Дерекқор

9 мамыр: Қазақстан Жеңіс күнін ұмытпайды

© Sputnik / Владислав ВодневАстанчане празднуют День Победы, 9 мая 2022 года
Астанчане празднуют День Победы, 9 мая 2022 года - Sputnik Қазақстан, 1920, 22.04.2023
Жазылу
9 мамыр – Қазақстандағы мемлекеттік мерекелер тізіміндегі айтулы даталардың бірі. Бұл күні Кеңес Одағының армиясы II Дүниежүзілік соғыста фашистерді жеңді.
Оның құрамында сол кездегі Қазақ КСР-дың мыңдаған азаматы да болды. Олар Берлинге дейін барып, Рейхстагқа жеңіс туын тікті. 1941-1945 жылдары болған сұрапыл соғыстың 9 мамырда қалай аяқталғанын Sputnik дерекқорынан оқыңыз.

II Дүниежүзілік соғыс қалай басталды

II Дүниежүзілік соғыс 1939 жылы 1 қыркүйекте басталды. Сол күні Германия әскері Польшаға басып кірді. Оған дейін халық арасында үгіт-насихат жүргізілді. Немістің баспасөзі Польшада этникалық немістерді қудалап жатқанын жазды. Сондай-ақ, осы елдің Ұлыбритания мен Франция сияқты одақтастарымен бірге Германияны қоршап, өзара бөліп алуды жоспарлап жүргені туралы жалған ақпарат таратылды. Неміс әскерилері өз еліндегі радиостанцияға өтірік шабуыл да ұйымдастырды. Осы "қылмыс" үшін поляктарды айыптады.
Польшаға бір уақытта 60 дивизия баса көктеп кірді. Неміс әскерінің саны 1,5 миллионнан асты. Олар поляктардың қорғаныс шебін оп-оңай бұзып, бірден Варшаваға бет алды. Польша мобилизация өткізіп үлгермеді. Армиясы да дайын болмады. Қару-жарақ пен әскери құрал-жабдықтар жетіспеді. 300 ұшақ аспанға көтерілуге дайын тұрған. Бірақ люфтваффе басым бөлігін бірден бомбалап тастады. Әлемде Германия әскерінің табысты тактикасы – блицкриг немесе "көзілеспес соғыс" әдісі кеңінен тарап кетті.
27 қыркүйекте Польша немістерге берілді. Содан Ұлыбритания мен Франция Германияға соғыс ашты. Артынан антигитлерлік коалицияға басқа елдер де қосылды. Ал Италия мен Жапония Германия жағында болды.
Жалпы II Дүниежүзілік соғысқа 62 мемлекет (Жер шарының 80 проценті) қатысты. 70 миллионнан астам адам қаза тапты. Олардың басым бөлігі – бейбіт тұрғындар. Бұл соғыста алғаш рет ядролық қару қолданылды.
Талғат Бигелдинов (оң жақта) - Sputnik Қазақстан, 1920, 19.04.2019
Өмірбаяндар
Кеңес Одағының екі мәрте батыры Талғат Бигелдинов жайлы не білеміз?

Немістер КСРО жеріне қалай кірді

1941 жылдың маусымына қарай II Дүниежүзілік соғыс Кеңес одағының шекарасына жақындап қалды. Батыста немістерді ешкім тоқтата алмады. Германия 12 мемлекетті жаулап алды. Ал 22 маусымда ешбір ескертусіз КСРО жеріне басып кірді. Фашистер "көз ілеспес шабуылмен" соғысты жылдам қысқа дейін аяқтауды жоспарлады. Бірақ қанды қырғын төрт жылға созылды.
Кеңес үкіметі Фин соғысынан кейін ғана әскери күштерді қайта құрып жатқан. Оған қоса, армия қатарында тазарту мен репрессия кең етек алды. Бес маршалдың үшеуі (М.Н.Тухачевский, В.К.Блюхер, А.И.Егоров) атылды. 1937-1938 жылдары 40 мың әскер басшылары тұтқындалды. Сол себепті 1941 жылы соғыс басталғанда әскери және саяси басшылардың басым бөлігі - 70-75 проценті тәжірибесі жоқ жас адамдар болды.
КСРО басшылығы бір күн бұрын шекарадағы неміс әскерінің соғысқа дайындалып жатқанын біліп қойды. Оған дейін тыңшылар ақпарат жіберді. Неміс жақтан қашып келген адам да соғыстың басталатынын растады. Содан арнайы деректива шығарылды. Бірақ оны таратып үлгермеді. Германия әскері таң атпай шекара заставаларын бомбалауға кірісті. Жүздеген ұшақ тұрған жерінде жойылды. Оған қоса, орталықпен дұрыс байланыс болмады. Бас кезінде Мәскеуде отырғандар батыс майданында не болып жатқанын білген де жоқ.
Ресми мәліметке сәйкес, 1941-1945 жылдары сұрапыл соғыста 25-27 миллион адам қаза болды.

