Қоғам

Бишімбаев соты: алқабилер қалай іріктеледі

© Photo : Pixabay / PublicDomainImagesСуд, правосудие
Суд, правосудие - Sputnik Қазақстан, 1920, 15.03.2024
Жазылу
Қазақстанда алқабилердің құрылықтық моделі жұмыс істейді. Оның ерекшелігі - судья алқабилермен бірге шешім шығаруға қатысады
АСТАНА, 15 наурыз – Sputnik. Астанада экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала сот тыңдауы өтті. Сол жерде негізгі сот отырысы 27 наурызға белгіленді. Судья Айжан Көлбаева экс-министрдің барлық өтінішін кері қайтарды. Бірақ қылмыстық істі алқабилер сотымен бірге қарауға рұқсат берді. Марқұм Салтанат Нүкенованың туыстары қарсылық білдірген жоқ. Себебі бұл – айыпталушының заңды құқығы. Sputnik Қазақстан алқабилердің құрамын жасақтау және олардың қатысуымен істі қарау тәртібін ұсынады.
Құрлықтық модельдің ерекшелігі қандай
Әлем бойынша алқабилер институтының екі моделі бар. Олар: классикалық және құрлықтық. АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Австрия сияқты мемлекеттерде классикалық модель кеңінен тараған. Оған сәйкес, алқабилер судьясыз үкім шығара береді. Ал Қазақстанда құрлықтық модель жұмыс істейді. Ондайда кеңесетін бөлмеге судья да кіреді. Ол алқабилермен бірге шешім шығаруға қатысады.
Сот отырысы барысында алқабилер залда отырып, төраға арқылы барлық қатысушыға сұрақ қоя алады. Істің мән-жайын білгеннен кейін кеңесетін бөлмеге барады.
Шешім қалай шығарылады
Кеңесетін бөлмеде алқабилердің әрбіреуі және судья нақты үш сұрақтың жауабын беруі керек.
Олар:
Қылмыстың жасалғаны дәлелденді ме?
Сотталушының қылмыс жасағаны дәлелденді ме?
Сотталушы қылмыс жасағанына кінәлі ме?
Осы сұрақтарға жауап беру үшін алқабилерге арнайы бюллетеньдер таратылады. Әрбір бюллетеньге соттың мөрі басылған. Алқабилер және судья құпия дауыс беру арқылы өз ұстанымын білдіреді. Ал бюллетеньде нақты "иә, кінәлі" немесе "жоқ, кінәлі емес" деген жауап болуы шарт. Осыдан кейін барлығы өз бюллетеньдерін жәшікке салады.
Алқабилер соты айыпталушының жазасын да тағайындайды. Басым дауысқа ие болғандардың үкімі шығарылады. Әрбір алқаби мен судьяда бір дауыс бар. Қалыс қалуға болмайды. Сондай-ақ судья алқабилердің шешімін өзгерте алмайды.
Алқабилер қалай жасақталады
Алқабилердің тізімі электронды түрде жасалады. Ол үшін жергілікті әкімдіктер алқаби болғысы келетін адамдардың тізімін жасап, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне жібереді. Ал сот кандидаттардың тізімін қалыптастыру үшін министрлікке қарасты "Smart Data Ukimet" жүйесіне сұрау салады. Осы жүйеде бірыңғай тізім жасалып, "Төрелік" ақпараттық жүйесіне жолданады.
Алқабиге кандидаттардың бірыңғай тізімі әліпби тәртібімен жасақталады. Тізімге тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте тұрғылықты жері бойынша тіркелген азаматтар енгізіледі. Ал алқабилердің санын облыстық және оған теңестірілген соттың төрағасы айқындайды. Барлық кандидат заң талаптарына сай болуы шарт.
Негізгі талаптар
Алқабиге кандидаттардың тiзiмдерiне тұрғылықты жері бойынша тіркелген Қазақстан азаматтары енгізіледі. Бірақ бірнеше талапқа сай келмейтіндер алқаби бола алмайды.
