Фильм "Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы" КЕАҚ қолдауымен Қазақстан Республикасы мəдениет жəне спорт министрлігінің тапсырысы бойынша жарық көрмек.
Фильм авторларының айтуынша, деректі фильмнің түсіру процесі аяқталуға таяды. Соған байланысты режиссер Рашид Нұғманов пен қоғам қайраткері, мәдениеттанушы Мұрат Әуезов фильм жайлы ақпарат беріп, туындының қалай түсірілгенін айтты.
"Бату. Тарихи детектив" деректі фильмінде Қазақстаннан 9 адам, Ресейден 9 адам спикер болды. Моңғолия мен Украина, Америка, Канада, Франциядан да пікір білдірген кейіпкерлер бар. Олар – зерттеушілер, ғалымдар, тарихшылар, тізімге қарап-ақ олардың мықты маман екенін, тұшымды пікір айтқанын аңғаруға болады. Олар өз өмірінің көп бөлігін Бату хан өмір сүрген кезеңге арнап, көптеген ғылыми еңбектер, монографиялар жазған", - дейді Рашид Нұғманов.
Оның сөзінше, деректі фильм кезінде 25 маманнан сұхбат алынған.
"Мәдениет министрлігі фильмнің ұзақтығы 90 минут болуы керек деп тапсырыс берді. 25 маманның әрқайсынан кемінде бір сағаттан сұхбат алдық. Оның бәрін бір жарым сағатқа сыйдыру мүмкін емес екенін білсек те, түсіріп жатырмыз. Себебі осындай құнды материал негізінде келесі деректі фильмнің сценарийін жаза аламыз. Қазірге дейін 25 көрнекті тарихшыны бір жерге жинай алған басқа фильм көрген емеспін. Бұл – құнды материал. Әрі қарай деректі сериал түсіру жоспары да бар", - дейді Рашид Нұғманов.
Егер деректі сериал түсірілсе, аталған 25 маманның әрқайсысына бір бөлімнен арналады.
Фильмнің қалай түсіріліп жатқанын Sputnik Қазақстан фотолентасынан көріңіз.
Оқи отырыңыз:
- Алтын Орданың 750 жылдығы: Жошы ұлысының тарихы
- Жәңгір хан туралы тарихи сериалдың түсірілімі басталды