"Нұрландардың бәрі кетіп жатыр": Нығматулин несімен есте қалды

© Photo : Пресс-служба мажилиса парламента КазахстанаСпикер мажилиса парламента Казахстана Нурлан Нигматулин
Спикер мажилиса парламента Казахстана Нурлан Нигматулин - Sputnik Қазақстан, 1920, 01.02.2022
Жазылу
Нығматулин мәжіліске келгеннен кейін заңды қорғауға барған министрлер мен вице-министрлер депутаттардан емес, спикерден қатты қаймығатын болды
НҰР-СҰЛТАН, 1 ақпан – Sputnik. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин өз еркімен қызметінен босатылды. Заң бойынша оның өтініші алдымен Орталық сайлау комиссиясында қаралады. Бірақ соңғы шешімді мәжілістің өзі шығарады. Депутаттар әдеттегідей қаулыны бірауыздан қабылдады. Sputnik Қазақстан төменгі палатаны 8 жыл басқарған Нығматулиннің несімен есте қалғанын зерделеп шықты.

Үкіметтің жұмысын сынады

Нығматулин мәжіліске келгеннен кейін заңды қорғауға барған министрлер мен вице-министрлер депутаттардан емес, спикерден қатты қаймығатын болды. Өйткені төменгі палатаның экс-төрағасы әрбір шенеунікті, әсіресе, жаңадан келген басшыларды жақсылап сілкілеп алатын. Үкіметке шүйліккен кездері де аз емес. Бір жолы қымбатшылық туралы айта келе: "Бас шұлғуға келгенде белсендісіздер, ал жұмысты сылбыр істеп жатырсыздар", — деп дүңк еткізді.
Ал мемлекеттік сатып алулардың нәтижесін күні бұрын белгілі болатын матчтармен салыстырды.
"Бізде бір көзден сатып алу тәсілімен жүргізілетін мемлекеттік сатып алу футболдағы алдын ала келісілген матчтар сияқты, нәтижесі күні бұрын белгілі болады. Сонда бәсекелестік, айқындық, мемлекеттік сатып алудың ашықтығы қайда? Бір көзден сатып алуға тосқауыл қою үшін мұны заңнамалық деңгейде бекіту қажет", - деді Нығматулин төрт жыл бұрын өткен отырыстардың бірінде.
Сол кезде экс-спикер үкімет мүшелерін "Формула-1" шабандоздарына да теңеген.
"Кейде менде мынадай ой қалыптасады: сіздер үкіметте заң жобасын әзірлегенде мәселеге терең бойламайсыздар. Тек парламент заң жобасын жұмысқа қабылдап, депутаттар түзету енгізу керектігін айтқанда ғана, лезде өзгеріп сала бересіздер. Құдды болидінің шинасын жүріп бара жатып ауыстыратын "Формула-1" шабандоздары секілді. Парламентке келіп алып, өздеріңіз әзірлеген заң жобасына түзету енгізіп, пысықтайсыздар. Бұл сіздердің жұмысқа атүсті қарайтындарыңызды көрсетіп отыр", -деп атап өтті Нығматулин.
Ол үкіметті ұлттық қордың ақшасын оңды-солды жұмсап жүргені үшін де сынға алған.

