Бишімбаев ісі: қылмыстың хронологиясы

Қуандық Бишімбаев
 Қуандық Бишімбаев - Sputnik Қазақстан, 1920, 02.04.2024
Жазылу
АСТАНА, 2 сәуір – Sputnik. Астанада Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша бірнеше сот отырысы өтті. Экс-министр азаматтық некеде тұрған жұбайын өлтіргені үшін айыпталып отыр. Прокурорлар тергеу нәтижесін жариялады. Ал Бишімбаев не үшін тағылған айыппен келіспейтінін түсіндірді. Sputnik Қазақстан елді елең еткізген қылмыстың хронологиясын ұсынады.

Қызғаныштың кесірі

Тергеу материалына сәйкес, осыдан екі жыл бұрын Бишімбаев астрологиямен айналысқан Салтанатты әлеуметтік желіден көріп, қатты ұнатып қалады. Содан қыр соңынан қалмай, көңілін табуға тырысқан. Жарты жылдан кейін дегеніне жетіп, той жасайды. Бірақ некені заңды түрде рәсімдемеген. Мешітте қидырумен шектелді.
Бишімбаев тойдан кейін бірден өзгеріп шыға келеді. Қызба мінезін көрсете бастаған. Салтанатқа достарымен ғана емес, туыстарымен де араласуға рұқсат бермепті. Онымен қоймай, барлық SMS-ті және қоңырауларды тексеріп отырған. Астрологиямен табыс табуға да тыйым салады. Осылайша, әйелін өзіне бағынышты етіп қойған.
Бишімбаев оны ойдан шығарылған адамдардан қызғанып, қол көтере бастайды. Басынан ұрып, тепкілеп тастаған кездері болған. Нүкенова бәріне шыдаған, полицияға арыз түсірмеген.
Қызғаныштың қатты болғаны сонша, бір жолы Бишімбаев Салтанатты түнде оятып, порнографиялық видеоны көрсетеді. "Бұл видеоға түскен сен емессің бе?", - деп айқайлап сұраған. Тағы ұрыс-керіс шығып, Салтанат таяқ жеп қалады.

Тыр жалаңаш видеоға түсуге мәжбүрлеген

Былтыр тура Наурыздың алдында Бишімбаев өз сүйіктісін соққыға жыққан. Салтанат көгеріп кеткен бетін фотоға түсіріп, ағасына жібереді. Бишімбаев қорқып кетіп, ажырасқан жағдайда фотоны өзіне қарсы пайдалануы мүмкін деген ой келеді. Содан Нүкенованы тыр жалаңаш видеоға түсуге мәжбүрлеген. Ал бейнежазбаны "кепілдік болады" деп сақтап қойыпты.
Нүкенова зорлық-зомбылықтан әбден шаршайды. Бірнеше рет өз үйіне кетіп қалған. Бишімбаев әке-шешесінен кешіріп сұрап, оны үйіне алып кетіп жүрген. Бірақ көп ұзамай, тағы соққыға жыққан.
Бүгінде Бишімбаев осы әрекеті үшін Қылмыстық кодекстің 110-бабы, 2-бөлігінің 1-тармағы (адамға дәрменсiз күйде екенi көрінеу белгiлi не кiнәлi адамға материалдық немесе өзгедей тәуелдi адамды қинау) бойынша жауапқа тартылып отыр. Осы бапта 4 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе осы мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Мейрамханада таңға дейін ұрған

Былтыр 8 қарашада екеуі танымал ресейлік әншінің концертіне барады. Сол жерде тағы ұрсысып қалады. Ал концерттен кейін жақын жердегі "BAU" мейрамханасында мәселенің мән-жайын шешуге кіріскен. Сол кезде Салтанат әбден шаршағанын және біржола кетуге шешім қабылдағанын айтады. Бірақ Бишімбаев оны жібермей қояды.
VIP-залда бірнеше шарап ішілген. Бірақ екеуі келісімге келмейді, ұрыс-керіс ушыға түскен. Бишімбаев тағы дөрекі сөйлеп, адамды кемсітетін сөздер айтады. Қымбат сыйлықтарын да еске салған. Оған ашуланған Салтанат үстіндегі киімін де, әшекейін де шешіп, жерге тастай салады. Бишімбаев ашуланып кетіп, Нүкенованың шашынан тартып, жұдырығымен басынан ұрғылай бастаған. Ал таңғы уақытта жұбайын үйге алып кеткісі келген. Бірақ ойы іске аспады. Соған ашуланып, дәлізде Нүкенованы басынан бірнеше рет қатты ұрады. Салтанат жерге сылқ етіп құлаған. Бірақ Бишімбаев тоқтаған жоқ, етігімен теуіп, басынан тағы ұрады. Одан кейін шашынан сүйреп, VIP-залға кіргізеді.

