Дерекқор

Шығай хан туралы қызықты деректер

© Sputnik/Эдуард Галеев"Қазақ хандығы" фильміндегі хан тағы
Қазақ хандығы фильміндегі хан тағы - Sputnik Қазақстан, 1920, 11.01.2024
Жазылу
Қазақтың тоғызыншы ханы Шығай аз уақыт (1580-1582) билік етсе де, оның ұрпақтары екі жарым ғасыр бойы Қазақ хандығын басқарды.
Хандықтың туын қайта көтеруге күш салған Кенесары хан да осы Шығай ханның ұрпағы болып келеді. Sputnik Қазақстан Хақназардан кейін билікке келген Шығай хан туралы қызықты деректерді ұсынады.

80 жасында таққа келді

Шығай хан – Қазақ хандығының негізін салушылардың бірі Жәнібек ханның немересі. Жәнібектің тоғыз ұлы болған, ең кенжесі – Жәдік. Қадырғали Жалайырдың еңбегінде Жәнібек ханның тоғыз ұлы өз уәлаяттарында патшалық құрғанын айта келе, Қасым, Үсек (Үснак, Ұзақ) пен Жәдікті "хан" деп көрсеткен. Қамбар мен Әдік "сұлтан", ал Иренджи сұлтан (Жиренше), Махмұд сұлтан, Жаныш сұлтан, Тыныш сұлтан және олардың ұрпақтары туралы ештеңе жазбаған. Жәдіктің "хан" лауазымымен айтылуына қарағанда, ол Қазақ хандығындағы бір ірі ұлыстың билеушісі болса керек.
"Шежірелер жинағының" авторы Жәдік ханның көптеген әйел мен күңі, балалары да көп болғанын жазған. Ал Тоғұм хан, Бөкей сұлтан, Шығай хан мен Мәлік сұлтан аса әйгілі даңқты ұлдары ретінде көрсетілген. Соңғы екеуі бір анадан туады.
Шығай хан таққа келгенде жасы сексенге таяп қалған. Ал оның дүниеге келген кезі шамамен XVI ғасырдың алғашқы жылдарына сәйкес келеді. Сол ғасырдың 20-30-шы жылдары Шығай сұлтан орда бұзатын жаста еді. Сонда батыстағы ноғай мырзаларымен, Мауренахрдағы шайбанилық сұлтандармен және Шығыс Түркістандағы шағатайлық сұлтандармен болған сансыз шайқастардың бел ортасында жүріп, жас сұлтан ретінде батырлығымен, батылдығымен көзге түскен. Шығайдың сұлтандық кезеңі жөнінде Қадырғали Жалайыр да жазған.
Керей-Жәнібек хандар - Sputnik Қазақстан, 1920, 11.10.2023
Дерекқор
Қазақтың екінші ханы Жәнібек хан туралы не білеміз
"Шығай ханның хикаясы әрқашан оның батырлығымен мәлім, мәшһүр болды", - дейді Жалайыр. Ал "Шараф-наме-йи шахи" еңбегінің авторы Хафиз Таныш: "... далада ержетіп, ұлы істерді жасауда небір қиындықтарды басынан өткерді, көп уақыт бойы өмірдің тәтті мен ащы дәмін татты", - деп Шығай сұлтанның өмір жолын баяндаған.
Сол кезде сыртқы жаулармен болған көптеген шайқаста 70-ке жуық хан мен сұлтан қаза тапты. Олардың ішінде Шығай ханның әкесі де бар.

