Экономика

Мобильді аударымдар мен төлемдер: қазақстандықтар үшін не өзгереді

© Sputnik / Абзал КалиевKaspi bank картасы мен смартфон, иллюстративті сурет
Kaspi bank картасы мен смартфон, иллюстративті сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 04.03.2022
Жазылу
Ұлттық банктің дерегінше, былтыр қазақстандықтар 93,7 трлн теңгеге 6,2 млрд қолма-қол ақшасыз төлем жасаған. Әрбір бесінші операцияның үшеуі интернет пен мобильді банкинг арқылы жүргізіліпті
Бүгінде мобильді аударымдар мен мобильді төлемдер халықтың өмірін біршама жеңілдеткені рас. Сатушымен есеп айырысу үшін бұрынғыдай қолма-қол ақша немесе банк картасын өзіңмен бірге алып жүрудің қажеті жоқ. Смартфон болса, жеткілікті.
Мобильді аударым, әсіресе, пандемия өршіген тұста кең таралды. Кейбір кәсіпкерлер тауар мен қызмет ақысын мобильді аударым арқылы қабылдай бастады. Сөйтіп, салықтан жалтарады, табысын жасырады. Клиентке фискалды чек бермей, тұтынушының құқығын бұзады. Соның кесірінен бюджетке түсім азайды. Көп ұзамай бұл мәселеге мемлекет назар аударды.

Мобильді аударым және төлем: айырмашылығы

Былтыр желтоқсанда елдің Салық кодексіне өзгерістер енгізілді. Мобильді аударымдар жеке және кәсіпкерлік деп бөлініп, "мобильді төлем" ұғымы пайда болды. Билік кәсіпкерлерге бизнестен түсетін ақшаны мобильді аударымдармен араластыруға тыйым салды. Енді бизнесмендер кәсіпкерлік кірісі үшін бөлек шот ашуға міндетті. Ал қарапайым халық үшін тауар ақшасын төлеу кезінде ештеңе өзгермейді.
Дәлірек айтқанда, "мобильді аударым" жеке ақшаны жіберуге арналса, ал "мобильді төлем" тауарлар мен қызметтер ақысын төлеу үшін қолданылады.
Kaspi bank картасы мен смартфон - Sputnik Қазақстан, 1920, 18.02.2022
Экономика
Салықшылар бақылайды: қандай мобильді аударымдар күмән туғызады
Мобильді төлемдер үшін жеке кәсіпкерге қосымша салық салынбайды. Бұл тек кәсіпкердің кірісі мен заңды айналымын бақылап отыру үшін қажет. Оның үстіне микро және шағын бизнес табыс салығынан 2023 жылға дейін босатылған.
Айта кетері, мобильді төлемге қатысты нормалар 2022 жылғы 1 наурыздан бастап күшіне енді.
"Қазір бәрі неге бөлек шот ашуға міндеттеп қойды деп түсінбей жатыр. Біз банктен өзімізге жеке шот ашқанда, оны кәсіпкерлік мақсатта қолданбауға келісім береміз. Алайда кәсіпкерлердің көбі бұл міндеттемені орындамайды. Кәсіпкерлік қызметтен түскен ақшаны жеке шотына аудартқызады. Сондықтан біз оларға жеке шотты бизнес кірісі үшін пайдалануға болмайтынын түсіндіріп жатырмыз. Бірақ егер достарға, туған-туыстарға туған күніне арнап немесе көмектесу үшін ақша аударса, бұл кәсіпкерлік кіріс саналмайды. Ал жеке кәсіпкерлер бөлек шот жүргізуге міндетті", - деді Sputnik Қазақстанға қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетіндегілер.
Бақылау-касса машинасын пайдаланатын және заңды айналымын көрсетіп жүрген кәсіпкерлерге бөлек шот ашып, әуре болудың қажеті жоқ.

Мобильді аударымдарға салық салына ма

Жеке тұлғалар арасындағы мобильді аударымдарға салық салынбайды. Яғни, туған-туыстарға, достарға, әріптестер мен таныстарға еш кедергісіз ақша жіберуге болады. Туған күнге сыйлық ретінде түскен ақшаға да салық салынбайды.
Калькулятор  - Sputnik Қазақстан, 1920, 04.03.2022
Экономика
Салық есебін тапсыру кезінде нені білу керек
Алайда егер жеке тұлғаның банктік шотына үш ай қатарынан әртүрлі 100 және одан көп адамнан ақша түссе, оған салық салынады. Өйткені бұл кәсіпкерлік қызметтен кіріс алу белгілері бар операциялар қатарына жатқызылады.
Айта кетері, банктер қарапайым халықтың табысы туралы ақпаратты салық органдарына тек 2025 жылдан бастап береді.

Мобильді аударымдар қалай тексеріледі

Екінші деңгейлі банктер кезең-кезеңмен мемлекеттік кіріс органдарына қазақстандықтардың кірісі туралы ақпарат береді. Бұл процесс жалпыға бірдей декларациялауға көшу жоспарымен қатар жүргізіледі.
Бірінші кезеңде – 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап салықшылар мемлекеттік қызметкерлер мен оларға теңестірілгендер және олардың жұбайы бойынша ақпарат алады.
Екінші кезең 2023 жылы 1 қаңтарда басталады. Салық органдарына табысы жайлы ақпарат жолданатын тұлғалар тізіміне бюджеттік мекемелердің қызметкерлері және олардың жұбайы, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлері және олардың жұбайы қосылады.
Үшінші кезеңде – 2024 жылғы 1 қаңтардан заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары және олардың жұбайы, жеке кәсіпкерлер (ИП) және олардың жұбайы кіреді.
Төртінші, соңғы кезеңде, яғни 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап халықтың қалған санаты бойынша салық органдарына ақпарат беріледі.
Осылайша қарапайым қазақстандықтардың кәсіпкерлік қызмет белгілері бар мобильді аударымдары бойынша мәлімет алмасу 2025 жылдан бастап енгізіледі.
Жаңалықтар
0