АСТАНА, 9 ақпан – Sputnik. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев үкіметтің кеңейтілген отырысында ауыл шаруашылығы саласына инвестор тарту мәселесіне тоқталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мемлекет басшысы осы тұста Шөкеевке дейін ведомствоны басқарған Асқар Мырзахметовтің жұмысын сынға алды.
"Иналко" компаниясының ірі инвесторы, Gruppo Cremonini тобы, Мырзахметов Асқардың артынан үш жыл жүгірді. Қуып жете алмады. Министр сөйлесудің орнына, олардан қашты. Ақша төлейін, жасайын, малдың тұяғына, жүніне, терісіне, тіпті асқазанының ішіндегі қалдығына дейін түгін қалдырмай өңдейміз дегенде біз жұмыс бермейміз. Қалай сонда? Мына түрімізбен қалай өңдейміз?", — деп ашуланды президент.
Шөкеев бұл мәселе шешімін тапқанын айтты.
"Нұрсұлтан Әбішұлы, қазір мәселе шешілді… Аягөзде австралиялық компанияның ет комбинаты бар. Өскеменде де құс еті бойынша инвесторлар бар. Біз мал шаруашылығы бойынша бағдарламаны жаңғыртқымыз келеді", — деді министр.
Елбасы ауыл шаруашылығында шешілмей келе жатқан басты екі мәселеге тоқталды.
"Өзіңізге баяндағандай, алдағы уақытта үш бағыт бойынша жұмыс істегелі жатырмыз. Біріншісі, ет индустриясын қайта дамыту. Оған бізде барлық негіз бар. Қазір 86 репродуктор жұмыс істеп тұр. Асыл тұқымды мал саны үш жылда 400-ден 700-ге өсті. 16 мың фермер осы бағытта жұмыс істеп жатыр, аяқ алысы жаман емес. Өткенде біз Ақтөбеде Бердібек Мәшбекұлы (Сапарбаев, облыс әкімі –ред. ескерт.) екеуміз екі күндік үлкен семинар өткіздік. Фермерлердің қызығушылығы жоғары. Сондықтан осы бағдарламаны қайта жаңғыртып, сізге ұсыныс енгізбекпіз. Ал экспорт бойынша, ең әуелі, ветеринария мәселесін шешу керек…Бағдарлама дайын, сізге бір ай ішінде ұсыныстар енгіземіз", — деді Шөкеев.