Оқиға

Шахтадағы трагедия: министр Ильин төтенше жағдайдың қалай болғанын айтты

© Sputnik / Владислав ВодневГлава МЧС Юрий Ильин
Глава МЧС Юрий Ильин - Sputnik Қазақстан, 1920, 07.11.2021
Жазылу
Төтенше жағдайлар министрлігінің басшысы комиссия қайғылы оқиғаның себебін жасырмайды деп сендірді. Қазірдің өзінде жазатайым оқиға мен алты адамның өліміне қатысты қылмыстық жауапкершілікке тартылатын күдіктілер бар

НҰР-СҰЛТАН, 7 қараша – Sputnik. Төтенше жағдайлар министрлігінің басшысы Юрий Ильин шұғыл брифингте Қарағанды ​​облысында шахтада болған қайғылы оқиғаның мән-жайын айтып берді.

"Кенеттен метан шығып кеткен. Датчиктер жиналған шығарындының 41%-ке дейін бірнеше есе жоғарылағанын бірден көрсеткен. Кеніштегі алты адам өзін-өзі құтқару құралдарын қолданып үлгермей, оқиға орнында көз жұмды. Шахтаға кіреберісте болған екі адам өзін-өзі қорғау құралдарын қолданған, ауыр халде ауруханаға жатқызылды", - деді ТЖМ басшысы.  

Ол сот-медициналық сарапшылардың ресми қорытындысы мәйітті сойып тексергеннен кейін 1-2 күннің ішінде дайын болатынын атап өтті.

Қазір ауаны сорып, газсыздандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ертең таңертеңнен бастап комиссия мен тергеу тобы жұмыс істейді. Комиссия құрамына түрлі ведомстволардың, соның ішінде ішкі істер министрлігі, төтенше жағдайлар министрлігі, еңбекті қорғау, әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау бөлімшелерінің өкілдері және АМТ компаниясының өкілдері кіреді.

Оқи отырыңыз: Абай шахтасындағы апат: қаза болғандардың аты-жөні жарияланды 

"Бұл жағдайдың себебін жасыру фактілері болмайды. Комиссия трагедияның себебін анықтап, мұндай фактілерді енді болдырмайтын ұсыныстар әзірлеу үшін жұмыс істейді", - деп сендірді Юрий Ильин.

Оның айтуынша, қылмыстық жауапкершілікке тартылатын күдіктілер тобы қазірдің өзінде бар. Бұған дейін полиция қылмыстық іс қозғаған.

Сонымен қатар Юрий Ильин еңбек шартына сәйкес, қаза болғандардың отбасына 10 жылдық жалақы төленетінін атап өтті.

"Жеке еңбек келісімшарттары аясында кредитті жабу, қаза болғандардың студент-балаларының оқу ақысын төлеу мәселесі қаралады. Компания бүгінде баспанаға мұқтаж жандардың мәселесін шешуі де мүмкін", - деп толықтырды Ильин.    

Сондай-ақ ол үкімет комиссиясы атынан қаза болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтты.

"Комиссия осы төтенше жағдайдың барлық себебі анықталғанша жұмыс істеп, зардап шеккендердің отбасылары мен емделуге мұқтаж жандарға жан-жақты көмек көрсетеді", - деп түйіндеді Ильин.

Еске сала кетейік, бүгін таңғы сағат 8:24-те Абай шахтасында метан шығып, алты адам көз жұмды, екеуі ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді.

Жаңалықтар
0