сайлау учаскесі - Sputnik Қазақстан, 1920, 21.07.2026
Құрылтай сайлауы - 2026
Жаңа Конституцияға сәйкес, қос палаталы парламент 1 шілдеден бастап өз жұмысын тоқтатты. Енді 23 тамызда Қазақстанда Құрылтай сайлауы өтеді. Бір палаталы парламентте 145 депутаттық мандат болады. Бұл орындарға 7 партия таласады.

Қазақстанда Құрылтай сайлауы басталды

© Sputnik / Мурад Оруджев / Медиабанкке өтуРеферендум по поправкам в конституцию Казахстана
Референдум по поправкам в конституцию Казахстана - Sputnik Қазақстан, 1920, 23.08.2026
Жазылу
Бүгінгі сайлауда 12 605 788 адам дауыс бере алады, ал басылған бюллетеньдердің саны - 12 731 847 дана
АСТАНА, 23 тамыз – Sputnik. Бүгін қазақстандықтар маңызды шешім қабылдайды. Бұрынғы мәжіліс пен сенаттың орнына келетін бір палаталы парламент - Құрылтай депутаттарын сайлайды. Бюллетеньде жеті партия бар. Сондай-ақ "Барлығына қарсымын" деген графа да бар. Sputnik Қазақстан бүгінгі сайлауға қатысты маңызды мәліметтерді ұсынады.

Партиялардың кезегі қандай

Бюллетеньде жеті партияның орналасу кезегі жеребе тарту арқылы анықталған болатын.

Олар:
"Әділет" партиясы
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы
Қазақстанның "Байтақ" жасылдар партиясы
Қазақстанның Халық партиясы
"Ауыл" партиясы
"Ақ жол" Қазақстанның Демократиялық партиясы
"Respublica" партиясы
Ал бюллетеньде көрсетілген партияларды қолдамайтындар "Барлығына қарсымын" деген графаға белгі қоя алады.
Айта кетері, бұған дейінгі бюллетеньдер сырты ақ болса, осы жолы сыртқы жағында Қазақстанның Елтаңбасы және Құрылтай өтетін күн көрсетіліп тұрады. Шет шағы ұлттық ою-өрнекпен әсемделген.

Сайлау қандай жағдайда өтті деп саналады

Бүгінгі сайлауда 12 605 788 адам дауыс бере алады. Ал басылған бюллетеньдердің саны - 12 731 847 дана.
Референдум кезінде 50 процент адамның дауыс беруі сияқты нақты талап болса, Құрылтай сайлауында ондай шектеу жоқ. Дауыстың басым бөлігін жинаған партияның бір палаталы парламентте депутаттары көп болады. Басқалары да өте алады. Бірақ ол үшін 5 процент дауыстан артық жинау керек.
Жалпы, 7 партиядан 545 кандидат ұсынылып отыр. Ал Құрылтайда 145 депутаттық мандат болады. Әрбір партия жинаған дауыстың көлеміне қарай депутаттық орынды алады.
Мәселен, 2023 жылғы парламент сайлауында AMANAT 53,90 процент дауыспен мәжілістен 40 депутаттық мандат алған. Ал екінші орынға жайғасқан "Ауыл" партиясы (10,90 процент) 8 депутатын өткізді. Ол кезде мәжілісте 98 орын болған. Ал Құрылтайда - 145 орын. Демек, осы жолы 10 процент дауыспен 12-13 мандат алуға мүмкіндік бар. Депутаттың өкілеттілік мерзімі – 5 жыл.

Үйден дауыс беруге бола ма

Сайлау заңнамасына сәйкес, кейбір азаматтар өз дауысын үйден бере алады. Олар:
денсаулығына байланысты шыға алмайтындар;
отбасындағы сырқат жанға күтім жасайтындар;
сайлау учаскесі құрылмаған елді мекен тұрғындары;
шалғайдағы және қатынау қиын аудан тұрғындары.
Учаскелiк сайлау комиссиясы дауыс беру күнi жергiлiктi уақыт бойынша сағат он екiден кешiктiрмей, әрбір адамның жазбаша өтініші негізінде үйге барып, дауыс берудi ұйымдастыруға міндетті.
Сайлау учаскесінен тыс жерде дауыс берудi ұйымдастырғанда тасымалданатын жәшiктердi сайлау комиссиясының екі мүшесi алып жүредi. Бақылаушылар мен сенім білдірілген адамдар сайлау комиссиясының мүшелерiмен iлесiп жүруге құқылы.

Жарамсыз бюллетеньдер

Заң бойынша дауыс беру кезінде кейбір бюллетеньдер жарамсыз деп танылуы мүмкін.

Олар:
қарындашпен белгі қойылған бюллетень;
белгі қойылмаған бюллетень;
комиссия мүшесі қол қоймаған бюллетень;
бір саяси партиядан артық белгі қойылған бюллетень;
түзетулер немесе басқа да бұрмалау іздері бар бюллетень;
сайлаушының таңдауын анықтау мүмкін емес бюллетень.

Сайлау учаскесінде фото-видео түсіруге бола ма?

Сайлау учаскесінде бақылаушы немесе БАҚ өкілі ғана фото-видео түсіре алады. Бұл - конституциялық заңның талабы.
Дегенмен комиссия мүшелері естелік фото жасауға қарсы болмайды. Оны бұған дейінгі сайлау науқандарынан анық байқауға болады.

Учаскеден не үшін шығарып жіберуі мүмкін

Заң бойынша әрбір учаске төрағасы дауыс беруге келген азаматтардың тәртібін бақылап отыруға міндетті.
"Төраға Қазақстан Республикасының сайлау туралы конституциялық заң талаптарын бұзып, дауыс беруге кедергі келтірген кез келген адамнан учаскеден кетуді талап етуге құқылы. Дауыс беру күні дауыс беруге арналған үй-жайда сайлау процесіне қатысы жоқ адамдардың болуына да тыйым салынады", - деді Айманақұмов комиссияның бүгінгі отырысында.
Заң талаптарын бұзған байқаушылар және басқа да адамдар комиссияның жазбаша шешімі негізінде сайлау учаскесінен шығарылады.

Дауыс қалай саналады

Дауыстарды санау жергiлiктi уақытпен сағат 20.00-де басталады. Жәшiктердi ашардың алдында сайлау комиссиясы пайдаланылмаған барлық бюллетеньдi санайды және жояды.
Бюллетеньдерді санау кезiнде комиссия төрағасы қатысушыларға сайлау бюллетенiн көрсетедi және сайлаушының ерiк бiлдiруiн жариялайды. Бұл ретте бюллетеньдер әрбір партия бойынша және жарамсыз бюллетеньдер бойынша жеке-жеке қатталып жиналады.
Дауыстарды санау нәтижелерi хаттамаларға түсiріледi. Ал сайлау комиссиясының төрағасы мен мүшелерi қол қояды. Хаттаманың көшiрмесi сайлау учаскесiнiң үй-жайындағы арнайы белгiленген орынға дереу iлiнедi және сол жерде екi күн бойы тұрады. Ал Орталық сайлау комиссиясы сайлау нәтижесін бір-екі күннің ішінде жариялайды.
Сайлауға қатысатын партиялар туралы қызықты деректерді мына жерден оқуға болады. Sputnik Қазақстан партиялық тізімдерге енгізілген кандидаттарды да зерделеп шыққан.
Здание парламента Казахстана - Sputnik Қазақстан, 1920, 20.08.2026
Құрылтай сайлауы - 2026
Құрылтай сайлауынан кейін қандай өзгерістер болады
Жаңалықтар
0