АЛМАТЫ, 6 қазан – Sputnik. Алматыда алғашқы қар жауды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Алматы қаласы тұрғын үй саясаты басқармасының хабарлауынша, 6 қазанда сағат 2.10-нан бастап қар аралас жаңбыр жауа бастады. Қалада 7 қазанға дейін қар жауады деп болжанды.
Таңертең сағат алтыдағы жағдай бойынша, таулы және тау бөктеріндегі аудандарда 3 сантиметр қар жауды, ал қала ішінде топырақтың жылы болуына байланысты қар еріп жатыр.
Көктайғақтың алдын алу мақсатында таулы және тау бөктеріндегі жерлерде орналасқан жолдарға көктайғаққа қарсы материалдар себіледі, сондай-ақ биік тау жолдарынан қар сыпырылады.
285 бірлік арнайы техниканың, оның ішінде 97 құмшашқыш және 164 жол жұмысшысының түнгі кезекшілігі ұйымдастырылды.
Аудандық әкімдіктерде қар тазалау жұмыстарының барысын бақылау бойынша кезекшілік ұйымдастырылды.