Саясат

Халық үніне құлақ асу ма, әлде популизм бе: сарапшылар үш облыс құру жайлы не ойлайды

© Sputnik / Владислав ВодневАдамдардың сұлбасы, ту
Адамдардың сұлбасы, ту - Sputnik Қазақстан, 1920, 17.03.2022
Жазылу
Күні кеше ел президенті халыққа өзінің тарихи шешімін жария етті. Қазақ даласында тағы үш облыс құрылады – Абай (орталығы – Семей), Ұлытау (Жезқазған) және Жетісу (Талдықорған)
НҰР-СҰЛТАН, 17 наурыз – Sputnik. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиын-қыстау заманда бұл өңірлер көрші облыстарға қосылған еді. Енді, міне, араға 25 жыл салып қайта қалпына келді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың сүйінші жаңалығын халық, әсіресе, осы аймақтардың жұртшылығы қуана қабылдады. Ал белгілі саясаттанушылар мемлекет басшысының бастамасы жайлы не ойлайды? Толығырақ Sputnik Қазақстан материалынан оқыңыз.

Тоқаев бір миллион адамды қуантты

Саясаттанушы Самат Нұртаза ерте ме, кеш пе үш облыстың құрылатыны айдан анық еді дейді. Өйткені, оның айтуынша, Жезқазған, Семей, Талдықорған қазақтары жері мен дәрежесінен айырғаннан кейін өгей баланың күйін кешкен.
"Мысалы, мен өзім Семейдің қазағымын. Бізде халықтың жартысы астанаға көшті, бір бөлігі Өскеменге кетті. Сөйтіп Семейде шал-шауқан мен мемлекеттік қызметкерлер ғана қалды. Халық азайып кетті. Менің ойымша, Жезқазған мен Талдықорғанда да сондай. Сол себепті мен мұны өте дұрыс қадам деп санаймын. Біз осы күнді көп күттік", - дейді сарапшы Sputnik Қазақстанға берген сұхбатында.
Айтуынша, президент кешегі шешімінен кейін үш облыс халқының ықыласына бөленді.
"Тоқаев кеше бір миллион адамды риза қылды. Ал бір миллион адамның не екенін қасіретті қаңтар көрсетіп берді. Он мың адам көшеге шығып, Алматыны төңкеріп кетті. Сондықтан бір миллион адамның көңілінен шығу – үлкен жетістік", - дейді Самат Нұртаза.
Саясаттанушы "ірі облыстардың өңірлерге бөлінуі әкімдердің жұмысы әлсіз екенін білдіреді" деген пікірмен келісті.
"Егер осы аймақтар құлпырып, көркейіп кеткенде, кешегі қайғылы оқиға болмас па еді, бәлкім?! Инфрақұрылымның жоқтығынан, жұмыссыздықтан халық әбден шаршап, орталыққа ағылды. Әр өңірде шағын-шағын қалалар бар. Солардың жай-күйіне қарап-ақ, әкімнің жұмысына баға беруге болады. Сырттағы ауыл-аймақ, елді мекеннің дамуы кенжелеп қалса, бұл да теріс көрсеткіш деп ойлаймын", - дейді ол.

