Кеңес Одағының екі мәрте Батыры, Қазақстан авиациясының генерал-майоры Талғат Бигелдинов 1922 жылды 5 тамызда Ақмола облысының Майбалық ауылында дүниеге келген. Ол - Кенесары ханның қолбасшыларының бірі Басығара батырдың тікелей ұрпағы. Басығара батыр 1837 жылы Ақмола бекінісіне шабуыл жасап, қанды шайқаста ерлікпен қаза тапқан.
Арба үстінде дүниеге келген бала
Батыр ашық аспан астында дүниеге келіпті. Ақмола аймағына белгілі болған бай Ғалибай өз малын тәркілеуден құтқарайын деп Талғаттың әкесі Түсіпбек және бабасы Бигелді руынан шыққан кейбір жақындарына малды Алатау тауларына айдап тастауға тапсырма берген. Олардың ішінде аяғы ауыр Хадия да болады.
Осылайша көшпен ерген екіқабат келіншек босану мерзімі жақындағанда түйе жегілген арбаға отырған. Сөйтіп ол ашық аспанның астында болашақ штурмовик-ұшқышты дүниеге алып келеді. Ұл баланың дүниеге келу құрметіне көш тоқтап, сол арада мал сойылып, той жасалған. Кейін ақсақалдар ұзақ пікір-таласқа түсіп, жаңа туған сәбиге Талғат деген есім қойыпты.
Ал батырдың туған жеріне қатысты екі дерек бар. Ол кісіні кейбір жерде Бішкекте туған деп те көрсетеді. Жалпы, бұл екі дерекке де негіз бар. Өйткені Майбалықта дүниеге келген Талғатты атасы баласы жоқ інісінің бауырына басып берген. Сөйтіп үлкендердің шешімімен ол туған ата-анасынан ажырап, Бішкектегі туыстарының қолына барады.
"Өгей шешем өгейлігін танытты"
"Қазақ салты бойынша, мені туыстарымыздың бала-шағасыз отбасыға берді, солай Пішпекке көшіп кеттім. Бірақ өгей анам өгейілігін танытты. Сондықтан да қайыр сұрайтын кездерім де болды. Масқара аштық болды, достарыммен бірге тауға барып, кесіртке мен жыландарды аулап жүрдік. Бірақ та мен бұзық, мінезді болдым",— деп есіне алады белгілі ұшқыш балалық өмірінің бұл арасын.
Мектепті Талғат жақсы оқып, үздіктер қатарында болады. Бірақ татар мектебінен орыс мектебіне ауысқанда, ол үшін қиыншылықтар басталған. Орыс тілі сабағы ол үшін қиын пән болды. Бір күні орыс тілінің мұғалімі әбден қиналып, бос сыныпта солқылдап жылап отырған Талғаттың үстінен түседі. Сөйтіп оны үйінен келіп сабақ алуға шақырады.
"Пысық бала Аркаша менің досым болды. Ол да жіктелу мен септелуде "әлсіз" болды, екеуіміз мұғалімге жолықтық. Саманнан салынған, сабан төбесі бар үй, әр жерден кедейлік көрініп тұрды. Бәрінен жаманы үйдегі суық ызғар еді. Аркаша екеуміз сабаққа кіріспестен бұрын далаға қойып кеттік.
Сөйтіп жақын жерде, ағаш қоймасына барып, сексеуіл алып келдік. Мұғалім түсінбей, аң-таң болып тұрды. Жарты сағаттан кейін шағын бөлмеде "Ташкенттегідей" ыстық болды. Ол бірнеше апта бойы бізге сабақ берді, қандай тамақ болса да, бізге беретін, бірақ өзі аш-жалаңаш отыратын. Содан бері мен орыс тілінде сауатты жазамын", - дейді Талғат Бигелдинов.
"Бойым бәкене деп менсінбеді"
Одан соң Талғат Бигелдинов 1938 жылы Фрунзе қаласында орналасқан аэроклубқа оқуға түседі. Басында бойы аласа болған соң аэроклуб басшылары оны алғысы келмепті. Бірақ жастың табандылығы мен қайсарлығына олар тәнті болған.
1940 жылы Балашов әскери авиациялық мектебіне оқуға аттанады, ал кейін Орынбор қаласындағы Чкалов әскери авиациялық ұшқыштар мектебіне ауысады. Оны 1942 жылы бітіреді. Осылайша соғыс қызған шақта Талғат нағыз майданға қажет маман – ұшқыш мамандығын алып шығады.
Тағы оқыңыз: Дінмұхамед Қонаев туралы қызықты деректер
"Қара ажалды" ауыздықтаған қазақ жігіті
Талғат Бигелдинов 1942 жылдың желтоқсанында Калинин майданындағы 296-авиациялық дивизияның 800-шабуылдаушы авиаполкіне қосылады. Оның "Ил-2" ұшағын немістер "Қара ажал" деп атаған екен.
Талғат Бигелдинов әскери тапсырмамен 305 рет әуеге көтерілген. Кеңес Одағының Батыры деген атақты екі рет алған Анатолий Ефремов 244 рет ұшқан, ал Талғат Жақыпбекұлы одан 61 рет артық көкке көтерілді. Осыдан басқа, Талғат Бигелдинов 7 жау ұшағын атып түсірген, көптеген техниканы жойып, немістерді өлтірді.