Шығайдың аты ханмен бірге аталады

Қазақ хандығын 40 жылдан астам уақыт басқарған Хақназар ханның тұсында Шығай қазақ қоғамындағы ең танымал тұлғалардың бірі болды. Ортағасырлық мұсылман авторларының деректері мен орыс тіліндегі ресми құжаттарда оның есімі Хақназар ханмен бірге аталады.
XVI ғасырдың 50-ші жылдары Ноғай Ордасы саяси және экономикалық дағдарыстардың салдарынан екіге бөлініп кетеді. Ноғай мырзаларының бір бөлігі қазақтарды паналауға мәжбүр болады. Сол кезде Хақназар хан, Шығай сұлтан және тағы басқа сұлтандар бастаған қазақ күштері Еділ-Жайыққа дейінгі жерлерді қайтару үшін күресті бастап кетеді. Шығайдың есімі де алғаш рет орыс деректерінде кездесе бастайды. 1569 жылы ноғайларға барып қайтқан орыс елшісі Семен Мальцев: "...и Казатцкие орды Акназара царя и Шигая царевича и Челыма царевича, а с ними 20 царевичев, приход их был на Нагай, и был бой писал... ", - деп жазған.
1579 жылдан бастап Хақназар хан оңтүстік бағытта іс-әрекет ете бастайды. Мауренахрдағы шайбанилық сұлтандар арасындағы қақтығысты қазақтың мүддесі үшін пайдалануға тырысады. Мауренахрда II Абдаллах билікке келіп, шайбанилық сұлтандардың иеліктерін бірте-бірте күшпен бағындыра бастайды. Ташкентте Наурыз Ахмед ханның үлкен ұлы Дербіс сұлтанды билеуші ретінде отырғызады. Ал Баба сұлтан туған ағасын өлтіріп, өзін хан деп жариялайды да, II Абдаллах ханға қарсы шығады. Шайбанилық екі хан өз жағына Қазақ ханы мен сұлтандарын тартуға тырысады. Хақназар ханға іргедегі қарсыласын күшейткеннен гөрі алыстағы қарсыласымен одақтасу тиімді болды. Сол себепті II Абдаллах ханды қолдады.
Қасым хан - Sputnik Қазақстан, 1920, 29.11.2023
Дерекқор
Қасым хан туралы қызықты деректер
Баба сұлтан өз билігін сақтап қалу үшін небір қитұрқы әрекеттерге барады. Біресе Бұхара ханына бағынатынын білдірсе, біресе оған қарсы шығады. Қазақ билеушілерінің саясаты туралы Бұхараға жалған ақпараттар жіберіп отырады. Ақыры 1580 жылы сәуір айында Шарапхана өзені бойында өзімен кездесуге келген Жалым сұлтанды, оның екі ұлын және Хақназар ханның екі ұлын қапыда өлтіреді. Ал Хақназар ханды өлтіруге ең сенімді адамдарының бірі – шайбанилық Бузахур сұлтанды аттандырады.
Хақназар ханның нақты қалай қаза тапқаны белгісіз. Бірақ 1580 жылдың 10 маусымындағы оқиғаларды баяндайтын мәліметтерде Шығайдың есімі қазақ ханы деп атала бастайды.

