"Бір сағатта келемін деді": Ауыр жарақат алған мұғалімнің әйелі оқиғаның мән-жайын айтты

© Sputnik / Абзал КалиевКапельница
Капельница - Sputnik Қазақстан, 1920, 23.12.2024
Жазылу
Қуат Айтқалиевке бір күн бұрын түнде досы хабарласып, директор тапсырма бергенін айтқан
АЛМАТЫ, 23 желтоқсан – Sputnik. Семейде шырша безендіруге барған ұстаз Қуат Айтқалиев биіктен құлап, жансақтау бөліміне түскен болатын. Оқиғаның мән-жайын мұғалімнің әйелі Сымбат Тұрғалиева Sputnik Қазақстан тілшісіне айтып берді.
Оқиға сенбі күні болған. Қуат Айтқалиевке бір күн бұрын түнде досы хабарласып, директор тапсырма бергенін айтқан.
"49-шы мектепте жұмыс істегеніне 4 жылдай болды. Түнде оған Әліби деген досы телефон шалып, мектеп директоры Гүлфарида Тоқтаубаева хабарласып, шырша безендіруге барыңдар дегенін айтты. Таңғы асын ішпестен, сағат тоғызға таман кетті. Бір сағатта қайтып келемін деді. Біраз уақыттан соң достары хабарласып, шыршадан құлап кеткенін айтты", - дейді Сымбат Тұрғалиева.
Ол жанұшыра барғанда оқиға орнында Қуат болмаған.
"Ауруханаға барсам ота жасалыпты. Дәрігер "бас сүйегі сынып, миына кіріп кеткен, сүйекті алып тастадық" деді. Шыршаның жанында биікке көтеретін арнайы техника болған. Мен досы Әлібиден неге соған шықпадыңдар деп едім, ол техника жұмысшылардыкі, мұғалімдерге бермеді, рұқсат жоқ екен деді. Сол себепті Қуат өзі өрмелеп шыққан. Төрт метр биіктен құлады деп жатыр, негізі бес метр биіктен құлаған", - дейді Сымбат.
Бір сағатта келемін деп кеткен жарымның ауыр жағдайға түсерін білсем жібермес едім, дейді ол.
"Мен әлеуметтік желіде білім бөлімін кіналап жатқанын көріп отырмын. Неге білім саласы кінәлі? Бұл әкімдіктің шыршасы, бұған 30 млн теңгеден астам қаражат бөлінген. Білім басқармасының шыршасы емес. Неге білім бөлімі, неге мұғалім кінәлі. Әкімдік неге жауап бермейді? Менің күйеуімнің жағдайынан кейін мұғалім біткенді қоғамдық жұмысқа жеккенін қоятын шығар деп үміттенемін. Өйткені менің күйеуім құрбан болып тұр", - дейді Айтқалиевтің әйелі.
Қуаттың жасы 31-де, үш жасар баласы бар.
Еске сала кетейік, 21 желтоқсанда шырша безендіруге барған ұстаз шыршадан құлап, ауыр жарақат алды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы науқастың жан сақтау бөлімінде жатқанын айтты.
Бүгін қалалық білім бөлімінің басшысы қызметінен босады.
Жаңалықтар
0