Олар:
жиырма бес жасқа толмағандар;
өтелмеген не алынбаған сотталғандығы бар азаматтар;
сот әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлетi шектеулi деп таныған адамдар;
судьялар, прокурорлар, тергеушiлер, адвокаттар, мемлекеттiк қызметшiлер мен әскери қызметшiлер, сондай-ақ құқық қорғау органдарының қызметкерлерi;
психикалық, мінез-құлықтық, оның ішінде психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты бұзылушылықтарының (ауруларының) себебі бойынша денсаулық сақтау ұйымдарында есепте тұрған адамдар;
Сосын кейбір адамдар жазбаша өтініш жазып, өз еркімен алқабиге кандидаттардың тiзiмінен шыға алады.
Олар:
қылмыстық iс бойынша сот iсi жүргізілетін тiлдi бiлмейтiн адамдар;
өздерінің дене кемiстігі немесе психикалық кемiстiгi салдарынан алқабидiң мiндеттерiн атқаруға қабiлетсiз адамдар;
алпыс бес жастан асқан адамдар;
дiни қызметшiлер;
Іріктеудің алғашқы сатысы
Алқабиге кандидаттарға алдымен сот отырысының орны мен басталу уақыты туралы хабарлама жіберіледі. Олар iрiктеу рәсiмiне қатысу үшiн сотқа келуге міндетті.
Судья алқабилердің міндеттері мен олардың осы қылмыстық iстi қарауға қатысу тәртiбiн түсіндіреді. Сосын сұрақ қоюға көшеді. Оған сотталушы және зардап шеккен адамның өкілдері де қатысады.
"Алқабиге кандидат iстi қарауға қатысу үшiн iрiктеу кезiнде төрағалық етушi және тараптар қойған сұрақтарға шынайы жауап беруге, сондай-ақ оның талабы бойынша өзi туралы және iске қатысатын басқа адамдармен қарым-қатынасы туралы өзге де қажеттi ақпараттар беруге тиiс", - делінген Қылмыстық іс жүргізу кодексінде.
Алқабиге кандидат өзінің жеке басына байланысты деректерді жария етпеу мақсатында төрағалық етушіге жасырын түрде жауап беруге құқылы. Бірақ оған дейін судья алқаби міндеттерін атқаруға кедергі келтіретін мәліметтерді жасырып қалуға қатысты барлық мәселені түсіндіріп беруі тиіс. Себебі ондай мәліметтер артынан үкімнің күшін жоюға негіз болуы мүмкін.
Алқабиге кандидаттарды іріктеуге дәлелсiз себептермен келмей қалған адамға айыппұл салынады. Ал сотқа келген алқабиге кандидаттар саны жиырма бестен кем болса, судьяның өкімі бойынша сот отырысының хатшысы дара тізімнен алып, олардың қатарын осы санға дейін толықтырады.
Жеребе тастау арқылы анықталады
Заң бойынша қылмыстық iстер жөнiндегi мамандандырылған ауданаралық сотта және тура сондай әскери сотта алқабилер қатысатын соттың құрамына бiр судья және он алқаби кіреді. Сондай-ақ тағы қосалқы екi алқаби болады. Олар негізгі құрамдағы алқабидің біреуі белгілі бір себептермен шықпай қалса, оны ауыстырып отырады.
Алқабилер жеребе тастау арқылы іріктеледі. Ол үшiн судья кандидаттардың тегi көрсетілген билеттердi жәшiкке салады, оларды араластырады және бiр-бiрлеп он екi билеттi алып шығады. Билетті алған сайын алқабиге кандидаттың тегiн жариялайды.
Алқабилер алқасын құрудың дұрыстығына ықпал ететiн қандай да бiр бұзушылыққа жол берiлмесе, алқабилер алқасы құрылды деп танылады. Ал қандай да бiр бұзушылық болған жағдайда алқабиге кандидаттар қайта iрiктеледі.
Алқабидің анты
Алқабилер алқасы құрылғаннан кейiн сот залында отырғандардың барлығы орындарынан тұрады. Ал судья алқабилерді ант қабылдауға шақырады.
