі тарихи мереке. Қиын қыстау кезде Қазақстанға қаншама қилы тағдырлы адамдар көшіп келді. Қудалау заманы талай адамды туған Отанынан айырып, бас сауғалатты. Міне, Қазақстаннан дәм бұйырған сол адамдарды қазақ халқы құшақ жая қарсы алды. Бірі – нанын бөліп берді, бірі жатар орын берді, енді бірі ата-анасыз қалған өзге ұлттың баласын бауырына басып, бала етті. Сондай өзге ұлттың әрбірі бүгін қазақ халқына алғыс айтатын күн. 

Сондай-ақ бүгін баршамыз ең қымбат жандарымызға алғыс айтатын күн деп ойлаймын. Мысалы, ата-анамызға шын жүректен алғыс айтып, сыйлық жасайтын тамаша мүмкіндік қой бүгін. Ата-анамыздың берген тәрбиесі үшін, білімі үшін, махаббаты үшін алғыс айтуды ұмытпайық", — дейді ол. 

"Қазақ халқы менің әр жеңісіме қуанады". Қазақтың Қажымұқаны алғыс айту күні туралы

10 тонналық КамАЗ көлігін орнынан оп-оңай қозғалтып, қандай қатты темірдің өзін жіптей өріп беретін қара күш иесі Сергей Цырульников әр жеңісіне қуанып, қолдап отыратын қазақстандықтарға алғыс айтты. 

"Барша қазақстандықтарды алғыс айту күнімен құттықтап, қазақ халқына өз атымнан алғыс білдіргім келеді. Мені қазақ ұлты Қажымұқанға теңеп жатады және мен ол үшін қатты қуаныштымын. Шыны керек, беларусь ұлтының ұлы болсам да, қазақ халқы менің әр жеңісіме қуанып, асқақтатып, өз ұлдары бәйге озғандай қуанып отырады. Татулық, бірлік, сенім деген осы емес пе!? Сол үшін де мың алғыс".