НҰР-СҰЛТАН, 18 қазан – Sputnik. Онлайн хабарландыру платформаларының бірінде мектеп түлегі "Алтын белгі" медалін 2 000 000 теңгеге сатқысы келетінін мәлімдеді. Бұл туралы өңірлік "Наша газета" басылымы хабарлайды.
Хабарландыру сайтта жарияланды, онда Қостанай қаласы белгіленген.
"2 миллионға сатамын, жаңа. Білесіз бе, бұл эксклюзив медаль, қазір мұндайлар көп емес! Егер сатып алсаңыз, 1,5 миллионға беремін", - деп жауап берді хабарландыру авторы телефон арқылы әңгімелесу кезінде.
Оның айтуынша, ол мектепті биыл бітірген. Медаль иесі өзін таныстырудан бас тартты. Естелік затты не себепті сатқалы жатқанын да түсіндірмеді.
Еске салсақ, 2020-2021 оқу жылының қорытындысы бойынша 9 738 түлек "Алтын белгі" иегері атанды. Өткен жылдардағы көрсеткішпен салыстырғанда бұл рекорд.
Биыл Қазақстанда жаңашылдық енгізілді: енді "Алтын белгіге" үміткерлердің емтихан жұмыстарын мектеп емес, білім басқармасы жанындағы комиссия қарайды. Оқу озаттарының тізімі осы комиссия шығарған шешімнен кейін бекітіледі.