9-шы ұшудан кейін Талғат жетекші ұшқыш болды, шайқас жылдарында оның басқаруымен қауіпті тапсырмалар орындалды.
Талғат Бигелдиновтің ерлігі
1943 жылғы қыркүйекте Днепр үшін ұрыста жауға аянбай қарсы тұрады. Осы шайқаста Бигелдиновтың ұшағы зақымданып, өртене бастайды. Сонда ол ұшағын жау техникасы жасырынған тұсқа бағыттап, өзі ұшақтан секіріп үлгереді. Оның әуедегі бұл ерлігі фотосуретке түсірілген.
Тағы бір ерлігі, ол сол жылдың көктем айында жаудың жойғыш ұшағын (истребитель) дәл көздеп атып түсірген тұңғыш шабылдаушы-ұшқыш (штурмовик) болды. Жойғыш ұшақтар мен шабуылдаушы ұшақтар аспанда кездесіп қалса шайқасуы тиіс, бірақ немістің жойғышын атып түсірген жағдай бірінші рет болды.
Ал "Мессершиттің" ішінде отырған адам — әуе шайқасының шебері, 108 ұшақты атып түсірген Испания, Франция мен басқа елде көрсеткен ерлігі үшін марапаттар алған капитан фон Дитрих еді. Жас Талғаттың бұл жаңа әдісі жоғары бағаланып, ол соғыстағы алғашқы марапаты - Екінші дәрежелі Отан соғысы орденін алды. Содан кейін Талғаттың бұл ерлігін қайталағандар көбейді.
1944 жылдың 26 қазанында 22 жастағы лейтенант Бигелдиновке Знаменка, Кировоград қалаларын босату кезіндегі ерлігі мен әскери шеберлігі, әрі атып түсірген төрт жау ұшағы үшін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
1945 жылдың 27 маусымыда Талғат Бигелдинов екінші рет Кеңес Одағының Батыры атағын иеленді. Бұл жолы ол эскадрильяны шебер басқару мен Краков, Оппельн (қазіргі кездегі Ополе), Катовице, Бреслау (қазіргі кездегі Вроцлав), Берлин қалалары үшін шайқастардағы әскери ерлігі үшін марапатталды.
1945 жылдың маусымында Мәскеудегі Қызыл алаңда өткен Жеңіс шеруіне қатысқан. Талғат Бигелдинов ең ауыр ұрыстарды көріп, Мәскеу, Киев және Еуропа елдерін қорғап, Берлиндегі шайқасқа қатысқан.
Әженің дұғасы
Талғат мінген ұшақта №13 саны таңбаланған. Бұған басқалар үрке қарайтын болса, ұшқыш өзі үшін бұл сан бақытты екенін айтады. Оның үстіне әуеге көтерілер алдында Талғатт әрқашан әжесі үйреткен дұғаны оқитын болған. Айтуынша, осы дұғаның арқасында оған оқ дарымай, соғыстан аман оралды.
"Балалық шағымда маған мейірімін аямай төккен жалғыз адам болды. Ол 101 жас өмір сүрген асыл әжем еді. Мен аэроклубта оқып жүргенімді біліп-көрді ғой. Содан бір күні қасыма келіп: "Ұлым, саған бір дұға үйретейін. Жаңбыр жауса, найзағай жалт етсе, соны оқы, сонда найзағай саған түспей, қасыңан өтеді" деді", - дейді ол.
Соғыс бітіп, бейбіт өмір басталғанда, Талғат Жақыпбекұлы 1956 жылға дейін КСРО Әскери-әуе күштерінде өз қызметін жалғастыра береді. 1956-1970 жылдары азаматтық авиацияда жұмыс істеді. 1968 жылы Мәскеу құрылыс-инженерлік институтын бітіріп, Қазақ КСР Мемлекеттік құрылыс комитетінің жүйесінде басшылық лауазымдарда қызмет етті.
КСРО 2-3-ші, 12-ші шақырылымындағы Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен жетім балаларға көмек беретін қайырымдылық қордың президенті болып жұмыс істеді.
Омарташы батыр
Өмірінің соңғы 40 жылында аты аңызға айналған ұшқыш омарташылыққа ден қойып, ара өсірген. Осы істі "ермек" пен "бейбіт эскадрилья" деп атап, оған бар бос уақытын арнады. Ол кісіні танитындардың айтуынша, Талғат Жақыпбекұлы өте қарапайым, дауыс көтермейтін, сабырлы және қажет кезде қолдау көрсетуден бас тартпайтын адам болыпты.
Талғат Жақыпбекұлы Бигелдинов 2014 жылдың 10 қарашасында 93 жасына қараған шағында дүниеден өтті. Батырдың денесі Алматыдағы Кеңсай зиратына қойылды. Басына ескерткіш орнатылған, есімі жоғары оқу орындарына берілген. Талғат Бигелдинов туралы бірқатар фильм түсірілді.
"Соғыс болсын деп ешқашан қаламаймын. Бірақ егер осындай ауыртпалық басымызға түссе, Алла бермесін, сіздер және немере-шөберелеріміз бізден кем болмай, жауларға соққы берсін! Біздің өсиетіміз осындай", — деп бата береді екен үнемі аты аңызға айналған ұшқыш.
Талғат Жақыпбекұлы соғыс пен әуедегі шайқас туралы үш кітап жазған: "305-ші рейд", "Мәңгілік шыңында"; "Илдер шабуылдайды".