НҰР-СҰЛТАН, 15 қараша – Sputnik. Түркістан облысының полицейлері тұрғынды ойыншық қарумен қорқытып, миллион теңгесін алып кеткен ер адамды ұстады, деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Төлеби аудандық полиция басқармасына жергілікті тұрғын әйелден хабарлама келіп түскен. Ол үйіне белгісіз біреу заңсыз кіріп, қару кезеніп 1 миллион теңгесі мен ұялы телефонын алып кеткенін айтқан.
Келтірілген жалпы шығын көлемі 1 100 000 теңге.
"Аталған деректі полицейлер Қылмыстық кодектің 192-бабы, яғни "Қарақшылық" бойынша тіркеді. Істің толық мән-жайын анықтау мақсатында тәжірибелі полицейлерден жедел-тергеу тобы құрылды", - делінген хабарламада.
Тәртіп сақшылары күдіктіні ұстауға бағытталған жұмыстар жүргізді. Нәтижесінде ол үйінен ұсталды. Ер адам қамауға алынды, қазіргі күні тергеу амалдары жүргізілуде.
Белгілі болғандай, күдікті жәбірленуші әйелді ойыншық қарумен қорқытып, ақшасын жымқырып кеткен. Бүгінде полицейлер ұялы телефон мен 1 миллион ақшаны алып заңды иесіне қайтарды.