Қазақстандықтар барлық майданда шайқасты

Соғыстың алғашқы күндерінен бастап қазақстандықтар барлық майданда жаумен жан аямай шайқасты. Мәселен, ең бірінші шабуылға ұшыраған даңқты Брест қамалын қорғаушылардың қатарында Г. Абдрахманов пен В. Лобанов, атқыштар В. Горянов пен К. Иманқұлов, артиллерияшы Г. Жұматов, минометші В. Фурсов болды. Немістер дәл сол қамалды бірнеше сағаттың ішінде жаулап алуды жоспарлады. Бірақ бір айдан астам уақыт бойы қорғаныс шебін бұза алмады.
Мәңгілік алау - Sputnik Қазақстан, 1920, 09.05.2019
9 мамыр: Ұлы Отан соғысында Қазақстанның жеңіске қосқан үлесі
Мурманск іргесінде пулеметшілер Қ. Қайдаров, Г. Оқасов және К. Теміржанов дұшпанды ішке жібермей, көз жұмғанша айқасты. Киев бағытында 19-танк дивизиясының полктары жанкешті шайқас жүргізді. Сол үшін олардың командирі К.А. Семеченко қазақстандықтардың ішінде ең бірінші Кеңес Одағының Батыры атағын алды.
Соғыс кезінде Қазақстанда барлығы 12 атқыштар дивизиясы, 7 атқыштар бригадасы, 4 атты әскер дивизиясы және қарулы күштер мен әскер түрлерінің әр саладағы жеке полктері мен батальондары жасақталды. Мәселен, полковник А.Н. Замировскийдің ақмолалық 310-атқыштар дивизиясы, А.Ф. Наумовтың ақтөбелік 312-дивизиясы, генерал-майор А.Д. Шеменковтың петропавлдық 314-дивизиясы және генерал-майор И.В. Панфиловтың 316-дивизиясы 1941 жылы тамызда майданға бірінші болып аттанды.
Знамя Победы над Берлином - Sputnik Қазақстан, 1920, 20.05.2020
Ресей Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігін мойындамай ма?
Қазақстандықтардың жауынгерлік даңқы, әсіресе, Мәскеу түбіндегі шайқаста шықты. 316-атқыштар дивизиясына негізгі жолдардың бірі - Волокаламск тас жолын қорғау тапсырылды. Мұнда Бауыржан Момышұлы басқарған 1075 ұлан атқыштар полкі жау шабуылына ерлікпен тойтарыс берді. 28 танк жоюшылар ("28 панфиловшы") тобы Дубосеково разъезінде жаудың 18 танкісін жойып жіберді. Ротаның саяси жетекшісі В. Г. Клочков "Ресей кең-байтақ, бірақ шегінерге жер жоқ, артымызда Москва" ұранын көтерді.
Оның бұл сөзі бүкіл майданға тарады. Кейіннен "28 панфиловшы" ерлігі аңызға айналды. Олар қасық қаны қалғанша шайқасты. Бәрі дерлік қаза тапты, бірақ жауды өткізбеді. Сондай-ақ, Мәскеуді қорғау тарихына панфиловшылар дивизиясы бөлімдерінің саяси жетекшілері П. В. Вихров, М. Ғабдуллин, автоматшылар Т. Тоқтаров, Р. Амангелдиев мәңгі өшпес із қалдырды.

