АСТАНА, 1 наурыз – Sputnik, Айымгүл Әбіл. Геннадий Шиповских — Мәжілістегі ең жас депутат. Әрі 27 жастағы халық қалаулысы қазақша сөйлеп, қазақ тілінде мәселе көтеретіндердің бірі. Осыдан-ақ тілге жанашыр Геннадийдің қазақы тәрбие көргенін аңғару қиын емес. Расымен де, ол тағдыр жазуымен берекелі қазақ отбасына түсіп, қазақтардың ортасында өсіп, ержеткен. Осындай парасатты тәрбие беріп, мол мейірімі мен жүрек жылуын аямай, туған баласындай өсірген ата-анасына Геннадий Шиповских алғыс айтудан еш жалыққан емес. Депутаттың айтуынша, биыл екінші жыл аталып өтетін алғыс айту күні жақындарыңа мейіріміңді төгіп, ризашылығыңды білдіру үшін тағы бір жақсы мүмкіндік.
Қызылорда облысының тумасы Геннадий тағдырдың тауқыметін бір адамдай көрген адам. Он үш жасына қарағанда анасы, көп ұзамай әкесі дүние салады да, бала жетімдер үйінен бір-ақ шығады. Бұл жер кімге ұнасын?! Бала Геннадий де бір-екі рет қашып кетпекші болған. Бірақ бағына орай, ол балалар үйінде ұзақ тұрақтамайды. Жетім баланы Насыровтар отбасы асырап алып, бауырына басады.
"Мені қазақ отбасы өте жақын қабылдады. Ол кезде ата-анадан айырылған менің көңіліме қаяу түсіп еді, мінезім тұрақсыздау болды. Қазіргі әке-шешем соның бәрін байқап, көңілімді аулап, өте жылы қабақ танытты. Оның үстіне бауырларым да жақсы қарсы алды. Осылай жаңа отбасыма тез үйреніп кеттім", — деп еске алды Геннадий Шиповских.
Осылай ол ананың аялы алақанын, әкенің мейірімін көріп, ешкімге жалтақтамай өсті. Ата-анасы Геннадийді басқа балаларынан ешқашан бөліп-жарған емес. Мұрат пен Баян Насыровтар алты баланың бәрін де қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсіреді. Бес баласы бола тұра тағы бір жәутеңкөзді, әрі қазақ емес, орыс баласын асырап алуын Геннадий әке-шешесінің үлкен жүректілігі, парасаттылығы, имандылығы деп біледі. Олардың бойындағы жақсы қасиеттердің өзіне дарығанына өте бақытты.
"Әкем өте еңбекқор адам. Қазір мал шаруашылығымен айналысады. Оның үстіне жастайынан техникаға бейімілігі бар. Бұл қабілеті маған да жұққан. Әкем ағайын арасында өте сыйлы, құрметті, сөзі өтімді. Кез келген той-жиынға ағайынды бастап барады. Анам өте ақылды жан және білімді. Математика, физика мамандығын меңгеріп шыққанымен, тарихты өте жақсы біледі. Менің тарихқа деген қызығушылығымды оятқан өз шешем. Ал, ең бастысы, әке-шешем үлкен жүректі адамдар. "Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер" деп бекер айтпаған. Ата-ананың көзқарасы дұрыс болмаса, баланың да түзу жолға түсуі екіталай. Дұрыс тәрбие беріп, жақсы жолға түсірген әке-шешеміздің арқасында ақ пен қараны, дұрыс пен бұрысты, жақсылық пен жаманшылықты айыра алатындай болып өстік", — деп әңгімеледі Шиповских.
Геннадийдің қазақша аты – Алтынбек. Ата-анасы он жетіге келгенде азан шақырып қойған екен. Тек әкесінің өтінішімен өз тегін қалдырыпты. Бірақ тегі орыс болғанымен, қазақ елінде тұрып, қазақ жерін басқан соң, ол өзін қазақпын деп санайды. Жүрегі де, тілі де қазақ. Қазақ тілін кішкентай кезінен біледі. Қазақ балабақшасында, қазақ мектебінде оқыған.
