Қазақстанда қандай гүлдерді жұлуға болмайды

© Photo : акимат Южно-Казахстанской областиТюльпаны Грейга
Тюльпаны Грейга - Sputnik Қазақстан, 1920, 18.07.2026
Жазылу
Сирек кездесетін және жойылу қаупі бар өсімдіктерді жұлуға, жинауға, сақтауға және тасымалдауға тыйым салынады
АСТАНА, 18 шілде – Sputnik. Жазғы демалыс кезінде тауға немесе орманға барған адамдардың көбі үйге гүл теріп қайтады. Алайда мұндай әрекет үшін заң бойынша жауапкершілік қарастырылған. Себебі Қазақстанда сирек кездесетін және жойылу қаупі бар көптеген өсімдік түрі бар. Sputnik Қазақстан заң талаптарын ұсынады.

Қызыл кітапқа енген жүздеген өсімдік бар

Қазіргі таңда Қазақстанның Қызыл кітабына өсімдіктердің 387 түрі енгізілген. Олардың арасында емдік шөптер де бар. Сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар өсімдіктердің тізімі үкімет қаулысымен бекітілген.
Қазақстандағы сирек өсімдіктердің кейбір түрлері:
Виталий шөмішгүлі;
Көк сағыз;
Жаңғақты лотос;
Сарғылт құндызшөп;
Қаратау шөмішгүлі;
Островский қызғалдағы;
Қазақстан өлеңшөбі;
Грейг қызғалдағы;
Көктем жанаргүлі;
Корольков қызғалдағы;
Бұйра лалагүл;
Түркістан гүлкекіресі;
Дала шұғылығы.

Сирек өсімдіктерді жұлғаны үшін жаза бар

Қылмыстық кодекстің 339-бабына сәйкес сирек кездесетін және жойылу қаупі бар өсімдіктерді жұлуға, жинауға, сақтауға және тасымалдауға тыйым салынады.
Бұл әрекет үшін мынадай жаза қарастырылған:
3 мың АЕК-ке дейінгі айыппұл (2026 жылы – 12,95 млн теңгеге дейін);
түзеу жұмыстары;
800 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстар;
үш жылға дейін бас бостандығын шектеу;
үш жылға дейін бас бостандығынан айыру.
Сонымен қатар заң бұзған адамның мүлкі тәркіленуі мүмкін. Сондай-ақ белгілі бір лауазымды атқару немесе қызметпен айналысу құқығынан бес жылға дейін айыру шарасы қолданылуы ықтимал.
Айта кетері, бұған дейін Оңтүстік Қазақстан облысында Қызыл кітапқа енген гүлдерді жұлып, сатқан тұрғын жауапқа тартылған болатын. Ал биыл Ордабасы ауданы Бөржар ауылдық округі аумағында Грейг қызғалдақтарын трактормен таптағаны жайлы видео тараған еді.
Түркістан облысында Қызыл кітапқа енген өсімдіктерді заңсыз жинағандар ұсталды - Sputnik Қазақстан, 1920, 17.11.2025
Түркістан облысында Қызыл кітапқа енген өсімдіктерді заңсыз жинағандар ұсталды
Жаңалықтар
0