Оқиға

"Бір сағат ойнап келеміз": үш бала көз жұмған Атырау облысындағы өрттің мән-жайы

© AFP 2024 / Eurokinissiөрт
өрт - Sputnik Қазақстан, 1920, 07.10.2021
Жазылу
Қайғылы оқиғадан ауыл халқы ес жия алар емес. Балаларды іздеген тұрғындар жыра мен тоғай арасын түгел тінтіген

НҰР-СҰЛТАН, 7 қазан – Sputnik. Атырау өңірінде үш бала өрттің құрбанына айналды.

Атырау облысы Ортақшыл ауылы тұрғынының айтуынша, күшікті қуалап ойнап жүрген үш бала шөптің ортасына кірген. Ал қараңғы болғандықтан сіріңке жаққан көрінеді,  деп хабарлайды "Астана" арнасы.

Балалар түн ортасында өртенген шөп арасынан әзер табылды. 

Қайғылы оқиғадан ауыл халқы ес жия алар емес. Тұрғындар балаларды іздеп қуыс-қуысты, жыра мен тоғай арасын түгел тінтіген. Бірақ 7 және 9 жастағы балаларды таппады.

Балалардың денесі өртенген шөптің арасынан шыққанда жұрт есеңгіреп қалды.

"Күшік мая арасына кіріп кеткен. Балалар оның артынан жорғалап шөпке кірген болар. Екінші, үшінші сынып оқитын балалар. Оларда ес жоқ қой, қараңғы болған соң сіріңке жаққан. Сіріңке жаққанда ол лап ете түскен де, балалар шыға алмай қалған. Денелері табылды, бірақ 22 орам шөп жанған соң танымайсың, қап қара болып күйіп кеткен", - дейді Атырау облысының тұрғыны Әділбек Ізғалиев.

Ал балалардың бірінің нағашы әжесі олардың қолында сіріңке болғанын айтады.

Сондай-ақ туыстары балалардың денесі табылса да, уақытылы хабар бермей, сабылтып қойған полицейлерге өкпелі.

"Жиналмаған шөп қой, балалар сол жерге барған. Үй иесі өрт біреу темекі лақтырып кеткеннен шықты деп отыр. Көрдіңіз бе? Енді өрттің неден болғанын білмей отырмыз.  Сағат 5-ке дейін жиенім үйде болды. Қасындағы екі бала келіп, ойнауға шақырды. Жібермеймін дедім. Сол күні ентелеп тұрып алып кетті. Тек бір сағат ойнаймыз да қайтып келеміз деп қоймады", - дейді балалардың бірінің нағашы әжесі Алтын Әбенова.

Атырау облысында болған қайғылы оқиғаға байланысты мамандар тергеу жұмыстарын бастаған. "Өрт қауiпсiздiгi талаптарын бұзу" бабымен іс қозғалды.

"Қас қарайғандықтан уақытында хабарлау қиындық тудырды. Себебі ол жерге арнайы мамандар, сондай-ақ тергеу тобының қызметкерлері жұмылдырылды. Сот медицина сараптамасы тағайындалды. Қылмыстық кодекстің 292-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Өрттің себебі сараптама нәтижелерінен соң ғана белгілі болады",- дейді Атырау облысы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет. 

Естеріңізге сала кетейік, 5 қазанда Атырау облысы Махамбет ауданында жиналған шөп өртеніп 3 бала қайтыс болды. 

Оқи отырыңыз: 

 

Жаңалықтар
0