Қазақтың ханы өзге жерге неге кетті

Шығай Қазақ хандығын екі жылдай биледі. Ал өмірдің соңғы күндерін жырақта өткізді. Осы мәселеге қатысты тарихшылар әртүрлі болжам жасайды. Біреулер Шығай ханның ұлдарымен бірге Бұхараға барып, Абдаллах ханнан пана іздеді десе, енді біреулер қазақ жеріндегі беделінен айырылуымен түсіндіреді. Ал 2010 жылы жарық көрген "Қазақстан тарихының" академиялық басылымында "Шығай ханды басқа да қазақ хандары қудалаған болуы мүмкін" деген болжам бар.
Тарихшы Талас Омарбеков те Шығай ханның Абдаллах ханға кетуінің себебін жазған.
"Осындайда қол астындағы елді қорғай алмай, оның үстіне қазақ сұлтандарының сенімінен айырылған Шығай хан амалсыздан бұхаралық Абдолладан көмек сұрауға мәжбүр болды", - деп жазды тарихшы.
Бұдан бөлек, тарихшылар арасында Шығайдың "хан" лауазымын тым жылдам иеленді деген пікір бар. Сол кезде қаза тапқан ханды жерлеуден кейін бүкіл елге хабар жіберіледі. Таққа үміткер өзін қолдайтын сұлтандармен, билермен, бектермен, батырлармен ашық және жасырын түрде келіссөздер жүргізеді. Содан кейін ғана хан сайланатын күн белгіленеді. Барлық шаралар бірталай уақытқа созылатын. Ал Шығай өзіне дейінгі Хақназар хан қайтыс болғаннан кейін аз уақыттың ішінде "хан" деп аталады. Соған қарағанда, Шығайды хан сайлауға бүкіл қазақтың саяси және билеуші тобы емес, ханға жақын аз ғана топ қатысып, өте қысқа уақыт ішінде хан көтерді деген жорамал бар. Соның салдарынан оның ел арасындағы беделі таудан домалаған тастай құлдырай бастаған. Мұны сезген Шығай хан өзіне қолдау табу үшін Абдаллах ханға арқа сүйейді.
Памятник Кенесары хану в Астане - Sputnik Қазақстан, 1920, 08.09.2023
Дерекқор
Кенесары Қасымұлы – қазақтың соңғы ханы
Хафиз Таныш қазақ қоғамындағы қалыптасқан жағдайдан хабардар болып, Шығай хан туралы өз мәліметінде "...Шығай Абдаллах ханға бағыну белдігін беліне байлайтындығын және (оған) берілгендіктің бұғауын мойнына ілетіндігін хабарлады. Ұлы мәртебелі өзіне тән мейірбандылық пен қайырымдылығымен оған (Шығай ханға) сыйластығы мен құрмет көрсетті. Оны аса мейірбандылығымен құрметтеп, ихта ретінде Ходжент жерін берді. Ол Шығай ханға көмек көрсетуге уәде беріп, оның құрметіне патшаларға лайықты той жасады", - деп суреттейді. Кейбір тарихшылары осы мәліметті негізге ала отырып, Шығай ханның Бұхараға бас сауғалап барды деп санайды.
Ал тарихшы Қойшығара Салғараұлы ондай пікірдің негізсіз екенін жазған. Оның ойынша, Абдаллахтың Шығай ханға осындай құрмет көрсетіп, оған ихта ретінде жер беруі қазақтардың Бұқара хандығымен терезесі тең ел екенін және де Абдолла ханның Қазақ хандығында мүддесі болғаннан көрсетеді.
"Шығай хан Абдолла сұлтаннан Ходжентті алып, мұнда нақшбанд ұйымының сопыларының қоршауында болған. Ол сырттан қаңғып өлмеген, ресми түрде қазақтың ханы атанған күйінде, өз жөнімен, өз ажалымен, өз иелігі Ходжентте жарық дүниемен қоштасқан", – деп жазды Салғараұлы.

