НҰР-СҰЛТАН, 27 маусым – Sputnik. Алматыда Жәңгір хан туралы "Сарай сыры" тарихи телехикаясының түсірілімі басталды, деп хабарлады "Қазақстан" телерадиокорпорациясының баспасөз қызметі.
12 бөлімді телехикая Бөкей ордасында 1823-1845 жылдары билік құрған Жәңгір ханның тұлғасы, хандықтың ішкі өмірі мен сол кезеңнің кейбір тарихи сәттері туралы болмақ.
Түсірілім алаңында шығармашылық топпен кездескен ақпарат және қоғамық даму министрі Аида Балаева киноөнердің, оның ішінде тарихи туындылардың ең басты мақсаты – сананы жаңғырту екенін атап өтті.
"Тәуелсіздіктің 30 жылдығы белесінде, егемен елдің көзқарасымен өткен тарихымызды қайта түгендеп, әсіресе өскелең ұрпаққа ұлт тұлғаларын терең таныстырып отырудың маңызы зор. Кілең талантты өнер майталмандарының қатысуымен түсірілетін телехикая биік талғамды көрермен қауымның көңілінен шығып, қоғам тарапынан зор ықыласқа ие болады деп сенемін", -деді Балаева.
Телехикаяда Жәңгір хан рөлін Медғат Өмірәлиев, Фатима рөлін Әмина Мектепбаева, Исатай батыр рөлін Нұрлан Сағынаев, Махамбет Өтемісұлының бейнесін Дархан Сүлейменов сомдайды. Жобаның көркемдік жетекшісі – Арман Сқабылұлы, қоюшы-режиссері - Бақыттас Санитас, продюсері – Шыңғыс Арманұлы.
"Сарай сыры" - корпорация биыл түсіретін тарихи сериалдардың ішіндегі ең көп бөлімдісі. Басты кейіпкерлерді таңдауда үлкен талқылаулар өткізілді. Актерлердің бәрі көрерменге ірі тарихи образдар арқылы жақсы таныс болғандықтан осындай таңдау жасадық. Бұл отандық теленарықта Жәңгір хан тұлғасына арналып отырған алғашқы телехикая болғандықтан, артылып отырған жауапкершілік зор", - деді басқарма төрайымы Ләззат Танысбай.
Бұдан бөлек, биыл көпшілік назарына Ахмет Байтұрсынұлы, Домалақ ана, Қаныш Сәтбаев, Жұмабек Тәшенев және Мұқағали Мақатаев туралы тарихи телехикаялар ұсынылмақ.