Елорда тынысы

Елордада "сақалды" құрылысқа айналған мектептер келер жылы пайдалануға беріледі

© Photo : Сайт акимата Нур-Султанаелордадағы мектеп құрылысы
елордадағы мектеп құрылысы - Sputnik Қазақстан, 1920, 28.10.2021
Жазылу
Алдағы оқу жылы басталар алдында оқу орындарын ашу үшін қазірден дайындық жүріп жатыр, дейді қала басшысы

НҰР-СҰЛТАН, 28 қазан – Sputnik. Елордада құрылысы тұралап тұрған мектептер қайта салына бастайды. Бұл туралы қала әкімі Алтай Көлгінов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады. 

"Елорда аудандарын әлеуметтік нысандармен біркелкі қамтамасыз ету үшін учаскелерді алдын ала резервке қоямыз: жобалау-сметалық құжаттаманы дайындаймыз, құрылыстың барысы мен сапасын бақылаймыз. Аралау кезінде бірқатар қажетті шара қабылданған проблемалық нысандардың құрылысымен таныстық", - деп жазды ол instagram парақшасында.

Солардың бірі  Ұлы Дала даңғылы мен №39 көшенің қиылысында орналасқан мектеп. Оқу орнының құрылысы үш жыл бұрын басталған. Бірақ құрылысшы өз міндеттерін орындаған жоқ.

"Онымен жасалған келісімшартты бұздық, бұл бізге мектеп құрылысын жандандыруға мүмкіндік берді. Осы мектепті келесі жылы пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Бұл мектеп екі ауысымда 2400 оқушы орнын құруға мүмкіндік береді", - дейді Көлгінов.

Осыған ұқсас мәселе Сарыарқа ауданында Оқжетпес-Бөкеев көшесінің қиылысында орналасқан тағы бір мектепте бар. Бұл мектептің құрылысы 5 жыл бұрын басталған. Құрылыс барысы қайта қолға алынды.

"Сондай-ақ, №59 мектеп-лицейінің жүктемесін ескере отырып, қосымша жаңа корпус саламыз, бұл осы мектептің жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді", - деді қала басшысы.

Осылайша алдағы оқу жылы басталар алдында оқу орындарын ашу үшін қазірден дайындық жүріп жатыр. 2022 жылы тағы да 11 мектеп салып, пайдалануға беру жоспарланған. Кешенді жоспар аясында бес жыл ішінде 70-ке жуық мектеп салу жоспарланып отыр. Мектеп құрылысына да жеке инвестиция тарту көзделген.

"Оқу орындарының құрылысымен қатар, қолданыстағы оқу орындарына назар аударамыз – 25-тен астам білім беру нысаны (мектептер, балабақшалар, колледждер) жөнделді, сонымен қатар оқу орындарының материалдық-техникалық жабдықталуына, әсіресе инклюзивті білім беру үшін жағдай жасауға ерекше назар аударамыз", - деп жазды әкім.

Оқи отырыңыз: 

Жаңалықтар
0