"Бірінші қазақ тілін, сосын орыс тілін үйрендім. Бұған қоса, мен қазақша ойланамын. Оны мойындай кету қажет", — деп ағынан жарылды Алтынбек-Геннадий.
Қазақ әдебиетіне де қызығушылығы жоқ емес. Ілияс Есенберлин, Дүкенбай Досжанның шығармаларын, Мұқағалидің өлеңдерін жақсы көреді екен. Шиповскихтің айтуынша, кез келген ұлт үшін ең қымбатты - ол тілі. Тіл бар болса, халық та бар. Сондықтан ана тілге деген құрметті жастайынан бойға сіңіру үлкен маңызға ие.
"Жастармен кездесулер көп болады. Қазақ тілін барынша насихаттауға тырысамын. Себебі неғұрлым қазақ тілін жас ұрпақ көбірек білсе, ертең тілдің тұғырға нық орнығауы соған байланысты болады. Қазақ тілі — біздің ана тіліміз. Ал ана тілі ана сүтімен бірдей деп ойлаймын", — дейді Шиповских.
Геннадий Шиповских қазір ең жас Мәжіліс депутаты. Бұл қызметтің зор жауапкершілігін арқалап жүргеніне бір жылға жақындап қалған. Ол бүгінгі жетістіктерінің барлығын Алланың мейірімі мен ата-анасының қамқорлығы, ыстық-ықыласы деп түсінеді. Баласының депутат болғанын естігенде анасы ұлы үшін қатты қуанса, әкесі өзінің салиқалы кеңесін берген.
"Шешеміз қуаныштан жылады. Ал әкем үлкен кеңес берді. "Сені халық сайлады, сол халықтың игілігі үшін жұмыс атқар", — деді. Сосын "Басыңды шапса да, шындығыңды айт. Осы ұстанымдарды қызметіңе арқау етсең, сені әрдайым халық та қолдайды, ел де қолдайды, барлық жерде сыйлы боп жүресің", — деп ақыл-кеңесін берді", — дейді депутат.
Ендігі мақсат — ата-ана үмітін ақтап, қашанда абырой биігінен көріну. Осы күнге жеткізген, туған баласындай әлпештеп өсіріп, жан жылуын аямаған отбасына Геннадий Шиповскихтің алғысы шексіз. Оның айтуынша, алғыс айту күні - жақын адамдарыңа рахметіңді жеткізу үшін тағы бір жақсы мүмкіндік. Сонымен бірге, бүгін өзге ұлттардың қазақ халқына алғыс айтатын күні. Аласапыран заманда қазақ жеріне ауып келген ұлттар қиын-қыстау кезде бір үзім нанын бөлісіп жеген қазақтың мейірімділігін мен қамқорлығын ешқашан ұмытпайтыны хақ.
"Ең алдымен, мені асырап алып, жарқын өмір сыйлаған, білім берген, махаббатын, жүрек жылуын аямаған өзімнің алтын әке-шешеме мың да бір рахмет айтқым келеді. Бұл кісілер мені бауырына баспағанда, менің кім боларым белгісіз еді. Ата-анамның атқарған еңбегі өте зор. Мен оны ешқашан ұмытпаймын. Сондай-ақ, еліміздегі этнос өкілдерінің атынан қазақ еліне, қазақ жеріне, қазақ халқына, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа барлық жақсылық үшін үлкен алғыс айтамын. Бұл қамқорлықты бағалап, құрметтеу керек. Өзіңе жасаған жақсылықты ешқашан да ұмытпау қажет. Сонда ғана адамдық қасиетіңді сақтап қаласың деген сенімдемін", — деп аяқтады әңгімесін Шиповских.