Төлқұжат жасату қанша теңге тұрады және оған қандай құжаттар қажет
© Sputnik / Владислав ВодневАрхивтегі сурет
© Sputnik / Владислав Воднев
Жазылу
2024 жылдан бастап елімізде балалар паспорты арзандайды, сондай-ақ төлқұжат рәсімдеу кезінде азаматтар саусақ ізін тапсырады
Қазақстандықтар төлқұжат үшін мемлекетке қанша теңге төлейді? Паспортты қай өңірлерде бір күнде жасатуға болады? Төлқұжат жоғалса, не істеу керек? Толығырақ Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз.
Паспорт қай уақытта қажет
Қазақстан азаматының төлқұжаты – ел аумағында және шетелде азаматтың жеке басын куәландыратын және Қазақстан азаматтығын растайтын құжат. Паспорт шетелге шығатын азаматтар үшін қажет.
Төлқұжат қазақстандықтарға жасына қарамастан олардың қалауы бойынша беріледі. Төлқұжаттың жарамдылық мерзімі – 10 жыл.
Төлқұжат алу үшін қандай құжаттар керек
Қазақстандықтар төлқұжат жасату үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына барады. Өзімен бірге мынадай құжаттарды апарады:
жеке куәлік;
егер балаға паспорт жасатса, туу туралы куәлік (құжат рәсімдегенде баланың өзі де қатысуға міндетті);
төлқұжат үшін мемлекеттік бажды төлегені туралы түбіртек.
Төлқұжат алу бағасы
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап елімізде балалар паспорты екі есе арзандайды. Енді 16 жасқа дейінгі балаларға 24 беттік паспорт жасату үшін мемлекеттік баж 4 АЕК (2023 жылы 13 800 теңге) болады.
Ересектер 36 беттен тұратын стандартты паспорт үшін 8 АЕК (27 600 теңге) төлейді. Ал 48 беттік төлқұжат үшін мемлекеттік баж мөлшері – 12 АЕК (41 400 теңге).
Кімдер паспортты тегін алады
Қазақстан заңнамасы бойынша мына санаттағы азаматтар төлқұжат рәсімдеу кезінде мемлекеттік баж төлеуден босатылған:
Кеңес Одағының батырлары, Социалистік Еңбек ерлері;
үш дәрежелі Даңқ орденінің және үш дәрежелі Еңбек Даңқы, "Алтын Қыран", "Отан" ордендерімен наградталған, "Халық қаһарманы", "Қазақстанның Еңбек Ері" атақтарына ие болғандар;
"Батыр Ана" атағына ие болған, "Алтын алқа", "Күмiс алқа" алқаларымен наградталған көпбалалы аналар;
ҰОС ардагерлері, оларға теңестірілгендер және басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері;
мүгедектігі бар адамдар, сондай-ақ бала жасынан мүгедектігі бар адамның, мүгедектігі бар баланың ата-анасының бірі;
қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекемеде тұратын қарттар, жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар;
Чернобыль апатының салдарынан зардап шеккендер.
Осы тізімге кіретін қазақстандықтар баж төлеуден босатылғанын растайтын құжатты көрсетуге тиіс.
Төлқұжат неше күнде дайын болады
Төлқұжат өтінім берген күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде дайындалады. Бірақ қазақстандықтар қосымша ақы төлеп, паспортты бір-екі күнде ала алады.
Ішкі істер министрлігі жеке басты куәландыратын құжаттарды жеделдетілген тәртіппен алу қызметінің құнын төмендетуді жоспарлап отыр.
Астана, Алматы, Ақтөбе, Шымкент қалаларында:
1-санаттағы жеделдік – 1 жұмыс күні, қызмет құны 3372,45 теңгеге дейін;
2-санаттағы жеделдік – 2 жұмыс күні, қызмет құны – 1770,88 теңгеге дейін;
облыс орталықтарында:
1-санаттағы жеделдік – 3 жұмыс күні, қызмет құны – 3372,45 теңгеге дейін;
2-санаттағы жеделдік – 5 жұмыс күні, қызмет құны – 1770,88 теңгеге дейін;
облыстардың аудандары мен қалаларында:
3-санаттағы жеделдік – 7 жұмыс күні, қызмет құны – 677,95 теңгеге дейін төмендетілмек.
Паспорттың мерзімі өтсе, азамат жауапқа тартыла ма
Жеке куәлігі бар, шетелге шықпайтын қазақстандыққа ел ішінде жүріп-тұру үшін төлқұжат қажет емес. Яғни Қазақстан азаматтары паспорт алуға міндеттелмейді. Сол себепті жарамдылық мерзімі өткен паспортты жаңасына ауыстырып-ауыстырмауды да азаматтың өзі шешеді. Мерзімі өткен паспорт үшін ешқандай айыппұл көзделмеген.
Құжаттың түпнұсқасы жоғалса, электронды көшірмесі жарамсыз
Жеке басты куәландыратын құжаттың түпнұсқасы ұрланса, я болмаса жоғалса, цифрлық көшірмесін пайдалануға болмайды. Ондайда электронды құжат жарамсыз болып саналады. Түпнұсқасын қалпына келтіргеннен кейін цифрлық нұсқасын қолдана беруге рұқсат етіледі.
Жоғалған паспортты қалай қалпына келтіруге болады
Төлқұжат жоғалса оны қайта жасату үшін ХҚКО-ға барып, мына құжаттарды ұсыну керек:
паспортты қалай жоғалтқанын түсіндіре отырып жазбаша өтініш беру (16 жасқа толмаған бала үшін ата-анасының бірі өтініш жазады);
жеке басты куәландыратын құжаттардың бірі немесе оның цифрлық нұсқасы;
паспорттың ұрланғаны немесе жоғалғаны туралы арызды қабылдаған полиция басқармасының талон-хабарламасы.
Шетелде жүрген қазақстандықтар паспортын жоғалтқан жағдайда Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелеріне өтініш білдіреді.
Саусақ іздері
2024 жылғы қаңтардан бастап қазақстандықтар жеке куәлік немесе төлқұжат рәсімдеген кезде саусақ іздерін тапсырады. Саусақ іздері 16 жасқа толған азаматтардан алынады. 12 жастан 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер ерікті негізде дактилоскопиялық тіркеуге жатады. Ал 12 жасқа толмаған балалардан саусақ ізі алынбайды.
Осылайша қазақстандықтардың паспортында саусақ ізі түрінде қосымша қорғаныс пайда болады.
Ішкі істер министрлігі Sputnik-ке түсіндіргендей, дактилоскопиялық тіркеу енгізілгеннен кейін қазақстандықтар мемлекеттік шекарадан оңай өтеді.
"Мысалы, паспорт чипінде саусақ іздері болса, шекарадан өткен кезде оларды қайта тапсырудың қажеті жоқ. Бұл бүгінгі таңда ең дәл биометрия", - дейді ведомстводағылар.
Сондай-ақ дактилоскопия шетелде жүріп төлқұжатын жоғалтқан азаматтардың жеке басын анықтау процесін де тездетеді екен.
Саусақ ізін тапсырудан бас тартқандарға 2 АЕК (2023 жылы – 6 900 теңге) айыппұл салынады.