АЛМАТЫ, 14 маусым – Sputnik. ҰБТ-да төрт талапкердің орнына елордалық екі жоғары оқу орнының студенттері кірмек болған. Олардың бұл әрекеті мектеп түлектерін ҰБТ-ға кіргізу кезінде Face-ID жүйесі арқылы әшкере болды.
Білім және ғылым министрлігінің хабарлауынша, студенттер мектеп оқушысының орнына кіру үшін жалған құжаттар жасаған.
Тұлғаны цифрлық сәйкестендіру Face-ID жүйесі аталған заң бұзушылықтарды анықтауға мүмкіндік берді. Бұл жүйе биыл ҰБТ тапсыратын барлық орталықта енгізілді.
"Бағдарлама тіпті егіздерді де анықтай алады. Ұлттық тестілеу орталығының қызметкерлері ҰБТ тапсыру кезінде заң бұзушылықтарды қалай анықтау керек екенін жақсы біледі. Тестілеуге өз орнына бөгде адамды кіргізбек болғандардың арасында "Алтын белгі" иегері де бар", - деп хабарлады Ұлттық тестілеу орталығы директорының міндетін атқарушы Наужан Дидарбекова.
Түлектер мен олардың орнына тест тапсырмақ болғандар туралы ақпарат құқық қорғау органдарына жіберілді. Оларға қатысты Қазақстан Қылмыстық кодексінің 385-бабы 2-бөлігі (жалған құжаттарды, мөртаңба, мөрлерді, бланкілерді қолдан жасау, дайындау немесе өткізу) бойынша қылмыстық іс қозғалды.
"Жоғары көрсеткішке жетуге тырыстым": павлодарлық түлек ҰБТ-да 140 балл жинады
Айта кетейік, биыл ҰБТ тапсыратын орындарда үш сатылы жүйе енгізілген. Олар: тестіленуші жеке куәлігін көрсетеді, кейін Face-ID жүйесінен өтеді. Әрбір тестілеушінің алдында камера орнатылған. Бұл шараның барлығы Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыру рәсімінің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Сондай-ақ ұлттық тестілеу орталығы талапкерлерді академиялық адалдық қағидаларын сақтауға шақырады.