АСТАНА, 9 ақпан — Sputnik. Нұрсұлтан Назарбаев үкіметтің кеңейтілген отырысында қаржы министрі Бақыт Сұлтановқа екі ескерту жасап, үшіншісі соңғы болуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Кедендік әкімшілендіруді түбегейлі жақсартуға тоқталсақ. Кедендік рәсімдердің ауыртпалығы индикаторы бойынша соңғы жылда Қазақстан 20 позицияға төмендеді. Бірінші қаңтардан бастап Еуразиялық экономикалық одақтың жаңа кеден кодексі енгізілді. Бұл кодексте электрондық декларациялау қарастырылған. Десек те, әлі күнге дейін бізде импорт бойынша электрондық декларациялау жоқ. Қаржы министрлігі енгізіп жатқан "Астана-1" ақпараттық жүйесі бизнес тарапынан сынға ұшырады. Бүгін министр бұл мәселелер қаралып, 2018 жылы шешіледі деп баяндады. Бұл қаржы министрлігінің тарапына айтылған сын. Мәселе күрделі екенін түсінемін, оны шешу керек", — деді мемлекет басшысы.
Бұдан бөлек, мемлекет басшысы бақылау-қадағалау функцияларына ревизия жүргізіп, тексерушілердің санын қысқартуды тапсырғанын айтты.
"Салық органдарында адамдардың санын қысқартуымыз керек. Енді қысқартпаймыз, басқа жаққа көшіреміз деп айтып отырсыз", — деді Нұрсұлтан Назарбаев қаржы министріне.
"Мен саған бүгін екінші ескерту жасап отырмын. Үшінші соңғы болуы мүмкін", — деп ескертті Елбасы.