Дерекқор

Жеке куәлік жоғалса не ұрланса, цифрлық нұсқасын пайдалана беруге бола ма

© АО "Национальные информационные технологииАрхивтегі сурет
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 28.09.2023
Жазылу
Жеке куәлігі жоқ не құжатының жарамдылық мерзімі өткен қазақстандықтарға 24 150 теңге айыппұл салынады
Жеке куәлік – Қазақстан азаматының жеке басын куәландыратын және Қазақстан азаматтығын растайтын құжат. Ол мемлекеттік қызмет көрсеткенде, банктерде, келісімшарт жасасқанда және тағы басқа қызметтер үшін талап етіледі. Елімізде соңғы жылдары жеке куәліктің цифрлық көшірмесі жиі пайдаланылып жүр. Осы орайда жеке куәліктің қағаз нұсқасы жоғалған немесе ұрланған жағдайда, оны қайта жасатпай, электронды құжатта қолдана беруге бола ма деген заңды сұрақ туындайды? Толығырақ Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз.

Жеке куәлік неше жастан беріледі

Қазақстандықтарға жеке куәлік 16 жастан бастап беріледі. Заң бойынша Қазақстан аумағында тұрақты тұратын барлық азаматтың жеке куәлігі болуы міндетті. Құжат республика аумағында ғана жарамды. Жеке куәлік 10 жылға беріледі. Шетелге тұрақты тұруға кететін қазақстандықтар жеке куәлігін ішкі істер органдарына тапсырады.

Жеке куәлік алу бағасы

Жеке куәлікті Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы Ішкі істер министрлігі береді. Құжат жасату үшін азаматтар 0,2 АЕК мемлекеттік баж төлейді. 2023 жылы оның мөлшері 690 теңгені құрайды.
Салық кодексіне сәйкес, мына санаттағы азаматтар жеке куәлік жасатқанда мемлекеттік баж төлемейді:
Кеңес Одағының батырлары, Социалистік Еңбек ерлері;
үш дәрежелі Даңқ орденінің және үш дәрежелі Еңбек Даңқы, "Алтын Қыран", "Отан" ордендерімен наградталған, "Халық қаһарманы", "Қазақстанның Еңбек Ері" атақтарына ие болғандар;
"Батыр Ана" атағына ие болған, "Алтын алқа", "Күмiс алқа" алқаларымен наградталған көпбалалы аналар;
ҰОС ардагерлері, оларға теңестірілгендер және басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері;
мүгедектігі бар адамдар, сондай-ақ бала жасынан мүгедектігі бар адамның, мүгедектігі бар баланың ата-анасының бірі;
қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекемеде тұратын қарттар, жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар;
Чернобыль апатының салдарынан зардап шеккендер.
Осы тізімге кіретін қазақстандықтар баж төлеуден босатылғанын растайтын құжатты көрсетуге тиіс.

Жеке куәлік жоғалса немесе ұрланса не істеу керек

Егер адам жеке куәлігін жоғалтса немесе оны біреу ұрлап алса, жаңасын жасату үшін ХҚКО-ға жүгінеді. Жеке куәлікті рәсімдеуге қандай құжаттар керек екенін күні бұрын 1414 нөміріне қоңырау шалып білуге болады.
Жеке куәлікті жоғалтқан жағдайда, қажетті құжаттар тізімі:
жеке куәлікті қалай жоғалтқанын түсіндіре отырып, оны қалпына келтіру туралы жазбаша өтініш беру;
мемлекеттік бажды төлегені туралы түбіртек (мемлекеттік баждан босатылғандар растайтын құжатын ұсынады);
Қазақстан азаматының паспорты (егер болса).
Жеке куәлік қалпына келтірілгеннен кейін табылған ескі құжат Қазақстан заңнамасында белгіленген тәртіппен жойылады.
Ал егер жеке куәлік ұрланса, алдымен аудандық полиция басқармасына барып, арыз жазу қажет. Құқық қорғау органдары жеке куәліктің ұрланғаны туралы талон-хабарлама береді.
Осы талонмен ХҚКО-ға барып, мемлекеттік баж төлейсіз, сөйтіп жеке куәлікті қалпына келтіресіз. Егер сізде төлқұжат болса, оны да құжаттарға қосып ұсыну керек.