Реформа емес, популистік бағыттағы қадам

Ал саясаттанушы Дос Көшімнің пікірінше, Қасым-Жомарт Тоқаевтың үш облыс құру, Қапшағай қаласына Қонаевтың есімін беру жайлы бастамалары – халық қолдауына ие болу үшін жасаған популистік бағыттағы қадамы.
Айтуынша, егер президент шынымен бұрынғы әділдікті қалпына келтіруді көздесе, онда аудандарды да қайта бөлу қажет. Себебі кезінде аудандар да екі-үштен бірігіп, бір ауданға айналған. Сол елді мекендердің жұртшылығы да өз қарсылығын білдіріп жатыр.
Қазақстанның мемлекеттік туы - Sputnik Қазақстан, 1920, 16.03.2022
Қазақстан суперпрезиденттік республика болуды доғаруы керек – Тоқаев
"Егер жаңадан облыс құрып, оған қыруар қаржы бөліп, облысты көтеру мәселесі көтерілсе, неге Торғай облысын орнына келтірмейді деген сұрақ туады. Себебі қазір азып-тозып бара жатқан өңірдің бірі – Торғай, Арқалық. Неліктен оны қайта қалпына келтіруге болмайды?! Жаңадан құрылғаннан кейін облысқа ақша бөлініп, қолдау көрсетілуі мүмкін. Бірақ облыс құрудағы ең негізгі мәселе – барып-қайту қиыншылығы-тұғын. Қазір бәрі интеграция. Ондай көлік, инфрақұрылым қиыншылығын мен көріп тұрған жоқпын.
Сондықтан, менің ойымша, бұл ұсыныстар популистік бағытқа жақын. Бұл ешқандай реформаға жатпайды. Бірақ президентке жақсы ат әкеледі", - дейді Дос Көшім.
Елдің ірі аймақтарын дербес облыстарға бөлу оларды басқаруды ыңғайлы ету мақсатында жасалған жоқ. Егер олай болса, ең алдымен, Ақтөбе облысын бөлу керек еді. Себебі ол да үлкен облыстардың бірі, деп жалғастырды сөзін сарапшы.
Осы орайда саясаттанушы жергілікті өзін-өзі басқару мәселесіне тоқталды. Айтуынша, егер классикалық түрдегі жергілікті өзін-өзі басқару енгізілсе, облыстарға қажеттілік қалмайды.
"90-шы жылдары бір сенатор "облыстардың бәрін тарату керек" деген жақсы ұсыныс айтып еді. Жергілікті өзін-өзі басқару болған уақытта облыстар әкімшілік-аумақтық аймақ ретінде өз мәнін жояды. Себебі кез келген жергілікті өзін-өзі басқару субъектісі тікелей орталықпен қарым-қатынас жасайды. Қысқасы, ауыл ауданнан ақша сұрамайды, аудан облыстан ақша сұрамайды. Ал қазір біздің облыстарымыз тек жоғарыдан берген қаржыны бөлуші ғана болып отыр", - дейді Дос Көшім Sputnik Қазақстанға.

Жаңа облыстарға қандай әкім керек

Самат Нұртаза жаңадан құрылатын өңірлерді сол жердің тумасы басқаруы деген пікірде.
"Ішкі проблемаларға әбден қанық, менталитеті келетін, билікке халықтың мұң-мұқтажы мен өкпе-ренішін жеткізе алатын адам керек. Яғни бұл жерде тек қана біреуді қоя салу міндет емес, нағыз "кризис менеджер" қажет. Себебі ол әкімдер, бірінші кезекте, халықтың наразылық көңіл-күйін басуға бара жатыр. Ал оны қалай басады? Күшпен емес, сапалы мектеппен, жақсы жолдармен, жарықпен, әлеуметтік жағдайды көтеру арқылы басады. Сондықтан болашақ үш әкімді үлкен жұмыс күтіп тұр", - дейді сарапшы.
Қазақстан парламентінің ғимараты - Sputnik Қазақстан, 1920, 16.03.2022
Парламент құрылымы өзгеріп, депутаттар азаяды – президент тапсырмасы
Оның ойынша, әкім тағайындауда президентке қателесуге болмайды. Себебі, ол әкімдер ертең тарихта қалатын тұлғалар.

Мемлекеттік бюджетке қосымша салмақ

Дос Көшім үш өңірдің жаңғыруы ел қазынасына қосымша салмақ түсіретінін айтты. Облыстар құрылғаннан кейін инфрақұрылымға бюджеттен қомақты қаражат бөлінеді. Жол салынады, жаңа ғимараттар бой көтереді, әуежайлар ашылады.
"Ақшаны ұқыпты, тиімді пайдалана білсе, жақсы әрине. Бірақ, менің ойымша, сонымен қоса жемқорлыққа да жол ашылады", - деп алаңдаушылық білдірді ол.
Ал Самат Нұртаза елдің қауіпсіздігі мен тұрақтылығы үшін ақшаны аямау қажет деп есептейді.
"Біріншіден, Семей, Жезқазған бөлініп шыққанда, Қарағанды мен Өскеменнің бюджеті азаяды. Екіншіден, кейде қауіпсіздік пен тұрақтылық үшін шығындануға тура келеді. Ақша кетеді, бірақ біз кезінде ешкімге қажетсіз фетивальдерді де, ЭКСПО көрмесін, Азиаданы да өткіздік. Ал бұл жерде тұрақтылық мәселесі сөз болып отыр. Семей, Жезқазған, Талдықорған халқының көңілі тоқ болса, ол аймақтардан бүлік шықпайды. Яғни адам шығыны болмайды, тек ақша шығыны болады. Ондай шығынды біз көтере аламыз деп ойлаймын", - деді сарапшы.