Ант мәтіні: "Алқабидiң мiндеттерiн атқаруға кiрiсе отырып, өз мiндеттерiмдi адал және бейтарап атқаруға, сотта қаралған істің барлық дәлелдемелерін, дәлелдерін, мән-жайларын назарға алуға, ерiктi азамат және әдiл адам ретiнде iстi өзiмнiң iшкi нанымым мен ар-ожданым бойынша шешуге салтанатты түрде ант етемiн".
Сот отырысының хаттамасына алқабилердiң ант қабылдағаны туралы жазба жасалады.
Алқабидің құқықтары
Заңда алқабидің нақты құқықтары көрсетілген.
Олар:
өзінің iшкi нанымы бойынша iстiң мән-жайын өз бетiнше бағалауға және алқабилер алқасының алдына қойылатын сұрақтарға жауап беруге мүмкiндiк алу үшiн сотта қаралатын дәлелдемелердi зерттеуге қатысуға;
процеске қатысушыларға төрағалық етушi арқылы сұрақтар қоюға;
заттай дәлелдемелердi, құжаттарды тексерiп қарауға, жердi және үй-жайларды тексеріп қарау ісіне, сот тергеуiндегi барлық басқа да iс-әрекеттерге қатысуға;
төрағалық етушiге заңнама нормаларын, сондай-ақ сот отырысында жария етiлген құжаттардың мазмұнын және iске қатысты, өзiне түсiнiксiз басқа да мәселелердi түсiндiрудi сұрап өтiнiш жасауға;
сот отырысы кезiнде жазбалар жасауға құқылы.
Алқабидің міндеттері:
сот отырысында тәртiп сақтауға және төрағалық етушiнiң заңды өкiмдерiне бағынуға;
алқабидiң мiндеттерiн атқару үшiн, сондай-ақ, егер сот отырысында үзiлiс жарияланған немесе істі тыңдау кейiнге қалдырылған жағдайда, сот талқылауын жалғастыру үшін сот көрсеткен уақытта келуге;
сотқа келуге мүмкiндiгi болмаған жағдайда, төрағалық етушiге келмеудiң себептерi туралы алдын ала хабарлауға мiндеттi.
Негізгі шектеулер:
iстi тыңдау кезiнде сот отырысы залынан кетпеу;
iстi тыңдау кезiнде сот құрамына кiрмейтiн адамдармен төрағалық етушiнің рұқсатынсыз iс бойынша сөйлеспеу;
мәлiметтердi сот отырысынан тыс жинамау;
жабық сот отырысына қатысуына байланысты өзiне белгiлi болған мән-жайлар туралы мәлiметтердi жарияламау, сондай-ақ кеңесу бөлмесiнiң құпиясын бұзбау;
Сұрақтарды талқылау және тұжырымдау уақытында алқабилер сот отырысы залынан шығып кетедi.
Алқаби өз мiндеттерiн атқармаса, сондай-ақ шектеулердi сақтамаса, заң бойынша жауап береді. Судья оны iстi қарауға одан әрi қатысудан шеттетуге құқылы.
Алқабилерге жалақы төлене ме
Сот отырысына қатысатын алқабиге бір күн үшін орташа есеппен 18 мың теңге төленеді. Сондай-ақ оның негізгі жұмыс орны сақталады. Еңбек өтілі де жүре береді. Оны жұмыстан шығаруға немесе ақысы төмен қызметке ауыстыруға болмайды.
Заң бойынша адамды алқабидiң мiндеттерiн атқаруға бір жылдың ішінде ары кетсе, бiр рет және қылмыстық iс қаралатын барлық уақытқа шақыруға болады.
Сотқа шақырылған, бiрақ алқабилер алқасының құрамына iрiктелмеген адамдар басқа сот отырысына алқаби ретiнде қатысу үшiн тартылуы мүмкiн.
Айта кетері, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап алқабилердің қатысуымен 45 қылмыс құрамы бойынша істерді қарауға рұқсат берілді. Соның ішінде 32 аса ауыр және 13 ауыр қылмыстар бар.
Министр нацэкономики РК Куандык Бишимбаев - Sputnik Қазақстан, 1920, 11.03.2024
"Бишімбаев Нүкенованы тыныштандырмақ болған" - адвокат жазалау бабын өзгертуді сұрады
Жаңалықтар
0