Құрылтай депутаттығына кімдер таласады

© Photo : Акимат города СемейҚұрылтай депутаттығына кімдер таласады
Құрылтай депутаттығына кімдер таласады - Sputnik Қазақстан, 1920, 15.07.2026
Жазылу
Орталық сайлау комиссиясына жеті партиядан барлығы 546 үміткердің тізімдері түсті
АСТАНА, 15 шілде – Sputnik. Қазақстанда бір палаталы парламент – Құрылтай депутаттығына кандидаттарды ұсыну мерзімі аяқталды. Орталық сайлау комиссиясына жеті партиядан барлығы 546 үміткердің тізімдері түсті. Олардың ішінде бұрынғы депутаттар, кәсіпкерлер, экс-прокурорлар, эстрада жұлдыздары, блогерлер және тағы басқа азаматтар бар. Sputnik Қазақстан партиялық тізімдерге енгізілген кандидаттарды зерделеп шықты.

"Ақ жол" кімді ұсынды

24 жылдық тарихы бар партия осы жолы 63 кандидатын ұсынып отыр. Тізімге кәсіпкерлер, педагогтар, бұрынғы полицейлер, заңгерлер және тағы басқа мамандар енді. Мәжілісте ұзақ уақыт жұмыс істеген экс-депутаттар да бар. Олар - Азат Перуашев (14 жыл), Дания Еспаева (10 жыл), Ерлан Барлыбаев (10 жыл), Берік Дүйсенбинов (7 жыл). Бұдан бөлек, Қазыбек Иса, Серік Ерубаев, Мақсат Раманқұлов, Ержан Бейсенбаев, Юрий Ли, Андрей Линник, Ерлік Өмірғали мен Олжас Нуралдиновтар "Ақ жолдың" атынан 1-4 жыл бойы мәжіліс депутаты болған.
Ал жаңа адамдардың арасында бес баланың әкесі Ермек Әбілдин, 37 жылдық тәжірибесі бар педагог Ләззат Жалмұқанова, тәжірибелі адвокат Сергей Уткин, тарих пәнінің мұғалімі Ержан Шағимолдин, педиатрия мектебінің деканы Марал Елубаева бар.
"Ақ жолдың" тізіміне партияның баспасөз хатшысы, жастар кәсіпкерлігін қолдау қызметінің басшысы Әйгерім Арыстанова мен жастар кеңесінің мүшесі Бек-Мұхамед Жаукебаев та енді.

"Ауылдан" Құрылтайға кім барады

69 адамнан тұратын партиялық тізімде бұрынғы депутаттардан Қарақат Әбден, Серік Егізбаев, Жигули Дайрабаев, Ерболат Саурықов мен Николай Арсютин бар. "Ауылдың" жаңа төрағасы Қайрат Айтуғанов та кандидаттардың қатарына қосылды.
Партияның атынан сайлауға түсетін үміткерлердің басым бөлігі – басшылық пен филиал жетекшілері. Бұдан бөлек, аграрлық сала, бизнес, білім мен ғылым өкілдері. Мәселен, Астана медициналық университетінің ректоры Анар Тұрмұхамбетова, Қостанай инженерлік-экономикалық университетінің ректоры Арман Исмаилов, Қазақстанның Еңбек Ері Эльмира Траисова, ал мемлекеттік қызмет саласынан президент әкімшілігінің ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары Дәурен Бабамұратов бар.
Жалпы, кандидаттардың 71%-і - ер адам, 29%-і - әйелдер. Мүгедектігі бар 6 адам да партиялық тізімге еніп отыр. Үміткерлердің жартысынан көбі - 35 пен 55 жас аралығындағы адамдар.

ӘDILET ең үлкен жарна төледі

Бұл партия Құрылтай сайлауына кандидаттардың ең ұзын тізімін ұсынды. Барлығы – 186 адам. Олардың ішінде президент әкімшілігі басшысының орынбасары Ерлан Карин, "Қазақтелеком" АҚ төрағасы Бағдат Мусин, Жоғары аудиторлық палатаның бұрынғы басшысы Наталья Годунова, бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева, оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова және тағы басқа мемлекеттік қызметшілер бар.
Партиялық тізімге бұрынғы депутаттар да енді. Олар: Ерлан Саиров, Айдос Сарым, Никита Шаталов, Мұрат Әбенов, Екатерина Смышляева, Сергей Понамарев, Максим Рожин, Снежана Имашева мен Марат Башимов. Барлығы AMANAT-пен бірге ӘDILET-ке қосылды.
Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың сотында прокурор болған Айжан Аймағанова да осы партияның атынан сайлауға түспекші. Толық тізімді мына жерден көруге болады.
Жаңадан құрылған партия өз кандидаттары үшін ең үлкен сайлау жарнасын төлеп отыр. Жалпы сомасы - 237 млн 150 мың теңге. Әрбір кандидат үшін – 1 млн 750 мың теңге. Осы жолы ӘDILET-пен бірге "Байтақ" партиясы ғана жарна төлейді. Қалғаны сайлау жарнасынан босатылып отыр. Себебі бұған дейінгі сайлауда 5 процент дауыс жинаған.