Қалаларға адам атын беруге болмайды

Мемлекет басшысы үндеуінде "егер халық Қапшағайға Дінмұхамед Қонаевтың есімін беруді ұсынса, мен оны қолдаймын" деп мәлімдеді.
Саясаттанушы Дос Көшім бұл бастамаға қарсы. Оның пікірінше, қалаларға жеке тұлғалардың есімін беруге болмайды.
"Бұл менің баяғыдан ұстанатын қағидам. Себебі саясат өзгерген уақытта ол қаланың атын да өзгертуге тура келеді. Сондықтан халықтың өзі берген жер-су атаулары сол күйі қалуы керек. Мысалы, Қасым-Жомарт Тоқаевтың ең алғашқы жарлығы елорданы Нұр-Сұлтан деп өзгерту болды. Соған халық риза болды дейсіз бе? Қайта олар халықтың ашу-ызасын туғызды. Қысқасы, мен қалаларға, елді мекендерге жеке адамдардың есімін беруге баяғыдан қарсымын", - деп түсіндірді ол.
Сарапшы мұның Қонаевқа деген көзқарасына еш қатысы жоқ екенін атап өтті.
"Қонаевқа деген көзқарасым өте жақсы. Елді басқарудағы ұстамдылығы, мәдениеттілігі, сол уақыттағы Қазақстанды гүлдендіру жолындағы қызметі өте жоғары.
Қонаевты дәріптеу мәселесі Назарбаевпен екеуін салыстырудан басталды деп ойлаймын. Бірақ кез келген адамның қателігі де, жақсылығы да болады. Ал біз біреуін тек ақ, біреуін тек қара деп қабылдаймыз. Халық екі басшыны салыстырды. Енді соны Тоқаев халықтың қолдауына ие болу үшін, бәлкім қаңтар қырғынынан кейін өздерін ақтап алу үшін пайдаланып отыр", - деп санайды Көшім.
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 16.03.2022
Президент Конституциялық сот құруды ұсынды
Бұдан бөлек, саясаттанушы қазақ атауларын қазақ атауларымен алмастыруды құптамайтынын айтты.
"Орыс тілді атаулар Қазақстанда қаптап жатыр. Біз солардан құтыла алмай жүрміз. Соларды неге ауыстырмаймыз? Егер Қонаевтың есімін шынымен бір қалаға бергіміз келсе, Қонаевтың тек Қапшағайға ғана қатысы бар деп кім айтты?! Ол бүкіл Қазақстанға қатысы бар ғой. Павлодарға, Петропавлға атын беріңдер", - дейді ол.

Жаңадан құрылатын облыстар

Қазақстанда енді 17 емес, 20 өңір болады. Президенттің тапсырмасымен республикада тағы үш облыс құрылады. Бұл туралы 16 наурызда президент Қасым-Жомарт Тоқаев парламентте халыққа жасаған үндеуінде мәлімдеді.
Семей аймағында Абай облысы құрылады. Орталығы Семей қаласы болады.
Ал бұрынғы Жезқазған облысының аймағында Ұлытау облысы пайда болады. Облыс орталығы – Жезқазған қаласы.
Бұдан бөлек, Алматы облысы екіге бөлінеді. Бұл өңірде Жетісу және Алматы облыстары құрылады. Алматы облысының орталығы Қапшағай, ал Жетісу облысының орталығы Талдықорғанда орналасады.
Сондай-ақ Қапшағай қаласына Дінмұхамед Қонаевтың есімі берілуі мүмкін. Президент жұртшылықтан осындай ұсыныс түссе, қолдайтынын айтты.
Жаңалықтар
0