Жеке куәлік жоғалса, цифрлық нұсқасын пайдалана беруге бола ма

Жеке куәліктің цифрлық нұсқасы eGov mobile және банктердің мобильді қосымшасында тұр. Бүгінде азаматтардың көбі құжаттың осы түрін пайдаланады.
Елімізде электронды құжат қағаз құжатқа теңестірілгенімен, құжаттың түпнұсқасы жоғалса, электронды көшірмесі жарамсыз болып қалады. Себебі заң бойынша құжаттың қағаз түріндегі түпнұсқасы болуы шарт.
Яғни, егер жеке куәлік ұрланса не жоғалса, міндетті түрде ХҚКО-ға барып, қайта жасату керек. Цифрлық көшірмесін пайдаланып жүре беруге болмайды. Түпнұсқасын қалпына келтіргеннен кейін электронды нұсқасын қолдана беруге рұқсат етіледі.

Жеке куәлікті ауыстыру

Жеке куәлікті жарамдылық мерзімі өтпесе де, ауыстыруға тура келетін жағдайлар болады. Мысалы неке қиғанда немесе некені бұзғанда тегін өзгерту үшін.
"Неке және отбасы туралы" кодекске сәйкес, жеке куәлік неке қию немесе бұзу туралы куәлікті алған сәттен бастап 30 күн ішінде ауыстырылуға тиіс. Әйтпесе 7 АЕК айыппұл көзделген.
Тегін өзгерткен жағдайда ХҚКО-ға мына құжаттар қажет:
неке қию (бұзу) туралы куәлік, заңды күшіне енген сот шешімі (бар болса);
ауыстырылатын жеке куәлік, паспорт (бар болса);
мемлекеттік бажды төлегені туралы құжат (мемлекеттік баждан босатылғандар растайтын құжат ұсынады).
Неке қию немесе некені бұзу кезінде таңдалған тегі неке қию (бұзу) туралы куәліктегі жазбаға сәйкес көрсетіледі.
Жеке куәлік - Sputnik Қазақстан, 1920, 30.01.2023
Жеке куәліктегі қатені қалай түзетуге болады?

Жеке куәлік неше күнде дайын болады

Жеке басты куәландыратын құжаттар өтінім берген күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде дайындалады. Бірақ қосымша ақша төлеп, құжатты 1-2 күнде алуға мүмкіндік бар.
Астана, Алматы, Ақтөбе, Шымкент қалаларында:
1-санаттағы жеделдік – 1 жұмыс күні (қызмет құны – 4 983 теңге);
2-санаттағы жеделдік – 2 жұмыс күні (қызмет құны – 2 752 теңге).
облыс орталықтарында:
1-санаттағы жеделдік – 3 жұмыс күні (қызмет құны – 4 983 теңге);
2-санаттағы жеделдік – 5 жұмыс күні (қызмет құны – 2 752 теңге).
облыстардың аудандары мен қалаларында:
3-санаттағы жеделдік – 7 жұмыс күні (қызмет құны – 1 116 теңге).

Қазақстанда жеке куәліксіз тұруға бола ма

Қазақстан аумағында тіркеусіз не жеке басты куәландыратын құжаттарсыз тұруға тыйым салынған.
Он күннен бір айға дейін жеке куәлiксiз немесе жарамсыз құжатпен жүрген қазақстандықтарға ескерту жасалады.
Ал егер бір айдан астам уақыт бойы жеке куәліксіз тұрса немесе мерзімі өткен куәлігін бір ай бойы жаңартпаса, онда 7 АЕК (2023 жылы – 24 150 теңге) айыппұл салынады.
Осы заңбұзушылықтар әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталанса 13 АЕК (2023 жылы – 44 850 теңге) айыппұл көзделген.

Жеке куәлікке ұнаған суретті таңдау

Астана мен Алматының Халыққа қызмет көрсету орталықтарында өз-өзіне қызмет көрсету терминалдары орнатылған. Тұрғындар құжаттама терминалы арқылы жеке куәлікті алуға өтініш береді. Адамдар өздері суретке түсіп, жеке куәлікке пайдалану үшін ұнаған фотосын таңдай алады.
Терминалдар биометриялық жүйемен және адамға түсінікті интерфейспен жарақтандырылған. Құрылғының көмегімен өтініш беріп қана қоймай, дерекқордағы фотосурет бойынша жеке басты сәйкестендіріп, QR-кодпен төлем жасауға болады.
Терминал арқылы құжат алу тәртібі:
ЖСН және ұялы телефон нөмірін енгізу;
суретке түсу және қол қою;
экрандағы QR-кодты пайдаланып, мемлекеттік бажды төлеу;
SMS арқылы қолхат алу;
көші-қон қызметінің қызметкеріне өтінім нөмірін дайындау үшін көрсету.
Стоимость документов в 2023 году_заставка - Sputnik Қазақстан, 1920, 11.01.2023
Қазақстанда 2023 жылы құжат алу қанша тұрады
Жаңалықтар
0