Жексенбі, 7 қарашада таңғы сағат 09:30-да Қарағанды облысы Абай қаласындағы шахтада метан газы жарылды. Апат кезінде шахтада барлығы 64 адам болған. 56 адам өздері жер бетіне шыққан. Метан газы тараған 3-К10 кенжарында сегіз адам қалған. Алтауы қаза тауып, екеуі зардап шекті, олар ауруханада жансақтау бөлімінде жатыр. Министр Юрий Ильин бастаған төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері апат болған жерде тиісті жұмыстарды жүргізуде.
Полиция қылмыстық кодекстің 277-бабының 3-бөлімі (Екі және одан да көп адамның өліміне алып келген тау және құрылыс жұмыстары кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаза болған кеншілердің отбасына көңіл айтып, үкіметке оларға көмек көрсетуді тапсырды.