600 мың жауынгер оралмады

1941-1945 жылдары болған сұрапыл соғысқа 35 миллион адам қатысты. Қазақстаннан майданға 1,8 миллион адам аттанды. 600 мыңы отанына оралған жоқ.
Қазақстандықтар Мәскеу мен Ленинградты жанкештілікпен қорғап, Украина мен Беларусь, Балтық маңы мен Молдованы азат етуге атсалысты, Берлин шабуылына қатысты.
Бүкіл соғысты басынан өткерген қазақстандық 12 дивизия құрметті атақ алды. Олардың бесеуі бір, төртеуі екі, екеуі үш орденмен марапатталған. Бес дивизия гвардиялық атақ алды. Олардың қатарында Кеңес Одағының батыры Иван Панфилов атындағы атақты 8-ші гвардиялық дивизия да бар.
Солдаты 1075-го стрелкового полка 316-й стрелковой дивизии под командованием полковника Ильи Капрова - Sputnik Қазақстан, 1920, 08.05.2020
Ұлы Отан соғысы: қазақ жауынгері мен оның қызметтік иті туралы қызықты әңгіме   
Ұлы Отан соғысында 497 қазақстандық Кеңес Одағының батыры атағын алды. Ал 1990 жылы 11 желтоқсанда соңғы Кеңес Одағының батыры атағы қолбасшы Бауыржан Момышұлына берілді. 1941 жылы аға лейтенант Бауыржан Момышұлы басқарған атқыштар батальоны мен Иван Карпов басқарған 1075-ші атқыштар полкі Мәскеу түбінде бір ай бойы үздіксіз ұрыстар жүргізіп, дұшпанға қарсы шабуылға шықты.
Батырлардың қатарында пулеметші Мәншүк Мәметова және снайпер Әлия Молдағұлова да бар. Екеуі де майдан даласында қаза тапты. Кеңес Одағының батыры атағын алғандардың ішінде атқыштар – Баймағамбетов, Лутфуллин, Мин Сен Юр, Тоқтаров, артиллеристер – Муткенов, Новиков, ұшқыштар Әбдіров, құрыш бұзушы Миллер, минометші Сыпатаев, атты жауынгер Қаратаев, саперлер – Қаратаев пен Гончаров, саяси жетекші Ғабдуллин, торпедалық катердің командирі Ущев, атқыштар дивизиясының командирі Сафиуллин және тағы басқа да азаматтар бар. 110 қазақстандық Даңқ орденінің толық кавалері атанды.
Бұдан бөлек, төрт қазақстандық – Талғат Бигелдинов, Леонид Беда, Иван Павлов және Сергей Луганский екі мәрте Кеңес Одағы батыры атанды. Рейхстагқа шешуші шабуылға шыққан және Жеңіс туын тіккендердің ішінде қазақстандық Қошқарбаев, капитан Чупрета, минометші Бақтыгереев, пулеметші Вицько, байланысшы Волочаевтар болды.
Қазақстан аумағында шайқас болған жоқ, бірақ республика майданның берік тылына айналды. Майданға 14,1 мың жүк және жеңіл автомобильдері, 1,5 мың шынжыр табанды трактор, 110,4 мың жылқы жіберілді.

Ардагерлер азайып барады

2022 жылдың есебіне сәйкес, Қазақстанда Ұлы Отан соғысының 387 ардагері болған. 2021 жылда олардың саны 665 адам еді.
Әлия Молдағұлова арналған ескерткіш - Sputnik Қазақстан, 1920, 18.04.2019
Өмірбаяндар
17 жасында майданға аттанған Әлия Молдағұлова туралы қызықты деректер
Қазақстанда жыл сайын ардагерлерге құрмет көрсетіледі, ақшалай қолдау да жасалады. Соңғы жылдары 9 мамырдың қарсаңында әрбір ардагерге 1 миллион теңгеден беріледі. Бұдан бөлек, тыл еңбеккерлеріне, соғыс ардагерлерінің жұбайларына және концлагерь зардабын көрген адамдарға материалдық көмек жасалады.
Былтыр президент жарлығымен майданда ерлікпен қаза тапқан үш қазақстандыққа "Халық қаһарманы" атағы берілді.
Олар:
Әбдібеков Төлеуғали Насырханұлы (марқұм) – 8-ші гвардиялық Қызылтулы атқыштар дивизиясы 302-ші гвардия атқыштар полкі 2-ші атқыштар ротасының мергені;
Несмиянов Александр Александрович (марқұм) – 126-шы Горловка Қызылтулы атқыштар дивизиясы 690-шы атқыштар полкі 1-ші атқыштар батальонының командирі;
Сүлейменов Ыбырайым (марқұм) – 100-ші бөлек атқыштар бригадасы атқыштар батальоны 2-ші бөлімшесінің мерген-бақылаушысы.
9 мамыр бүкіл ТМД аумағында, Болгария, Ұлыбритания және Израильде аталып өтеді әрі демалыс күні болып есептеледі. Жеңіс күні көптеген қалада әскери парадтар, мерекелік шерулер, жауынгерлер ескерткішіне гүл шоқтарын қою, отшашу сияқты шаралар ұйымдастырылады.
Бауыржан Момышұлы - Sputnik Қазақстан, 1920, 24.12.2018
Дерекқор
Бүгін даңқты батыр Бауыржан Момышұлының туған күні
Жаңалықтар
0