Адам өлтіру ісі қозғалды

Нүкенова залдағы дәретханаға тығылып көрген. Алайда Бишімбаев есікті бұзып кіреді. Салтанатты тағы теуіп, мойнынан қылқындырған. Сол кезде Нүкенова есінен танып қалады. Ал біршама уақыттан кейін оянады. Оны көрген Бишімбаев қайтадан жұдырығын ала жүгірген. Салтанат көптеген дене жарақатынан оқиға орнында көз жұмды.
Бишімбаев жедел-жәрдем шақырмаған. Түске таман туысы әрі мейрамхана директоры Бақытжан Байжановты шақырып, барлық қызметкерді үйге жіберуге және түнгі бейнежазбаларды жойып тастауға тапсырма береді. Сол күні экс-министр ұсталды. Оған Қылмыстық кодекстің 99-бабы, 2-бөлігінің 6-тармағы (адам өлтіру, басқа адамды қасақана аса қатыгездікпен қазаға ұшырату) бойынша айып тағылып отыр. Осы қылмыс үшін 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ал оның туысы аса ауыр қылмысты жасырғаны үшін жауапқа тартылды.

Бишімбаев не дейді

Сотта экс-министр Салтанаттың артынан жүгірмегенін мәлімдеді. Оның айтуынша, Нүкенова бірінші кездесуден кейін өзі жабысқан.
"Түнгі сағат екі-үштің кезінде үйіне апарып тастадым. Жанымызда көлік жүргізуші болды. Біз артта отырдық. Жолда бұрылып қарасам, дәл қасымда отыр екен. Алкогольдің әсері ме, ұнату ма, ол маған жақындады да, сүйді. Бәрі күтпеген жерден болды. Бірінші кездесуден кейін ғой. Мен өзім де абдырап қалдым", - дейді Бишімбаев.
Одан кейін Салтанаттың бұрын танымал кәсіпкермен жақын араласқанын айтты. Тіпті, ол бизнесменнің атын да атапты. Басқа жігіттердің де есімін еске алған. Бірақ бәрін тойдан кейін ғана білген. Соған қатты күйіндім дейді.
Бишімбаев сотта бірнеше рет ескерту алды. Бірақ біршама уақыттан кейін Салтанаттың тағы бір "сырын" жайып салды. Сол кезде прокурор мен адвокат сөзге келіп қалды.

"Кінәмді мойындаймын, бірақ..."

Бишімбаев марқұм Салтанатты үнемі ұрғанын мойындамай отыр. Оның айтуынша, Нүкенова парадокс пен қарама-қайшылыққа толы адам болған. Ішімдік көп ішкен, қит етсе, үйіне кетіп қалған. Бір рет түнде дәретханаға бара жатқанда орындықтың үстіне құлаған. Содан көзі көгеріп шыға келген көрінеді.
Экс-министр марқұм жұбайына екі рет қана қол көтердім дейді. Соның өзінде шапалақпен ғана ұрғанын айтып отыр.
"Оның өліміне қатысым бар, оны мойындаймын. Екеуіміздің арамызда болған ұрыс-керіс, сол күні менің әрекеттерім болмағанда, бәлкім, ештеңе болмайтын еді. Сондықтан осыны назарға алуыңызды сұраймын. Кінәмді мойындамаймын дегенім қылмысқа қатысым жоқ деген сөз емес, аса қатыгездікпен өлтіру ойымда болмады. Соны ғана айтқым келіп тұр", - деді Бишімбаев.
Сотта Бишімбаевтың туысы бейнежазбаларды жоюға тапсырма бергенін мойындады. Екеуінің хат жазысқан SMS-тері де жарияланды. Экс-министр сөйлегенде Салтанаттың анасы өзін ұстай алмай, эмоцияға ерік берді.
Айта кетері, Бишімбаевтің ісі әлі қаралып жатыр. Үкімді алқабилер соты шығарады.
Жаңалықтар
0