"Байтаққа" жеңілдік берілді

Жасылдар партиясы бұған дейінгі сайлауда мәжіліске өтпесе де, 2,30 процент дауыс алған. Сол себепті сайлау жарнасыy төлеу бойынша 30 проценттік жеңілдік алып отыр. Осылайша, 47 кандидат үшін 41 млн 947 мың теңгені төлеп қойған.
Бас кезінде олар 51 кандидатты ұсынған. Бірақ соңғы съезден кейін төртеуі сайлауға қатысудан бас тартты.
Партия төрағасы Азаматхан Әміртаевтың айтуынша, тізімде бір креслодан екіншіге ауысып жүре беруді армандайтын шенеуніктер жоқ. Саяси ұйым кәсіби заңгерлер, кәсіпкерлер, экологтар, инженерлер, педагогтар мен дәрігерлерге басымдық беріп отыр.

ҚХП-ның кандидаттары кім

Қазақстанның Халық партиясы алдағы сайлауға 72 кандидатты ұсынып отыр. Бұрынғы депутаттардан Ирина Смирнова, Асылбек Нұралин мен Кенжеғұл Сейітжан бар. Ал танымал адамдардың арасынан әнші Тамара Асарды атап өтуге болады. TikTok-та танылған мұғалім Игорь Гноевой да партиялық тізімге енді.
Бұдан бөлек, экс-сенатор Ляззат Сүлейменова, бұрынғы денсаулық сақтау вице-министрі Лязат Ақтаева мен муай-тайдан екі дүркін әлем чемпионы Данияр Аргумбаев ҚХП-ның атынан сайлауға түспекші.
Партияның жаңадан сайланған басшысы Нұрсұлтан Шоқанов пен оның орынбасарлары да депутат болуға ниетті.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының тізімі

Құрылтай сайлауына ең аз кандидат ұсынған саяси ұйым – Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы. 33 адамның ішінде танымал жұлдыздар мен шенеуніктер жоқ. Үміткерлердің басым бөлігі – партияның орталық аппараты мен аймақтардағы белсенділері. Ал бұрынғы депутаттардан Асхат Рахымжанов, Нұрлан Әуесбаев, Ажар Сағандықова мен Наурыз Сайлаубай бар.
ЖСДП-ның төрт депутаты мәжіліске алғаш рет 2023 жылғы сайлаудан кейін кірген. Бұған дейінгі екі жоғары көрсеткіш 2007 жылғы сайлауда болған. Социал-демократтар 4,54% дауыспен екінші орынға шыққан. Бірақ депутаттық мандат ала алмады.
Бұл партия "Халық кеңесі" атты қоғамдық парламентке де бастамашы болған. 2008 жылы осы жиналыстың алғашқы отырысы да ұйымдастырылған болатын.

Respublica-ның кандидаттары

Соңғы парламент сайлауында Respublica бір жасар партия болса да, мәжілістен бірден 6 депутаттық мандат алған болатын. Осы жолы олар 76 кандидатты шығарып отыр. Олардың ішінде кәсіпкерлер, журналистер, спортшылар, IT-мамандар мен мәдениет қайраткерлері бар. Кандидаттардың қатарына блогер Бейбіт Әлібеков пен "Ирина Кайратовна" тобының мүшесі Азамат Маркленов те қосылды.
Бұрынғы депутаттардан Айдарбек Ходжаназаров, Олжас Құспеков, Динара Наумова, Екатерина Смолякова мен Нұргүл Тау бар. Respublica-дан ұсынылған кандидаттардың толық тізімін мына жерден көруге болады.
Дауыс беру процесі - Sputnik Қазақстан, 1920, 01.07.2026
Тамыздағы Құрылтай сайлауына жеті партия қатысады
Жаңалықтар
0