Баба сұлтанды өлтірді

1580-1581 жылдары Шығай ханға қатысты болған оқиғалардың ішінде біреуі ғана өте қысқаша түрде баяндалады. Ол – Баба сұлтанға қарсы аттануы. Бірақ Шығай хан үшін алғашқы шайқас сәтсіз аяқталды.
1581 жылы маусым айының басында оның Қаратал деген жерде орналасқан Абдаллах ханның ордасына ұлы Тәуекел сұлтанмен және басқа да ұлдарымен ғана келгендігі айтылады. Мауренахр билеушісі өз кезегінде Шығай ханға ерекше құрмет көрсетеді. Хафиз Таныш "Шараф-наме-йи шахи" еңбегінде: " (Шығай ханға) ерекше құрмет пен мейірбандылықтың барлық түрі көрсетілді, (Абдаллах хан) оған Ходжент жерін иктаға берді. Ол Шығай ханды жағымды уәделермен үміттендірді және сенімді көмек беруге уәде берді (және) ханға лайықты той жасады", - деп жазады. Одан әрі дерек авторы Шығай ханның өте риза болғандығын және әрбір сағат, әрбір минут сайын Абдаллах ханды мақтап өлең айтқанын көрсеткен.
1581 жылы маусым айының соңында Абдаллах хан Бұхараға қайтар жолда Шығай ханды Ходжентке жібереді де, Тәуекел сұлтанды өзінің жанында қалдырады.
Бұрындық хан - Sputnik Қазақстан, 1920, 11.11.2023
Дерекқор
Қазақтың үшінші ханы – Бұрындық хан туралы қызықты деректер
Шығай ханға қатысты келесі және соңғы деректе оның ұлы Тәуекел сұлтанмен бірге Абдаллах ханның 1582 жылдың наурызы мен тамызы аралығында Баба сұлтанға қарсы жасаған жорығына қатысқандығы туралы мәлімет бар. Баба сұлтанның соңына түскен Абдаллах хан Орталық Қазақстандағы Ұлытау маңында қарсыласының орналасқанынан хабардар болады да, әскерін сапқа келтіреді. Абдаллах хан әскерінің оң қанатына Шығай хан мен Тәуекел сұлтанды тағайындайды. Жошы хан мавзолейінің маңында орналасқан Баба сұлтан қарсыласының қимылына төтеп беруге шамасының жетпейтінін біліп, маңғыттарға қарай қашады.
1582 жылдың 29 сәуірі күні Шығай хан бастаған әскер Баба сұлтанның адасып қалған тобына шабуыл жасап, мол олжаға кенеледі. Маңғыттардан қолдау таппаған Баба сұлтан кері оралып, тамыз айында Сығанақ жаққа келеді. Осы маңда Шығай ханның ұлы Тәуекел сұлтанның әскери тобына тап болады да, ұрыс барысында қаза табады. 1582 жылдың 7 тамызы күні оның кесілген басы Абдаллах ханға әкелінеді.
Хафиз Таныштың деректерінде Шығай ханның есімі 1582 жылғы Абдаллахтың Баба сұлтанға қарсы жасаған жорығында соңғы рет кездеседі. Тарихшылардың бәрі осы жылды Шығай ханның қайтыс болған жылы деп санайды.
Қадырғали Жалайыр Шығай ол туралы: "Ақырында ол да дүниеден өтті. Бұл күнде оның қабірі Күміскентте, Әли Атаның қасына жерленген", - деп жазды.

Ұлдары біраз уақыт билік құрды

Шығай ханның ұлдары ішінде екі ұл ғана, Тәуекел хан мен Есім хан 40 жылдан астам уақыт бойы Қазақ хандығын басқарды. Одан кейін бірнеше ғасыр бойы билікте Шығай хан ұрпақтары болды. Олардың бірнешеуі мәңгі халық жадында қалды.
Тарихшы Қойшығара Салғараұлы Шығайдың хандық билікке келуінің үш себебі көрсеткен. "Біріншісі – Шығай сұлтанның өзінің жеке басының елге сыйлылығы. Оның көзсіз батырлығы жөнінде халықтың (ХІХ ғ.) әлі күнге дейін жыр қылып, тамсана айтатынын дәлел етуге болады. Екіншісі – Шығайдың ұлдарының (Тәуекел, Есім, Ондан және т.б.) хандыққа тіреніш, ханға демеу болған. Үшіншісі – Шығай Қазақ хандарының іргелі тұқымы Жәнібектің кенже ұлы Жәдіктің баласы болды. Және де Абдолланың әкесі Ескендірдің таққа отырып, ал баласы оның атынан барлық істі тындыруы сияқты, Тәуекел де өз әкесін хан етіп, өзі барлық істерге белсене қатысып жүрген", – деп жазды Салғараұлы.
Деректер бойынша Шығайдан көп ұрпақ қалды. Оның әйелдері де көп еді. Қадырғали Жалайыр өз еңбегінде Шығай ханның үш әйелін ерекше атап өтеді. Біріншісі – Байым бегім. Одан Сейдқұл сұлтан, Ондан сұлтан, Алтын ханым. Екіншісі – шағатайлық Яқшым бегім. Одан Тәуекел хан, Есім хан, Сұлтан-Сабырбек ханым. Үшіншісі – Бұрындықтың қызы Дадим ханым. Одан Әлі сұлтан, Сұлұм сұлтан, Ибрахим сұлтан, Шахым сұлтан. Сондай-ақ, басқа да тарихта аты қалған Абылай, Күшік деген ұлдары болған.
Әбілқайыр хан - Sputnik Қазақстан, 1920, 17.10.2023
Дерекқор
Кіші жүздің ханы Әбілқайыр хан туралы қызықты деректер
Жаңалықтар
0