Басшылардың біразы сөз естіді

8 жылдың ішінде Нұрлан Нығматулиннен сөз естімеген басшы некен-саяқ. Олардың ішінде білім, денсаулық, қорғаныс, экономика және тағы басқа министрлер бар. Мәселен екі жыл бұрын өткен отырыста сол кездегі қорғаныс министрінің орынбасары Мұрат Бектанов депутаттың бір сұрағына жауап бере алмады. Сол кезде Нығматулин "қорғаныс министрлігі түк білмейді" деп ашуланған.
"Қорғаныс министрлігі мүлде түк білмейді, сіздердегі тәртіпсіздіктің бәрі осыдан шығады. Позиция баяғыдан белгілі, бұл қолданыстағы ережелер, қазір тек заңмен рәсімделеді. Мұрат Кәрібайұлы, мұны білу керек қой. Сіз білдей бастықсыз. Оны білмесеңіз, ертең сіздің қол астыңызда істеген офицер қайдан біледі?", - деп экс-спикер.
Мәдениет министрлігінің аппаратын сынға алған кездер де болды.
Нығматулинге "Сіз дұрыс айтасыз" деп айтқан вице-министрдің өзі одан сөз естіп қалды.
Мәжілістің экс-төрағасы мемлекеттен қомақты қаражат алып отырған тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы компаниялардың жарытып жұмыс істемейтінін де ашық айтқан.
2019 жылы өткен отырыста Нұрлан Нығматулин екінші деңгейлі банктерге салынатын айыппұл сомасын көбейтуді ұсынды.

Қазақ тілінде сөйлемеген басшылар ұятқа қалды

Мәжіліске келген басшылар қазақ тілінен "емтихан" тапсыруға да мәжбүр болды.
Нығматулин қазақ тілін білмейтін білім және ғылым вице-министрін әбден ұялтты.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігін басқарған Бейбіт Атамқұлов болса, "аз-маз білетін тақырыпта сөйлей беретін басшы" ретінде танылды. Ол депутаттардың сұрағын түсіне алмай әбден састы.
Карантиндік шектеулер енгізілгенде денсаулық сақтау министрі де Нығматулиннен талай рет сөз естіді. Экс-спикер сол кездегі денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға "окоптан" шығуға кеңес берген.
Былтыр Нұрлан Нығматулин ең жас министрге де шүйліккен.

Нығматулиннің тұсында қабылданған заңдар

Нұрлан Нығматулин мәжілісті басқарған уақытта көптеген маңызды заң қабылданды. Мәселен Экология кодексінің жаңа редакциясы қабылданды. Халық денсаулығы мен денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекске өзгерістер енгізілді. Бұдан бөлек, Азаматтық іс жүргізу, Әкімшілік құқық бұзушылық және Қылмыстық кодекстерге түзету жасалды. Зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану мәселесі рәсімделді.
Қазақстанда пәтер иеленушілер бірлестіктері құрыла бастады. Сайлау туралы заңнамаға өзгеріс енгізілді. Жастар, әйелдер мен мүгедектердің 30 проценттік квотасы қабылданды.
Экс-спикердің белсенді болғаны сонша, 2017 жылы қазан айында жүрегіне ота жасалды. Бірақ артынан оңалып, қайтадан мәжілістің төрағалығын жалғастырды.

Нұрландардың бәрі кетті

Нығматулиннің тұсында барлық заң бірауыздан қабылданатын. Төменгі палата депутаты Анар Жайылғанованың өкілеттігін тоқтатуды қарағанда бір мәжілісмен қарсы болды. Сол кезде экс-спикер Нұрлан Нығматулин: "Біреу сізді қимай жүр. Жібергісі келмей отыр. Сонан кейін көреміз оны", - деп айтқан.
Бүгін Нұрлан Нығматулинді қызметінен босату туралы қаулы қаралғанда бірде-бір депутат қарсы болған жоқ. Барлығы тиісті қаулыны әдеттегідей бірауыздан қабылдады.
2020 жылы сессияның басында өткен отырыста басқа жұмысқа ауысуына байланысты Нұрлан Әбдіров пен Нұрлан Дулатбековтың өкілеттігін тоқату туралы мәселе қаралған. Сонда Нұрлан Нығматулин Нұрлан есімді депутаттардың кетіп бара жатқанына әзілмен пікір білдірді.
"Нұрландардың бәрі кетіп бара жатыр. Жалғыз қалдым (күлді)...Аа, тағы Нұрлан (Нұрлан Әлімжанов – Sputnik) бар екен ғой", – деді Нығамтулин.
Бүгін мәжілістегі соңғы Нұрлан да кетті.
Жаңалықтар
0