Нүкенованың өлімі: сотта оқиғаның мән-жайы айтылды

Салтанат Нукенова - Sputnik Қазақстан, 1920, 11.03.2024
Жазылу
Нукенованы басына жұдырықпен ұрды, ал ол дәретханаға тығылған кезде оны сол жерден шығарып, ұруды жалғастырған
АЛМАТЫ, 11 наурыз - Sputnik. Астанада ұлттық экономика экс-министрі Қуандық Бишімбаевқа қатысты алдын ала тыңдау өтіп жатыр. Оған "ерекше қатыгездікпен жасалған кісі өлтіруден" басқа "азаптау" деген де айып тағылған.
Сот процесінде прокурор Салтанат Нүкенованың қайтыс болған түні мейрамханада не үшін шешінгенін айтты.
Айыптаушы тарап Бишімбаев сатып әперген заттарын бұлдап, әйелін қорлады деп есептейді. Прокурорлардың айтуынша, Салтанат Нүкенова киім-кешек пен зергерлік бұйымдарын шешіп, бір ғана іш киіммен қалған.
Бұған ашуланған Бишімбаев Нүкеноваға жұдырық ала жүгірген.
Оқиғадан бұрын Нүкенова ағасына барып түнейтінін, тіпті мейрамханадан шыққанын жазған. Бірақ Бишімбаев оны жібермеген.
Сонымен қатар айыптаушы тарап Бишімбаев тек қана ұрып-соғып қана қоймай, Нүкенованы қасақана өлтірмек болған деп есептейді.
Ұлттық экономиканың экс-министрі таңертең әйелін ұрып-соққаннан кейін оны үйіне апармақ болған. Алайда мас болғандықтан көлік рөліне отыра алмаған. Сондықтан мейрамханаға оралуға мәжбүр болған.
Онда ол үйге бара алмағаны үшін ашуланып, Нукенованы басына жұдырықпен ұрды, ал ол дәретханаға тығылған кезде оны сол жерден шығарып, ұруды жалғастырған.
Айыптау қорытындысы бойынша, Бишімбаев Нүкенованы бұған дейін де бірнеше рет қорқытып, жиһазды қиратып, ыдыс-аяқты сындырған.
Сондай-ақ Бишімбаев Нүкенованы түнде оятып алып, порнографиялық бейнелерді көрсетіп, бейнеде Нүкенова ма, жоқ па деп сұраған кездері де болған, дейді мемлекеттік айыптаушы.
Қуандық Бишімбаев алдын ала сот тыңдауында өзіне тағылған айыптарды мойындамады.
Астанада өтіп жатқан алдын ала сот тыңдауында мемлекеттік айыптаушы Нүкенова мен Бишімбаевтың арасындағы қарым-қатысқа қатысты бірқатар мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, Бишімбаев әйелін интимдік видео түсіруге мәжбүрлеп, бопсалаған.
Салтанат Нүкенованың өлімі
Өткен жылдың 9 қарашасында бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың елордадағы мейрамханалардың бірінде әйелін ұрып өлтіргені туралы хабар қоғамды дүр сілкіндірген еді.
Кейбір БАҚ беттерінде Бишімбаевтың қатты мас болғаны, тіпті есірткіге мас болғаны туралы хабарланды. Полиция марқұмның жедел жәрдем келгенше қайтыс болғанын айтты.
ІІМ сол күні мейрамханадағы жанжалдың салдарынан алған дене жарақаттарынан бір әйелдің қайтыс болғанын растаған еді. Алайда оқиғаға қатысты қандай да бір ақпарат берген жоқ: зардап шегушінің атын атаған жоқ.
Кейіннен ішкі істер министрлігі Астана мейрамханасындағы кісі өлімі бойынша Қуандық Бишімбаевтың ұсталғанын растады.
Тергеу барысында оқиға болған "Bau" мейрамханасы орналасқан Гастро орталық директоры қылмысты жасырды деген күдікке ілініп, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Жаңалықтар
0